• Қаржы
  • 08 Қараша, 2017

Басымдық – айқын, бағыт – бекем

Еліміздің негізгі көмірсутекті өңірі, шикізат қорлары мен өңдеу қуаттылығы берік шоғырланған жер – Атырау облысы өзін шешуші өнеркәсіп орталығы ретінде әлдеқашан паш еткен. Мұнай мен газ өндірудегі тамыры терең тәжірибе, бірегей өнеркәсіптік әлеует, перспективалы инвестициялық нарық – өңірдің басты басымдықтары екендігі сөзсіз. Дамудың осындай қалыптасқан үрдістері бүгінде білікті басшы Нұрлан Ноғаевтың кәсіби іскерлігімен, салмақты шешімдерімен мазмұнды жалғасын табуда.

Индустриалдық даму қарқыны, негізгі капиталға инвестициялар, өндіріс өнімділігі жағынан Атырау облысы еліміздің өзге өңірлерінен ерекшеленіп тұратынын растау қажет. Республикамыздың ішкі жалпы өніміндегі облыстың үлесі 12,5 пайызды құрайды. Биылдың тоғыз айында жалпы өңірлік өнім 2 700 млрд теңгені құраған. Өңірдің өнеркәсіп өнімінің көлемі 4, 041,6 млрд теңге, инвестиция көлемі 1 792,5 млрд теңге болды. Өткен жылы өңірдегі инвестициялар көлемі 2 трлн теңгені, яғни республикалық көрсеткіштің 26,4 пайызын құраған-ды. Ағымдағы жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірде жалпы сомасы 5 млрд теңге болатын 5 өндірістік жоба жүзеге асады, оның 4 жобасы іске қосылып, 299 жұмыс орны құрылған. Облыста өнімділік компаниялар жұмыскерлерінің игілігіне бағытталып, ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер саны барған сайын артып келеді. Мысалы, өңірге Нұрлан Ноғаев басшы болып келгеннен бері жұмыскерлер саны 13 мың адамға ұлғайған. 2016 жылы облыста орташа еңбекақы 266 мың теңгені құрады, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 72 пайызға артық. Шағын және орта бизнес саласында 43 142 субъект тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 106 пайызға артып отыр. 2017 жылдың қаңтар-маусым айларында шағын және орта бизнес саласында өндіріс көлемі 53,3 %-ға өсіп, 655,2 млрд теңгені құраған. Нәтижесінде 121,4 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Ауыл шаруашылығы саласына келсек, қазіргі таңда Үкіметпен бірлесіп қабылданған шаралардың нәтижесінде саладағы өңдеу өнеркәсібі нақты жолға қойылған. Ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шараларды – субсидияларды, несиелерді толық пайдаланып, егіс алқабының тиімділігін арттырудың арқасында облыс өзін көкөніс түрлерімен, картоппен толық қамтып отыр. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 61,6 млрд теңгені құрады. Елбасы бақылауындағы Нұрлы жол, Нұрлы жер, Жұмыспен қамту сынды мемлекеттік бағдарламалар бүгінде өз нәтижесін беруде. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың негізгі бағыттарының бірі – жеке тұрғын үй құрылысын дамыту екендігі белгілі. Бұл ретте 2017 жылы облыста инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға 11,2 млрд теңге, оның ішінде жергілікті бюджеттен – 1,9 млрд теңге бөлінген. Ағымдағы жылы облыста 497,9 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілсе, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 136,8%-ға артық. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жалпы ауданы 135,6 мың шаршы метр 675 пәтерлік 13 үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жалпы ауданы 92,3 мың шаршы метр болатын 1332 пәтерлі 24 несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл облыста 296,6 км жол салынса, жалпы ауданы 21 800 шаршы метр автокөлік жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 220 км болатын 207 көшенің жол-құрылыс жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама жасау үшін жергілікті бюджеттен 450 млн теңге бөлінген. Халықты сапалы жолдармен қамтамасыз ету бағытындағы бұл жұмыстар 2018 жылы басталмақ. Көшелерді асфальттау жұмыстары елді мекеннің даму жоспарына сәйкес жүйелі түрде жүруде. Биыл елімізді әлемге әйгілеген ЭКСПО көрмесі аясында Атырауда бес инновациялық жоба іске қосылады. Мәселен, Исатай ауданында қуаты 52 МВт жел электростансасы салынып жатыр. «ВетроЭнергоТехнологии» компаниясы іске қосқалы отырған жобаның жалпы құны 12,382 млрд. теңге. 2020 жылға дейін кезең кезеңімен қолданысқа енгізілетін жоба аясында 20 жаңа жұмыс орны ашылады. «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аумағында кәсіпорындарға арналған газ тұрба электр стансасы салынуда. Жалпы қуаты 310 МВт болатын станса 2019 жылы қолданысқа беріледі. Жобаны «Karabatan Utility Solutions» компаниясы жүзеге асыруда. Жалпы құны 111 млрд теңге болатын нысан іске қосылған жағдайда 120 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Басты жаңалықтың бірі сол, Атырау «ақылды қалаға» айналады. Бүгінде облыс орталығының 106 шақырым көшесін энергия үнемдегіш шамдармен жабдықтау жұмысы жүргізілуде. «Philips» компаниясының технологиялары негізінде жүзеге асырылатын эконом жобаға 2,336 млрд теңге жұмсалады. ЭКСПО аясындағы төртінші жоба қатарында, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтайтын алаңның құрылысын жаңарту аталып отыр. 3,5 млрд теңгеге бағаланған жобаны жүзеге асыру мерзімі 2018-2020 жылдарға жоспарланған. Бесінші жобаның ерекшелігі – эконом формуласына құрылуында. Яғни, қуат үнемдеуші технологиялар негізінде Атырау қаласында сегіз мектеп және жиырма балабақшаның құрылысы жоспарлануда. Жүзеге асу мерзімі 2018-2020 жылдарға жоспарланған жобалардың жалпы құны 16 млрд теңге. Қазіргі уақытта жер телімі бөлініп, жобаның сметалық құжаттамасы жасалуда. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттер бойынша аймақта 1,6 млрд теңгеге 106 жоба жүзеге асырылады. Оның 1,088 млрд теңгесі – кәсіпкерлердің демеушілік қаражаты негізінде жүзеге асады. Тағы бір атап өтерлігі, өңірде Елбасының бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадам Ұлт жоспарын басшылыққа ала отырып, ашық әкімдікті қалыптастыруға қадам жасалды. Биыл ашылған чат-арна тұрғындардың мемлекеттік органдарға жолдаған ұсыныстары мен сұраныстарына жедел жауап қайтаруға бағытталған. Чат-арна жұмысын бастағалы 1 мыңға жуық сауал келіп түскен. Қазір топта 900 адам бар болса, бір сауалды өңдеп, шешу үшін 1-2 жұмыс күні кетеді. Бұл шара халықтың билік органдарына деген сенімін арттыру, жергілікті атқарушы билік пен тұрғындар арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсарту мақсатында қолға алынып отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1672 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы