• Ақпарат
  • 07 Желтоқсан, 2017

Сыртқы экономикалық ортаның жағымды әсері

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz Ел экономикасының өзгермелі ахуалын сипат­тайтын бірегей көрсеткіш – ішкі жалпы өні­м­нің өткен жылғы өсімі Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің жедел деректері бойынша 1,0 пайызды құраған. Ішкі жалпы өнім өсуіне құрылыс, ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп қосқан үлес қомақты. Жыл қорытындысы бойынша инфляция 8,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. Валюта нарығындағы ахуалға әлемдік тауар нарықтарындағы бағаның құбылуы, сондай-ақ саудадағы негізгі әріптес елдер ұлттық валютасының құбылуы ықпал етті. Ұлттық банктің жылдық есебіне сәйкес, өт­кен жыл бойы халықаралық тауар мен қаржы нарықтарында тұрақсыздық жиі байқалды. Жал­пы орташа жылдық құлдырауға қарамастан, шикізат тауарларының бағасы қалпына келді, бұл ретте азық-түлік бағасы сәл төмендеді. 2015 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда өткен жылғы желтоқсанда Brent маркалы мұнай бағасы 55 пайызға көтерілді, мыс бағасы 17 пайызға, болат бағасы 38 пайызға, алюминий бағасы 14, ал бидай бағасы 13 пайызға төмендеді. Мұнай мен металл бағасының қалпына келуі және Ресей мен Қытай тарапынан болған қалыпты сұраныс Қазақстанның макроэкономикалық дамуына оң үлесін қосты. Жалпы алғанда тауар нарықтарындағы ахуал­дың оңтайлы дамуы шикізат тауарларын экс­порттаушы елдердің, атап айтқанда Ресейдің сауда-саттығына жағымды әсер етті. Ресей мен Батыс елдері арасындағы өзара экономикалық және саяси санкциялардың сақ­талуына қарамастан, мұнай бағасының орнына келуі, сондай-ақ Ресейдегі активтер кірістілігінің жоғары болуы рубльдің нығаюына себепкер болды. Мәселен, 2015 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда өткен жылғы желтоқсан қорытындысы Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты номиналды айырбастау бағамы 17 пайызға нығайды. Рубльдің оң серпіні, сондай-ақ Ресей Орталық Банкінің қатаң ақша-кредит саясаты аясындағы тұтынушылық және инвестициялық әлсіз сұраныс жылдық инфляцияның 2015 жылғы 12,9 пайыздан өткен 2016 жылдың қорытындысы бойынша 5,4 пайызға дейін төмендеуіне негіз қалады. Сыртқы экономикалық орта жақсарған жағдайда Ре­сей­дің өткен жылғы ішкі жалпы өнімі 2015 жылғы 2,8 пайызға қысқарумен салыстырғанда нақты көрсеткіш бойынша 0,2 пайызға кеміді. Қытай Халық Республикасының экономикалық өсуінің бәсеңдеуі тоқтады және ол 2016 жылғы екінші тоқсаннан бастап мемлекеттік ынталандыру шараларының, жылжымайтын мүлік нарығындағы қозғалыстың, сондай-ақ шикі­зат тауарлары бағасы көтерілуінің ықпалы арқасында тұрақты қарқын алып дамыды. Сонымен қатар өткен жылы нақты ішкі жалпы өнімнің жылдық өсуі Bloomberg деректері бойынша соңғы 26 жылда ең төмен деңгейге құлдырап, 6,7 пайызды құрады. Экономикадағы құрылымдық теңгерімсіздік­тің сақталуымен қатар өсімнің осыншалық төмендеп кетуі капиталдың әкетілуін күшейтті, бұл девальвациялық күтулер өсуіне және ұлттық валютаның біртіндеп құнсыздануына себепкер болды. Юаньнің АҚШ долларына қатысты номиналды айырбастау бағамы 7 пайызға жуық әлсіреді. Бұл ретте Еуропалық одақтағы өсу қарқынының төмендеуі Қазақстан экономикасына да аздаған тежеуші ықпал етті. Мәселен, өткен жылы Еуроодақ экономикасының өсу қарқыны 1,9 пайызды құрады, ал 2015 жылы ол 2,2 пайыз болған еді. Бұл бәсеңдеу өткен жылғы маусымдағы референдум қорытындысы бойынша Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығу туралы шешіміне байланысты туындаған саяси белгісіздік аясында қалыпты тұтынушылық және инвестициялық сұранысқа, сондай-ақ Ресейге қатысты өзара санкцияларға орай орын алды. Осы ретте Еуропа Орталық банкінің төмен пайыздық мөлшерлемелерінің сақталуы және АҚШ Федералдық резервтік жүйесі негізгі мөлшерлемесінің көтерілуі жағдайында еуроның АҚШ долларына қатысты номиналдық айырбас бағамы 3 пайызға әлсіреді. Өткен жылғы 11 айда АҚШ Федералдық резервтік жүйесі негізгі мөлшерлемені 0,25-0,50 пайыз аралығында ұстап тұрса, желтоқсанда оны 0,50-0,75 пайызға дейін көтерді, сондай-ақ мөлшерлеменің биылғы жылы жедел көтерілетіні туралы белгі берді. Бұл шешімге АҚШ экономикасының толық жұмыспен қамтылуға жақындауы, инфляцияның қарқын алуы, сондай-ақ АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың қолдаушы әрі ынталандырушы фискалдық саясаты түрткі болды. Сонымен қатар осы жағдай біздің елімізге де жанама әсер етті, бұл негізінен алғанда валюта саласындағы ахуалға, атап айтқанда АҚШ долларының әлемдік негізгі валюталарға қатысты нығаюына орай орын алды. Сөйтіп, сыртқы экономикалық орта өткен жылы Қазақстан экономикасының дамуына біршама жағымды ықпал етті.

1900 рет

көрсетілді

17

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы