• Бизнес & Қоғам
  • 22 Қыркүйек, 2011

«Қараңғы үйдің жарығы» немесе тегін жоғалтпаған текті

Ел ағасы – Кәрімжан Бекболатұлының 75-жылдығына орай жазылған мақалама жоғарыдай тақырып қоюдың өзіндік сырын ашудан бастауды жөн көріп отырмын. Кімге де болсын табиғи дарын, айнымас азаматтық қадір қасиет ананың сүті, атаның қаны арқылы берілетіні баланың әділ сыншысы ата-анасы екені өмір ақиқаты. Кәкеңнің анасы – Шәрипа әжеміз (мен ес білгеннен Тұрлығұл әулеті осылай атайтын) елге сыйлы, мейірімді, көпшілдігімен қатар ер мінезді, шешімді, ойлаған ісін дер кезінде орындайтын кісі еді. Осы дуалы ауыз Шәрипа әжеміздің ұлына берген бағасы мен қойған аты «Қараңғы үйдің жарығы». Кәкеңнің осы атын сонау 1945-1954 жылдары қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Шилі ауылының Қараоттағы мектебінде оқыған ұл-қыздардың бәрі біледі. Шәрипа әжеміз сол біз бірге оқыған алты жыл бойы әр жылдың қыркүйек – қараша және сәуір – маусым айларында жеті сайын сенбіде, жаяу, түске таман жатақханаға дауыс жетер жерге жеткеннен «қараңғы үйдің жарығы қайдасың?», - деп айғайлап, бөлмемізге келіп, кез-келген адам көтере алмайтын арқалаған қоржынын ашып үйдің тамағына бір тойдырып кететін. Мұндай іс басқа аналардың қолынан келген жоқ. Кейін, біз 7-сыныптан бастап аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде оқыған төрт жылдың ішінде де, Торғайға баласын сағынып, іздеп келіп, Кәкеңмен сыныптас балалардың басын қосып, естелікке суретке түсіріп, достықтарың үзілмесін деп ақыл айту да тек Шәрипа әжеміздің қолынан келді. Сөзімнің дәлелі ретінде сол суретті осы жинақта беріп отырмын.

Шәрипа әжеміз еріне сенетін, өз мүддесін ерінің мүддесіне жететін, қара бастың құлы емес, ұрпағы үшін жүрегін қақ айырар қазақ әйелдерінің болмысын көрсеткен ана.

...1951 жыл. 6-сыныпты бетергеннен кейін Кәкең екеуіміз бірінші рет бұрынғыдай бір ауылға емес, екі ауылға бөлініп аттандық. Себебі, елде қой сауып, қойдың сүтінен жоспарлы түрде өнім (брынза, ірімшік) өндіру тоқтатылғаннан кейін, біздің үйді жазда сиыр фермасына ауыстырып, шешеміз сауыншы болып істейтін болыпты. Ал, Бекболат атамыздың тұрақты мамандығы бойдақ қой бағу. Қой фермасы мен сиыр фермасының қыстағы мен күзегі, әсіресе жайлауы, бір-бірінен алыс, бөлек болатын.

Бекболат атам қойшы, біздің анамыз қой дәйеркесі болғандықтан 1946 жылдан бастап Кәкеңмен қысы-жазы оқуда, жазғы демалыста да бірге өстік. Қой дәйеркесіне баласы көп отбасыларынан таңдайды екен (оны кейін білдік). Әйтеуір қойлы ауылдың баласы көп болатын. Қой қосақтауға дейін балалардың бітіретін шаруасы асық ойнау. Қотанға қой жақындағанда үлкен-кішісін қолынан ұстап жетектеп, басынан сипап, бауырына тартып, қолтығына қысқан сияқты мейірімділікті білдіріп, тобырлай үйлеріне тарқайтын күнделікті көрініс болатын. Мен осы көріністі жазып отырғанда, алқа қотан тігілген үйлерден бөлек тұрған жалғыз үйге қарай, басын сәл төмен иіп, бір ойға түскен адамдай кетіп бара жатқан бізден бойшаң жауырынды бала бейнесі елестейді. Ия, ия ... бұл Кәрімжан. Себебі Бекболат атам қошқар бағады. Сондықтан үйін қой қотаны саулық отардан біршама алшақта орналасқан жерге тігеді. Кәкеңмен жас арамыз бір жыл 3 ай ғана болғанымен бірге оқитындардың арасында өзін ойлы, салмақты ұстайтын.

Кәкеңнің әкесі Бекболат ата елдің есінде дүниеқоныздығы жоқ, қажет болғанда қолдағы барымен бөлісуге дайын, қайырымды, бауырмал, қайратты, өтірік-өсек сөзі жоқ, істеген ісі тиянақты адам болып сақталған.

Мен Бекболат атамды біз елге әкеміз қайтыс болғаннан кейін көшіп келген 1946 жылдан білем. Соңғы рет 1955 жылы көрдім, жоғарыда айтылған адами қасиеттерінің куәсі болдым.

Бекболат ата еліміздің ежелгі кәсібі мал өсірудің сырын жетік білетін. Атап айтқанда мал тұқымын асылдандырудың негізі – аталық малды сұрыптауды, қой шаруашылығында жыл сайын міндетті түрде жүргізілуге тиісті малдәрігерлік шара – еркек қозыны піштірудің бір түрі «тарту» әдісін жерік меңгергенінің куәсі болдым. Ол кісі жыл сайын колхоздың еркек қозыларын сұрыптап, қошқар қоюға лайықтарын таңдап бөлгеннен кейін, қалғандарын тарту әдісімен піштіретін. Еркек қозыға тарту жасаған кездегі салалы, қарулы сұқ саусақтың шапшаң, шымыр дененің ширақ қимылы әлі күнге дейін көзге елестейді. Бекболат ата тарту жасаған екі отар қойдың қозыларынан бір қозыдан артық тарту кесірінен шығын болмайтын. Бұл бір шығынның өзін Бекболат ата (қазір айтуға болар) өзі жасайтын. Бұлай деп айтатын себебім, әлі есімде, қозы тарту қызу жүріп жатқан кезде Бекеңе әзіл айтуға құқығы барлар болуы керек. Бірі – «Уа, Құда», бірі – «Жезде-ау» деп бастап «Тісімізге ет тимегелі қашан, қолыңыздан келетін дүние ғой, біздерді ойламайсыз ба?» деген әзіл айтыла бастайтын. Бір кезде денесі үлкен салпаң құйрықты қозыны тартқан бойда: «Қап, саусағымның тайып кеткенін қарашы, Жекеңе (қойшы, кейін Социалистік Еңбек Ері болған Жексембай ата болатын) айтыңдар, мына қозыны байқасын» деп нұсқайтын. Тыпырлап барып жатқаннан тұра алмай қалған қозы ақыры пышаққа ілінетін. Шындығында, бұл жұмысты мал анатомиясын және тарту әдісін жетік меңгермеген кісі жүргізсе қозы шығыны көп болады екен. Еркек қозыны жасаң кезінде шығынсыз піштіру әдісін іздеумен көптеген ғалымдар айналысады екен. Мұны біз зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында оқыған кезде білдік.

Бекболат атамыз халқымыздың «Мал бақсаң - өрісін тап» деген ұстанымын жетіп меңгерген кісі. Соның нәтижесі болар, ол кезде қой малына жем беру деген атымен болмайтын, соған қарамастан Бекең баққан қошқарлар ішінде құйрығын көтере алмай шайлап қалғандарын біз өз көзімізбен көрдік. Екіншіден, Бекеңнің осы төрт түлік малдың өрісін жетік білуі жұрттың оны тумысынан қайырымды жан екенін кең тануға себеп болды десек те болады. Өйткені, менің білетінім ауылда кімнің сиыры немесе биесі боталап келмесе, сол жесір әйел ауылдағы аты бар үш қойшының ішінде тек Бекболат атаға баратын. Ол кісі ешқандай сылтау айтпай қошқар бағуды баласына (Кәкеңе) тапсырып, түске таман жоғалған малды иесіне тауып беретін. Бұл қайтпас қайрымдылық жасаудың үлгісі емес пе! Біз мұны білетініміз сол күні Кәкең асық ойнауға келмей, екінші күні келген бетте: «Ой, сен кеше қайда бардың?» (Кәкеңнің бала кезінен балық аулауға құмарлығы болатын) дегенімізде, «осы әйелдер бәле болды, сиыры жоғалса болды, әкеме келеді, тағы да қой бақтым», - деп реніш білдіретін.

Міне, сол тумысынан қайырымды, соңынан мақтаудан басқа бос сөз ермеген Бекболат атамен соңғы рет 1955 жылы шілдеде кездесіп, естен кетпес қамқорлығын көрдім.

Бұл Кәкең екеуіміздің орта мектепті бітіріп келген кезіміз. Үйлеріміз көршілес «Жалғыз тау» бөктеріндегі, ауылдарда орналасқан екен. Әрине, екі үйде де үлкен қуаныш, ауылдастар келіп, құттықтауда. Біздің үй үшін бұл кез ауыр болды. Осыдан екі ай бұрын ғана әжеміз қайтыс болған. Ұсақ мал да, қыстан қалған ет те жоқ болатын. Қай күн екені есімде жоқ, әйтеуір біз келгеннен кейінгі алғашқы күндердің бірінде Бекболат атам үйге келіп шешемді құттықтап, тілегін айтқаннан кейін: «Келін, ештенеге әуре болма, нан ауыз тисем болады, мен қазір келем», - деп сыртқа шықты да, тез қайтып келіп, «баламның оқу бітіріп келгеніне шашу ретінде», - деп, қолындағы қапшығын беріп, «Түске біздің үйге келіңдер», - деп шығып кетті. Шешем қапшықтан қойдың етін шығарып жатып: «Қандай қайырымды адам, осылай ағайынды алаламай жоғын сырттай бақылап жүріп, көмегін сұратпай, қашанда сұраусыз жасайды», - деген апамның сөзі әлі есімде. Сол күні түсте Кәкең үйінде қонақта болдық. Қонақтар тарағаннан кейін Бекболат атам Кәкең екеуімізді шақырып алып, жалғыз таудың басына ертіп апарды. Иегін сәл көтеріп, көзін төңірекке барлай салып: «Мен түс көрдім. Түсімде бір үлкен той. Екеуіңнің де астында ақбоз ат. Жарыс басталып та кетті. Жарыста екеуің қатар, көшбойы алда озып келдіңдер. Құдай қаласа, екеуіңде оқуға түсесіңдер. Сендерге айтарым: бір-біріңді тыңдап жүріндер Әнуар! Мына біздің Кәрімжан аңғал, сенгіш, сен бұған көзіңнің қырын салып жүр, Кәрімжан сен Әнуардың ақыл-кеңесін тыңда», - деген мағынадағы әңгімесі де еске түсіп отыр. Кейде, ағайындар бас қосқан жердегі әзілдер арасында «Кәкең менің ұсынысыма қарсы шықпайды, себебін өзі біледі», - дегенімде, Кәкеңннің: «Жарайды, Әнуардікі дұрыс-ақ болсын. Әкем мені оған тапсырған», - деп күлетіні осы әңгімеге байланысты.

Құрметті оқушы! Мен жоғарыда «азаматтың ақы-адал төккен маңдай терінің нәтижесі – өзі өмір сүрген ортасынан алған атақ-абыройы»,- деген халық тұжырымы тұрғысынан Бекболат атамен Шәрипа әжемізге елдің берген бағасы туралы естіп-білгенімді айттым. Енді халықтың екінші ұстанымы – «азаматтың» адамгершілігінің нәтижесі – қоғамға лайықты ұрпақ тәрбиелеп қалдыруы туралы сөз қозғамақпын.

Ғалым-ұстаздардың пікірінше бала тәрбиесінің негізі 5 жасқа дейін отбасында қалыптасады. Бұдан кейін қаланған негізді жөндеп, жетілдірумен айналысамыз. Қай уақытта болсын, бала тәрбиелеу нәтижесіне сөзден гөрі күнде көзге көрінетін ата-ананың іс-әрекеттері әсерінің күші басым. Бұл қағидаларды көп оқығаны болғанмен өмірден тоқығандары көп Бекболат әке мен Шәрипа ана басшылыққа ала білумен қатар, балаларының білім алуына да саналы түрде мән бергеніне бірер дәлел келтірсем артық болмас.

Кәкең онжылдықты бітіргенде Бекболат ақсақал 75, Шәрипа Әжеміз 70 жастан асқан болатын. Олардың Кәкеңе «біз қартайдық, іні-қарындастарың жас, осы оқуың жетер, үйленетін жасқа жеттің», - деп қолқа салуға олардың толық құқықтары бар еді.

Оның орнына олар, қатарынан қалмасын деп, тойын жасап, оқуға аттандырды. Баласының оқып жүргенін үлкен қуаныш, мақтан тұтынды. Осы ретте, Шоқанбай ақсақалдың мына әңгімесі есіме түсіп отыр. Ауыл ақсақалдары бас қосқан бір отырыста бір көлеңсіздеу әңгіме басталып созыла берген тұста, Бекең (Бекболат ата) сәл даусын көтеріп: «Жарайды, жетер бұл әңгіме. Сендер мен туралы Алматыда не болып жатқаның білесіңдер ме?», - деп тосын сұрақ қойды. Біз жамыра: «жоқ, не боды?», - деп Бекеңе қарадық. Бекең : «Онда біліп жүріңдер, Алматыда Кәрімжаным менің атымды күнде ататады», - деп, жымиды. Біз содан кейін Бекеңне «Кәрімжаннан хатты қашан алдыңыз? Оқуы жақсы ма екен? деген сұрақтар қойып, әңгімеміз сендерге, бала оқытудың қажеттігіне ауысып тарастық... Қалай тауып айтылған сөз. Шындығында, инстиутта оқыған кезде бір күннің өзінде бірнеше рет–әр сабақтың басында студенттердің сабаққа қатынасуын тексеру барысында Бекболатов Кәрімжанның аталатыны рас қой.

Міне, сол жоғарыда әңгіме болған 1955 жылдан кейінгі 65 жылдың ішінде Кәкең әкесінің атын басында білімді жас маман, кейін іскер ұйымдастырушы, әділ де адал кеңшар (совхоз) басшысын немесе зиялы ел ағасын айту қажет болғанда, қарапайым халықтың да, Торғай өңірінің басшыларының да аузына алғашқылардың қатарында ілініп, жиі аталатын атқа айналдырды.

Бұл Кәкеңнің табиғи таланты мен ата-анасының берген тәрбиесімен қатар, көпшілігімізде бола бермейтін алдын да ұзақ мерзімдік мақсат қойып, сол мақсатына жету үшін күнделікті тұрмыс-күйдің қиыншылықтарынан қорықпай табандылықпен қажетті шаруаларды рет-ретімен іске асыра білу және оны адал, арына кір келтірмейтін жолмен жүргізу қасиет-қабілетінің нәтижесі.

1955 жылы Алматы қаласы оқу орындарында Торғай орта мектебін бітірген бір топ жас (ұзын саны 15) оқыдық. Бір-бірімізді жақсы білеміз, бәрімізде тек стипендияның арқасында күн көреміз, елден ешкім ақшалай көмек алмайды. Ата-аналарының бергісі келмейді емес, ақшалары жоқ. Бәріміздің мақсатымыз тек жақсы оқып, білімді маман болу. ҚазПИ-ден (қазақ мектептеріне мұғалімдер дайындайды) басқа институттарда сабақ орысша жүреді. Сабақтан басқаны ойлауға, оның ішінде стипендия тамаққа әзер жетіп жүргенде, үйленіп пәтерде тұрып оқимын деп ойлау, мен үшін ақылға симайтын мәселе. Ал, Кәкең болса, 3-ші курсты бітірісімен-ақ үйленді, қарт анасының қолын ұзартты, оқуын да бітірді. Кәкеңнің жоғары адамгершілік қасиетін, қарт анасының алдындағы борышын мүмкіндігінше ертерек атқарсам деген тілегін түсініп, күтіп тұрған қиыншылықтардан қаймықпай, адал жар болуға келіскен Ғайша туралы әңгімем кейінірек болады.

Мен келтіріп отырған дерек, Кәкеңе алдына қойған мақсатына жету үшін батыл шешімдерге бару қасиеті жастайынан тән болғанын дәлелдейді.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай отра мектебінің тарихында алғашқы рет 7-ші кластың саны төртке жетіп, екі «А» және «Б» - оныншы кластың болғаны біз осы кластарда оқыған кезде болды. Осыған байланысты біздің кластарымыздың жалпы саны 80-нен асады. Олардың бірен-сараны болмаса қалғандары – жоғары оқу орындарын бітіргені-бітірмегені бар, елде әр түрлі қызмет атқарды. Мен елге қайтып оралмағанмен елмен байланысымды үзгенім жоқ. Кластастарымыздың аудандық партия және атқарушы комитеттерінде, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруащылығы және т.б. мекемелерде, совхоз директоры, партком хатшысы, ауылдық кеңес төрағасы сияқты басшылық қызметтердегі еңбектері жанып, ел аузына іліккендері туралы хабарым мол болды. Осылардың ішінде алғашқы да, ұзақ жыл да совхоз директоры болғаны Бекболатов Кәрімжан. Кәкең басқарған жылдардағы кеңшарлардың экономикалық табыстарына тоқталып жатудың қажеті болмас. Себебі бұл мәселелерді жетік білетін, басында Жангелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейін Торғай облыстың атқарушы комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Әубәкіров Кенестің осы кітапта естелігі бар. Сондықтан, мен тек өзім көріп, естіп білгендерінен Кәкеңнің шаруашылық басқарудағы өзіндік ерекшеліктері туралы түйген ойларыма тоқталғанымды жөн көріп отырмын.

Тағдырдың салуымен 51 жыл Алматыда тұрып, зейнеткерлікке шықаннан кейін 2006 жылы Астанаға көшіп келгеннен бері, белгілі ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз айтқандай «...жастық шақта ұзақ уақыт бірге жүргенде көңіл ортақ, жол ортақ болған адаммен кездескенде жарқырап, қуанып амандасқан күннің жай күннен нұры да, сыры да артық», - дегеніне көзім жетіп, Кәкеңмен міне соңғы 5 жылым бірге өтіп жатыр. Нәтижесінде осы уақыттың ішінде әртүрлі себеп-мақсаттармен елге барған үш сапардың және апта сайын өтетін десем артық айтқан емес торғайлықтардың әртүрлі басқасуларында ел азаматтарының Кәкеңді шынайы сыйлап, құрметтейтінің куәсі болдым. Барған ауылымызда да, Торғайдың өз басында да түскен үйімізге «Кәке келгеніңізді жаңа ғана естідік, өзіңе сәлем берейін деп келдік», - деп кіріп шыққан қарапайым еңбек адамдарының да кезінде басшылық қызметтерде қатар бірге істегендердің куәсі болдым, ал Астанадағы басқосуларда сол жиынға келген үлкендермен қатар, жастардың да Кәкеңе жүгіріп келіп сәлем бергендерін, кейде солардың қайсы бірінің қолын босатпай, аты – жөнін сұрап, білгеннен кейін әкесін білетінін, жақсы адам екенін айтып, сұрағын басқа ағайындарымен қарым-қатынасын білумен аяқтайтынын талай көзім көрді. Бірде осындай көп сұрақты бір жас азаматқа бергенде күмілшіп, нақтылы жауап бере алмады. Осы көріністен кейін және де Кәкеңнің университетте әр түрлі себептермен бөлмемізге келген жастардан руын, сол рудың қазақ тарихында із қалдырған белгілі батыр не биін немесе ақын-жазушыларын сұрайтыны есіме түсып кетті де, Кәкеңе: «Жаңағы жігітке неге қазбалап көп сұрақ бердіңіз?», - дедім. Сондағы айтқаны: «Бұл жігіт қызметте жақсы өсіп келеді. Бірақ, басқа түгіл жақын ағайындарының өзіне қамқорлығы аз. Туған ағасының балаларының да жағдайын ойласын деп, әке-шешесін жақсы білетіндігімді пайдаланып, әдейі есіне салғаным ғой. Өкінішке орай біз тәрбиелік іске мән бермей кеттік қой, адамгершілік өз бетімен қалыптаспайды ғой», - деп өзімен өзі сөйлескендей боп жауабын аяқтады.

Кәкеңнің шаруашылық басқару ерекшелігін өзімше түйіндеуге себеп болған, Кәкең басқарған шаруашылықта туып өскен, институт бітіргеннен кейін елге келіп маман, совхоз директоры немесе аудандық деңгейдегі мекеме басшысы қызметін атқарған азаматтардың өз аузынан әртүрлі себептермен Кәкең болмаған ортада естіген әңгімелерімдің мәнмазмұны мына төмендегілерге саяды.

«Жас кезімізден, ес білгеннен – «жас та болса шешімді, жұмысын жақсы біледі және де кішіпейіл, үлкенді сыйлай біледі, сөйлеген сөзі қандай - мақалдап, мәтелдеп, түбіне жеткізе айтады. Ия, қатал, бірақ талабына сай жағдай жасайды. Отырыстағы әр әңгімесі түсінген адамға тәрбие ғой. Бәріннен де, кісіні алаламай, қажет кезде жасайтын қамқорлығын айтсай», - деген Кәкеңе арналған сөздерді естіп өстік қой. Басқаны білмеймін, өзім мені совхоздың директорлығыны бекіткенде, іштей Кәкеңдей болсам-ау деген арманым болды».

Кәкеңнің өнегелі өмір жолын ой елегінен өткізіп отырғанда өзім қырықтан асқан шағымда естіп – білген Үнді халқының: «Табыс - еңбектен, Білім-оқудан, Ресми атақ – сәтінен», - деген тәрбиелік ұстанымы еске еріксіз орала береді. Себебі, маған Кәкең Үнді халқының осы ұстанымдарын бәрімізден ерте біліп, басшылыққа алған сияқты. Шындығында, Кәкең біздің ішімізде Торғай орта мектебіне оқуға келгеннен бастап аудандық кітапхана жиі баратын және «Әдебиет және искусство» атты жорналды үзбей оқитын. Қазірдің өзінде менің көріп жүргенім, Кәкең ағамдағы газет-жорналдарды, тарихи тақырыптағы шығармаларды үзбей, талғап-таңдап қана емес, талдап оқитынымен ұнаған, қажет деген тұжырымдар мен деректерді қалың дәптеріне әдемілеп жазып алатыны. Рас, белгілі ғалым-жорналшы Сабыржан Шүкіров ініміз атқандай – «Білу барда, білік, біліктілік бар. Білу – көру, тану, түсініп ұғыну болса, біліктілік – сол көргеннен, танығаннан, ұққаннан ой түю, түйген ойды – ішкі пікірді қаракетке айналдыру». Ал Кәкең болса осы тұжырымды іске асырған қайраткер тұлға. Бұған оның шаруашылық басқарудың қай деңгейінде істемесін қайсы бір мансап, мадақ, атақ үшін ел жақтаған табан жолдан таймайтын, ұстанған бағытынан жанылмайтын, кімнің де болсын бәле-жаласына тайсалмай ойтарыс берген өмір жолы мен Торғай халқының еліне еңбегі сіңген қайраткер, білгені көп, қайырым жанға сатпаған зиялысы санап Кәкеңе көрсетіп жүрген сый – құрметі дәлел.

Белгілі қоғам қайраткері кезінде Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне еңбек сіңірген Кеңес Аманұлы бір естелігінде «Қазақтың «Ер-егіз» - деуіндегі егіздің сыңары – ер азаматтың зайыбы, жұбайы», - деп әдемі дәлелдепті. Қазір ойлап отырсам, өзім куә болған Ғайшаның «егіз» болғанына толық 53 жыл болыпты-ау. Осы уақыт ішіндегі Ғайша жеңгей Кәкеңнің қоғам алдындағы ерен міндеттерін абыроймен атқаруына, анасы мен бауырларының ризашылығына жетуіне, ағайынның қамқоршысы сүйеніші аталуына себепкер сыңары отбасының ұйытқысы, берекесі болды.

1959 жыл. Ғайша жеңгейдің жаңа өмір жылы (егіздің сыңарлық) 70-тен асқан енесін, ерінің екі бауырын – 7 жасар қарындасы мен 4 жасар інісін бағып-күтуден басталды. Енесін 33 жыл әлпештеп, бағып-күтіп, әжемізді 103 жасында өз қолынан соңғы сапарға арулап аттандырды. Сиса мен Жетпісбайды өз қолынан орта мектепті бітіргізіп, жоғары білім алуларына, үйлену тойларын өткізуге, үлгілі отбасы болуларына үзбей қамқорлық жасап келеді.

Кәкеңнің жасынан туысшыл, қолы ашық, қоғамшыл табиғатының кең көріністі ашылып, танылуына Ғайша жеңгейдің сіңірген еңбегіне де оқушының назарын аударғаным жөн санап отырмын. Ғайша жеңгей қай кезде де Кәкеңнің жомарт ашық қолын жұмдырған, бауырмал кең құшағын тарылтқан жоқ. Кәкеңнің бұл қасиеттерін құптап, балаларын үлгі тұтуға тәрбиеледі.

Сөзім дәлелді болу үшін ағайындардың үлкен бір тойында қашанда ақ сөйлейтін ұлағатты ұстаздардың бірі Ғарыпжан ағамыздың «Тұрлығұлдың осындай тойларынан кейін, маған Кәрімжаны жоқ ел қалай күн көреді?» деген ой келеді деген сөзді мен кешегі нарыққа өтпелі кезеңде Қайрош пен Сапарғалидің Алматыдағы ағайындарға қажет болғанда сұратпай қамқор-көмек ұйымдастырып жасағандарының мен талай рет куә болғанымды айта кеткенім артық болмас.

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып түйгенім, Кәкең айтқан сөзіне, істеген ісіне, кішірейтіп айтсақ – жүрген ортасына, тереңірек ойласақ – адамгершілікке, ұрпақ тәрбиесіне тигізетін әсеріне үлкен мән беретін адам. Осы тұрғыдан Кәкеңнің совхоз (бір қауым ел) шаруашылығын басқарудағы басты ерекшелігі – елдің экономикасын көтеру мен қазір жиі айтылып жүрген адам әлеуетін көтеруді қатар жүргізуінде. Мұндай тұжырымға айтсақ – өзінің өскен ортасының өткені мен бугінін, әріден айтсақ ұлтының тарихын терең білетін және өзінің келешегін туған жерімен байланыстырып қарайтын азамат қана келеді.

Осы ретте, өзімнің естелік ойын дәптерімде жазылған мына бір сөйлемдер сұранып тұрған сияқты: «Аса бір биік-жарлығы болмаса да, өнегелі ісімен, кісілігімен, қоғамшылдығымен сол туған жерінің киесіндей, елдің иесіндей бір азаматтар болады. Көпке жағымды, елдік іске белсене кірісетін, төңірегіне өнеге үлгі шашып отыратын мұндай кісілер сол өңірдің шың мәніндегі құты, қуаныш-қызық шақырар берекесі. Бұл толығымен біздің Кәрімжанға саяды».

Егер бірде біреу, «Әбеке, біраз жасқа келдіңіз, естуімізше Қазақстанның барлық облыстарын аралапсыз, жерлесіңіз Ақылбек Шаяхметовтың сөзімен айтқанда, «Құранды қасиеттеген, құанышты, қызықты, қалжынды, қымызды, қазы-қартаны қастерлеген, қайсар, қынулы, қайратты, кезінде өзіңіз білген бір жігітті атаңызшы», - десе Кәрімжан, «Кесек мінезді, нар тұлғалы, ел қамын ойлаған, айтқан сөзі мақал, қайтарған жауабы-мәтел, істеген ісі – ғибрат, өнеге қазір өзіңіз білетін бір ақсақалды атаңызшы», - десе – «ол біздің Кәкең – Кәрімжан Бекболатұлы», - деп жауап берер едім дей келе, халқымыздың «айтып істеген ұрлықтын айыбы жоқ» дегенін пайдаланып, ақын Қалижан Бекхожиннің өзім сәл өзгерткен:

«Ез емес, албырт едің ар сақтаған,

Баспадың адалдықтан алшақ қадам.

Бірақ-та сүйенішім болады деп,

Кезің жоқ беделдіге жалбақтаған», -

өлең Кәкеңе арнап, ұялтпас та іс тыңдырған, қайырымын жанға сатпаған, көлдей көңіл мен дарқан пейілді қалпыңызда әулеттің үлкені болған шағыңыз ұзақ та шапағатты болсын деген тілекпен аяқтаушы

Әнуар Байжұманұлы,

профессор

853 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы