- Қаржы
- 13 Желтоқсан, 2017
Төрт пайызға таядық

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында 2017 жылғы қаңтар-қараша аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 11 айдағы республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы қаралды. Сондай-ақ «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жай-күйі талқыланды.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осы жылдың қаңтар-қараша айларында инфляциялық процестердің тұрақтануы мен инвестициялық белсенділіктің жеделдеуі тұрғысынан, сондай-ақ барлық алты негізгі сектордағы жағдайдың жақсаруы нәтижесінде экономика өсімі 3,9 пайызды құрағанын атап өтті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2016 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге өсіп, 5,7 пайызды көрсеткен. Жыл басынан бері жылдық инфляция деңгейі белгіленген 6-8 пайыз дәлізде болып, қарашаның қорытындысы бойынша 7,3 пайызды құрады. Экономиканы әртараптандыру, агроөнеркәсіптік кешенді, кәсіпкерлікті және инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде экономиканың барлық салаларында оң серпін байқалады. Алты негізгі саланың нақты секторында өнеркәсіп, көлік және байланыс саласында ең көп өсу байқалады. Тау-кен өндірісінде мұнай мен табиғи газ өндірудің екі еселенген өсуіне байланысты 9,6 пайыз өсім белгіленген. «Өңдеу өнеркәсібі өсімінің драйверлері фармацевтика өнімдері, жиһаз шығару, жеңіл және металлургия өнеркәсібі, мұнай өңдеу өнімдері, азық-түлік және сусындар, сондай-ақ машина жасау саласы болды. Ауыл шаруашылығында өсім осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы 1,9 пайыздан 11 айдың қорытындысы бойынша 2,3 пайызға дейін өсті», деді министр. Экономиканың нақты секторындағы іскерлік белсенділік сабақтас салаларға сұраныс тудыра отырып, қызмет көрсету секторының өсуін ынталандырған. 11 айда көлік қызметтері – 4,8 пайызға, байланыс – 3,2 пайызға, сауда – 2,8 пайызға, сонымен қатар жылжымайтын мүлік операциялары – 2,5 пайызға өскендігі осының белгісі. Биыл қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,7 пайызға артып, 7,5 трлн теңгеге жетті. Инвестициялардың негізгі өсімі ауыл шаруашылығына, саудаға, құрылыс пен өнеркәсіпке бағытталған. Өткен 10 айда импорттың өсуінен экспорттың өсуінің екі есе көп таралуы нәтижесінде сауда теңгерімінің сальдосы 71,7 пайызға өскен және сауда теңгерімі өңделген өнімдерді экспорттауды арттыру есебінен де жақсарған. Тұтастай алғанда, елдің сыртқы сауда айналымы 25,6 пайызға артып, 62,1 млрд долларды құрады. Тақырып бойынша Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев та сөз сөйледі.
Отырыста қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осы жылдың 11 айындағы мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы есеп берді. Министр осы кезеңде бюджеттің барлық деңгейінде өсім қарқынының тұрақтылығы қамтамасыз етілгенін атап өтті. Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, биыл қаңтар-қараша айларында кіріс бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 520 млрд теңгеге артығырақ түсті. Мемлекеттік бюджетке түскен кіріс 6,3 трлн теңге көлемінде болды. Мемлекеттік бюджет бойынша асыра орындау сомасы 153 млрд теңгені құрады. Жалпы алғанда, мемлекеттік бюджеттің кірісі 102,5 пайызға, республикалық деңгейде 101,6 пайызға, жергілікті деңгейде 104,5 пайызға орындалды. Республикалық бюджеттің шығындары 10 157,6 млрд теңге сомасында жұмсалды. Министрліктің болжамдарына сәйкес, жыл қорытындысы бойынша республикалық бюджет шығындарының орындалуы 99,8 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаражатты игеруге келсек, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша бағдарлама шараларына бөлінген қаражаттың 400,3 млрд теңгесі немесе есептік кезеңге төлемдер жоспарының 96,9 пайызы және жылдық жоспардың 84,7 пайызы игерілді. «Біз биылғы қаржы жылын табысты аяқтап, 2018 жылға арналған бюджетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып іске асыруға кірісеміз. 2018 жылға арналған бюджетке қажетті барлық құжаттар қабылданды. Енді орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жаңа жылды табысты қаржыландыру үшін барлық ұйымдастырушылық шараларды қабылдауы керек», деді министр. Бюджеттің орындалу барысы туралы қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады. Сонымен қатар Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Алматы әкімі Бауыржан Байбек және Астана әкімі Әсет Исекешев есеп берді. Мәселені қарауды қорытындылай келе, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев барлық орталық және жергілікті атқарушы органдарға қалған уақытта Мемлекет басшысының экономиканың секторларында өсуді қамтамасыз ету бойынша міндеттерін орындауға бар күш-жігерлерін жұмсауды және биылғы қаржы жылының соңына дейін бюджетті орындаудың барлық шараларын қабылдауды тапсырды. Отырыста ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов күн тәртібіндегі келесі мәселе – өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды жетілдіру туралы баяндады. Осы ретте министрлік жүйені екі бағытта реформалауды ұсынады. Біріншісі – өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру жүйесін электрондық форматқа көшіру. Ал екіншісі – өзара сақтандыру қоғамдары (ӨЗҚ) қызметін регламенттеу. ӨЗҚ үшін сақтандыру сыйлықақыларын азайту немесе оларды төлеуді тоқтату мүмкіндігін болдырмау. Аталған мәселе бойынша отырыс барысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов түсініктеме берді. Жиында қаралған тағы бір мәселе – тұтынушылардың құқықтарын қорғау жайы болатын. Бұл тұрғыда қабылданып жатқан шаралар туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 19 мыңнан астам тұтынушылық өтініштер қаралды. Өтініштерге сәйкес 287 әкімшілік іс қозғалған. «Келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесі қазақстандық тұтынушылардың өз құқықтарын білмейтінін және қашан әрі кіммен байланысуға болатыны туралы хабарының жеткіліксіздігін көрсетеді», деді Т.Сүлейменов. Ұлттық экономика министрі электронды сауданың серпінді дамып келе жатқан салаларында тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың өте төмен деңгейі байқалатынына назар аударды. Қазірде Ұлттық тұтынушылар лигасының ұсынысы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін уәкілетті органға құзырет беруді ұсынады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өнімдерді қауіпсіздік талаптарымен қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы баяндай отырып, министрлік халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, гигиеналық нормативтер және техникалық регламенттер саласында нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын бұзуды анықтауға және оның алдын алуға бағытталған бақылау жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманың сақталуын бақылау тетігін қайта қарауды тапсырды. Бақытжан Сағынтаев тұтынушылардың құқықтары олардың жеткіліксіз ақпараттануы себебінен бұзылатынын баса айтты. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігіне халықтың адам өмірі мен денсаулығына қойылатын қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін өнімдер туралы хабардар болуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1273 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *