• Қаржы
  • 22 Желтоқсан, 2017

Өсімде оң серпін бар

Өтіп бара жатқан жыл ел экономикасы үшін өсімді қалпына келтіру траекториясына ену жағдайымен ерекшеленді. Стратегиялық ізденістер мен белсенді іс-қимылдар жаңа экономикалық өсім жолында ептеп ілгерілеуге мүмкіндік берді. Биылғы жылдың қорытындылары әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларында біртіндеп оң өзгерістер орныға бастағанын көрсетіп отыр.

Соңғы бес жылда ішкі жалпы өнімнің 60 проценті екінші жар­тыжылдықта экономика бел­сенділігінің артуы есебінен қалып­тасқан. Мә­селен, 2016 жылы ішкі жалпы өнімнің 1,0 процентке өсуі кезінде бірінші жартыжылдықта өсу 0,1 процентті құраған, ал екінші жартыжылдықта экономиканың өсуі 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 процентке дейін жеделдеген.

Сондықтан ағымдағы жылдың басынан экономика серпінін сақтау үшін маусымдық факторларды есепке ала отырып, ішкі жалпы өнімнің өсуі 3-тоқсанда 4,1 проценттен, 4-тоқсанда 4,3 проценттен төмен болмауы тиіс. Биылғы бірінші жартыжылдықты қорытындыланған шілдедегі Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осындай тұжырым айтқан болатын. Осы ретте ол мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің негізгі міндеті өндірістің қол жеткізген өсу қарқынын сақтау, инфляция деңгейінің нысаналы параметрлерін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру және елдегі әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы үшін тығыз әрі үйлестірілген жұмыстарды жүргізу болып табылатынын атап айтқаны мәлім. Өйткені, бірінші жартыжылдықта сыртқы және ішкі даму ахуалының жақсаруы жағдайында Қазақстан экономикасы өзінің өсуін жалғастырды. Соған сай өнеркәсіп өндірісінің қол жеткен қарқынын ұстап тұру үшін екінші жар­тыжылдықта салалар неғұрлым жоғары сер­пінде өсуі керек-тін. Яғни, өсім қарқы­нының сақталуы соңғы айлардың екпінді болуына байланысты. Енді қазіргі екінші жартыжылдық беле­сінен қарағанда, министр болжамының негіз­ділігін атап өту қажет. Жыл қоры­тындысы бойынша ІЖӨ өсімі 4 процентке жетті. Ағымдағы жылғы қаңтар-қарашада инвестициялық белсенділіктің жылдамдауы және инфляциялық процестердің тұрақтануы, сондай-ақ барлық алты базалық сала бойынша жағдайдың жақсаруының аясында экономиканың өсуі 3,9 процентті құрады. Қарашадағы Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі экономиканың тұрақты өсім қарқыны жыл қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің 4,0 процент деңгейінде өсуін шамалауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бүгінгі таңда экономика өсімін одан әрі қам­­та­масыз ету үшін Үкімет экономика­ны жыл­дам­датылған технологиялық жаңғырту, ша­ғын және орта бизнесті қолдау мен қаржы­лан­дыру, жекешелендіру арқылы мемлекет­тің эко­номикадағы үлесін төмендету секілді басым бағыттар бойынша кешенді жұмыс­тарды жалғастырып келеді. Биыл елдегі макроэко­но­микалық тұрақтылық пен инвестиция­лық бел­сенділік, сондай-ақ сырт­қы нарықтардағы қолайлы жағдайлар жыл ішінде жинақталған өсім қарқынын сақтауға ықпал етті. Мемлекеттік және сала­лық бағдарламалар аясында қабылданған шаралардың арқасында экономиканың барлық салаларында жағымды үрдіс сезі­луде. Экономиканы әртараптандыру, агро­өнеркәсіптік кешенді, кәсіпкерлікті және инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жұ­мыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша бағдарламаларды іске асырудың нәтижесінде экономиканың барлық салаларында оң серпін байқалып отыр. Өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс салалары өсімнің негізгі қозғаушылары болды. Ұлттық экономика министрлігінің мәлі­мет­­теріне сәйкес, өнеркәсіпте жыл басынан бері тұрақты өсім байқалуда, бұл қаңтар-қарашада 7,3%-ті құрады. Тау-кен өндірісінде мұнай мен табиғи газ өндірудің екі еселенген ұлғаюына орай 9,6% өсім белгіленген. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,2%-ті құрады. Ішкі нарыққа бағдарланған салаларда, соның ішінде фармацевтикалық өнімдер шығару, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өнімдері мен сусындар, сондай-ақ мұнай өнімдері өндірісінде елеулі өсім байқалуда. Экспортқа бағдарланған салаларда да өсімнің тұрақты қарқыны сезіліп, металлургия өндірісі едәуір арта түскен. Ауыл шаруашылығында өсу қаңтар-қыр­күйектегі 1,9%-тен 11 айдың қорытынды­лары бойынша 2,3%-ке жылдамдады. Мал шаруа­шы­лы­ғындағы өнім шығарылымының өсуі өсімдік шаруашылығындағы өсуден 2,6 есеге озық болды. Құрылыс саласының 2016 жылғы жоғары өсуінің аясында ағымдағы жылдың басынан бері әркелкі өсу байқалып отыр, ол биылғы қаңтар-қарашада 0,3%-ті құрады. Экономиканың нақты секторындағы жо­ға­ры өсім қызмет көрсету саласының тұрақты өсім жолына біртіндеп шығуымен сүйемелденеді. Биылдың 11 айында көлік қызметтері 4,8%-ке, байланыс 3,2%-ке, сауда 2,8%-ке, сондай-ақ жылжымайтын мүлік операциялары 2,5%-ке өсті. Экономика дамуына оң әсерін беріп жатқан инвестициялар өсімінің динамикасы жақсарды, негізгі капиталға салынған инвестициялар кө­лемі 5,7%-ке артып, 7,5 трлн теңгеге жетті. Сау­да мен құрылыста инвестициялардың ең көп өсімі байқалуда. Сонымен қатар жылумен және сумен қамту желілерінде жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде өнеркәсіпте де инвестициялар өсімі байқалып тұр. Инвестиция белсенділігінің өсуіне «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ламалары шеңберіндегі индустриялық-инно­вациялық жә­не инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, соны­мен қатар, АӨК және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары мүм­кіндік туғызды. Тұрақты макроэкономикалық жағдай тұр­ғы­сынан тікелей шетелдік инвестиция­лардың жал­пы түсімі 2017 жылдың І жартыжылдығында 8,6%-ке өсіп, 10,5 млрд АҚШ долларына жетті. Жыл басынан бері алтын-валюта резервтері 6,6%-ке өсіп, 1 қарашадағы жағдай бойынша 31,5 млрд АҚШ долларын құрады. Елдің халықаралық резервтері 87,9 млрд. АҚШ долларын құрайды. Әлемдік нарықтардағы қолайлы баға конъюнктурасы және экспорттың импорттан басым болуы сауда теңгерімінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге септігін тигізді. Сыртқы сұраныстың қайта жаңғыруы және мұнай мен металдардың әлемдік бағаларының өсуі сыртқы сектордың көрсеткіштерінің жақсаруына әсерін тигізді. Биылғы 10 айда импорттың өсуінен экспорттың өсуінің екі есе көп таралуы нәтижесінде сауда теңгерімінің сальдосы 71,7%-ке өскен. Сондай-ақ сауда теңгерімі өңделген өнімдерді экспорттауды арттыру есебінен да жақсарды. Тұтастай алғанда, елдің сыртқы сауда айналымы 25,6%-ке артып, 62,1 млрд долларды құрады. Қаржы саласын мемлекеттік қолдаудың нә­ти­жесінде экономиканы кредиттеу бірте-бірте қайта жаңғыруда. Мемлекеттік қаржы­лық қол­дау бойынша қабылданған шаралар шағын кәсіп­керлік субъектілеріне кредиттеудің 3,1 трлн тең­гені құрап, 2016 жылғы ұқсас кезеңмен салыс­тырғанда 7,7%-ке өсуіне мүмкіндік туғызды. Жыл басынан бері жылдық инфляцияның деңгейі бекітілген аралықта (6-8%) болып, қара­шаның қорытындысы бойынша 7,3%-ті құрады. Инфляция өсіміне жол бермеу бойынша негізгі шаралардың бірі – бәсекелестікті дамыту болса, бұл ретте әділ бағаны қалыпты адал бәсекелестік жағдайында ғана ұстап тұруға болатыны түсінікті. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігінде екі бағыт: баға келісімдерін бұлтартпау үшін тауар нарықтарына талдау жүр­гізу және кәсіпкерлерге жағдай жасау бойынша жұмыстар атқарылуда. Министрліктің бағалауы бойынша, Қа­ша­ғанда, Теңізде және Қарашығанақта кен өндіру жоспарының асыра орындалуы есе­бінен мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы мен өнеркәсіптің өсімі күтіледі. Осы орайда айта кетерлігі, Каспий құбыр желісі консорциумы жүйесінің өткізу қуаттылығы да жылына 28 млн тоннадан 67 млн тонна мұнайға артты. Бұл Атырау облысында жаңа мұнай айдау станциясы іске қосылғаннан кейін мүмкін болды. Жобаның жалпы құны 5 миллиард доллардан асады. Сонымен бірге Каспий құбыр желісі консорциумы бойынша 5 миллион қашаған мұнайының экспортқа жөнелтілгенін атап өту қажет. Бүгінде үшінші жаңғырудың міндеттерін шешу үшін кешенді шараларды қолға алу, эко­номикалық өсімнің жаңа моделін қалыптас­тыру қажет екендігі белгілі. Осы ретте жуырда Үкімет бекіткен стратегиялық жоспарда алдағы жеті жылда сапалы әрі табысты экономика өсімін қамтамасыз ету мақсатындағы іс-шаралар айқындалып отыр. Жобаға сәйкес, жылына кем дегенде 4,5-5% деңгейінде экономика өсіміне қол жеткізу жоспарланған, бұл Қазақстанға жан басына шаққандағы ІЖӨ өсім деңгейін 2025 жылға қарай 46 100 $ (СҚТ бойынша) дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1543 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы