• Қаржы
  • 08 Қаңтар, 2018

Жоғары еңбек өнімділігі жолында

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

«Алуан-алуан жүйрік бар» деген мәтелге жүгінсек, экономикадағы жүйріктік «еңбек өнімділігі» деген көзіқарақты жұрттың көбіне таныс көрсеткішпен өлшенеді. Қазіргі заманда еңбектің жоғары өнімділігі бәсекелестік артықшылық болып табылады, мұны «білмейтіні жоқ» статистика да растап отыр. Мәселен, жоғары өнімділік арқасында өндіріс жағынан дамыған мемлекеттер өз көшбасшылығын сақтап келеді, бұлар – АҚШ, Франция, Германия. Оларға өндірістегі лайықты бәсекелестікті Ирландия, Бельгия, Люксембург, Норвегия және басқа елдер құрауда. Ашығын айтар болсақ, бүгінгі күні Қазақстанда еңбек өнімділігі төменгі деңгейде қалып отыр. Орта есеппен бір адамға ол 30-40 мың АҚШ долларын құрайды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 200 мың АҚШ долларына тең. Мәселен, Қазақстанда ең төменгі еңбек өнімділігі ауыл шаруашылығында байқалады, мұнда олжұмыс істейтін бір адамға жылына 3 мың АҚШ долларына жуық, ал дамыған елдерде 50-70 мың долларға бара бар. Машина жасауда бұл көрсеткіш бізде 10-17 мың, шетелдік бәсекелестерде 90 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл артта қалушылық бірқатар факторлармен айқындалады, бұл әдетте ағымдағы қуаттардың толық жүктелмеуімен, негізгі қорлардың тозуымен және менеджменттің қазіргі заманғы технологияларын енгізе әрі қолдана алмауымызбен түсіндіріледі. Табиғи тұрғысында және моральдық жағынан ескірген технологиялық жабдықтардың молдығы, шығынның жоғарылығы көптеген отандық кәсіпорындардың шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттерін толық көлемде шешуіне мүмкіндік бермей отыр. Кәсіпорындар үшін өндірістік әлеуетті тек жетілдіру ғана емес, сол бұрынғы деңгейде қолдау да түйткіл болып табылады. Осындай жағдайда қалыптасқан өндірістік әлеует өндірісті кеңейтіп, өнімді жеделдете шығаруға көшуді толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Осылайша, өнеркәсіп орындарында табиғи және моральдық жағынан тозған қорлардың молынан жинақталуы оларды пайдалану тиімділігіне теріс әсер етуде, мұның өзі жаңғырту жөніндегі шараларды қолға алу қажеттігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар барынша жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін қазіргі заманғы басқару технологияларын белсенді түрде ендіру қажеттілігі де күмән туғызбайды, бұл бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құрудың басты алғышарты болып табылады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, қайта құру немесе олардың экспортқа бағыттылығын дамыту арқылы қазіргі заманғы өндірістерді құру орта және ірі бизнесті дамыту жөнінде қазір қолға алынып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың басымдықтары болып табылады. Ал, тілге тиек етіліп отырған осынау орта және ірі бизнес халық шаруашылығын дамытуға, әлеуметтік түйткілдерді шешуге, жұмыспен қамтылған қызметкерлер санын арттыруға айтарлықтай әсер ететінін өмір көрсетіп отыр. Өнеркәсіп орындарын жаңғыртудың жүйелі құралдарын жасау мақсатында елімізде 16 өңірді және 10 өнеркәсіп салаларын қамтитын 187 кәсіпорынға технологиялық аудит жүргізілді. Мұның барысында қарызға алынған қаражат құнының жоғары болуы, индустриялық инфрақұрылымның дамымауы, кәсіпкерлікті қолдаудың жеткіліксіздігі сияқты өндіріс дамуына кедергі келтіретін түйткілдер анықталды. Кәсіпорындарда алдыңғы жылдары жинақталып қалған үлкен борыштық жүктеме олардың инвестициялық белсенділігін шектейді. Технологиялық жабдықтарды жаңарту мен жаңғыртудың деңгейі төмен, бұл көрсеткіш металлургия саласы кәсіпорындарында 58,4 пайыз болып отыр, жекелей алғанда инвестиция деңгейі 70 пайыз шамасында. Өңдеуші өнеркәсіп салаларының көптеген кәсіпорындарының негізгі қорларының тозуы 60 пайыздан асады. Тозу машина жасау кәсіпорындарында 56,7, химия және фармацевтикада 45,3, құрылыс индустриясында 39 пайызды құрайды. Шығарылған өнім энергияны көп қажетсінеді, соған орай тиісінше ресурс пен энергияны үнемдейтін технологияларды, «жасыл» технологияларды және басқаларды енгізуге объективті қажеттілік туындап отыр. Өнеркәсіп құрылымында шикізат өндіру салаларының басым болуы, шетелдік инвестициялар ағынының тау-кен өнеркәсібіне құйылуы кәсіпорындардың, жалпы алғанда экономиканың жоғары технологиялық өнім импортына тәуелділігінің күшейтуде. Сонымен қатар жоғары технологиялық инвестициялық жобаларды ендіруге әрі іске асыруға қабілетті жоғары санатты кәсіби басқарушы кадрлар да, өндірістік үдерістерді жаңғырту барысында қазіргі заманғы жабдықтар мен көлік құралдарына қызмет көрсететін білікті жұмысшылар да жетіспей отыр. Технологиялық тексеріс нәтижелері жаңғырту үдерісінде «пилоттық» жобалар қажеттігін көрсетті. Дамыған елдер тәжірибесі айқындап отырғандай, мұндай жобаларды алдын ала әзірлеу керек. Бұл орайда ірі әлемдік көшбасшы кәсіпорындарды жаңғырту үдерісін зерделеген орынды. Қолдағы дерек пен дәйек мемлекеттер экономикаға және өндірісті қолдауға ауқымды араласып отырғанын көрсетуде. Қазақстан жағдайында кәсіпорындар өнімділігін арттыру үшін өнеркәсіп орындарын қаржылық және технологиялық қолдау саясатын ұстарту талап етіледі.

1369 рет

көрсетілді

42

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы