• Бизнес & Қоғам
  • 21 Маусым, 2012

АСТАНА – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР КӨЗ МАҢЫЗДЫ ОРТАЛЫҚ Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Париж қаласында Халықаралық көрмелер бюросының 151-ші Бас ассамблеясы болып, онда Астананың ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге ұсынысының таныстырылымы өтті.

Көрмелердің халықаралық бюросының өкілдері наурыз айында көрме өткізуге үміткер қалаларды аралап шығып, таңдау Қазақстанның Астанасы мен бельгиялық Льеж қаласына тоқтап еді. Енді міне, таныстыру рәсімі де өткізіліп отыр. Қатысушыларға Қазақстан халқының атынан  Президент Н. Назарбаев бейне-үндеу жолдады. Президент Бұл көрменің ЕХРО аумағын кеңейтетін Достастық елдеріндегі және орта Азия кеңістігіндегі алғашқы көрме екендігін, ал, оған «Болашақтың энергиясы» тақырыбының таңдалынып алынуы әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешуге бағытталған маңызды қадам екендігін атап көрсетті.

Қазақстандық делегацияны Премьер-министр Кәрім Мәсімов бастады. Сондай-ақ Астана қаласының әкімі И. Тасмағамбетов, Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі Ж. Айтжановалар маңызды халықаралық шаралар аясында ой қозғады. Бас ассамблеяда сөз алған Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның жас астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, қысқы Азиада ойындары, әлемдік және дәстүрлі діндер съезі секілді ірі халықаралық форумдар жоғары деңгейде өткізілгендігін айтып өтті.

Қазақстан ұсынатын «Болашақтың энергиясы» тақырыбы жалпы адамзат үшін өте өзекті болып табылатын энергетика ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін қарастырады. Ал, оның шешімін табу көптеген елдер үшін стратегиялық міндет болып отырғандығы мәлім. Біздің ел ғаламдық деңгейдегі проблемалар туралы ойлап қана қоймай, оларды толыққанды шешудің жолдарын іздестіруде.

Қазіргі кезде әлемде минералды жанармайдың жетіспеушілік проблемасы етек жайды. Мұнай шығару төмендеп, оның бағасы біртіндеп арта бастады. Онымен қоса мұнай өңдеу зиянды газдардың атмосфера қабатына бөлінуіне, олай жалғаса берсе, тіршілік тамырының тежелуіне әкелуі мүмкін. Осы орайда энергетика және экология проблемаларының аса зор маңызын ескере отырып, Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа EXPO-2017 көрмесін өткізу барысында "Болашақтың энергиясы" атты тақырыпты ұсынғалы отыр.

Болашақтың энергиясы қандай болмақ? Бұл тақырып адамзат үшін өзекті болып отырған энергиясақтау проблемасын, күн энергиясын, жел, теңіз, мұхит және термалды су энергия көздерін енгізу тәсілдерін жан-жақты ашып көрсетеді. Қазір Қазақстан энергияның жаңа көздерін енгізу жөніндегі халықаралық пікірталастарға белсенді қатысуда. Бұл біздің еліміз үшін баламалы энергия саласындағы әріптестік қарым-қатынастарды қалыптастырудың бірден-бір мүмкіндігі.

Қазақстан таныстырған бейнетаспаларда жоспарланған көрме аумағы мен тақырыптық павильондар көрсетілген. Болашақ көрме аумағының ерекшелігі сол, ол жаңа энергия көздері есебінен жұмыс істейтін болады. ЭКСПO нысандарын одан әрі пайдалану мәселесі де ойластырылыпты. ЭКСПО базасында Қазақстан ғылымы мен технологиясының жетістігі көрме кешенін құру жоспарланып отыр.

Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астананы таңдау арқылы әлемнің жаңаша дамуына мүдделі мұндай халықаралық деңгейдегі ұйымның алға қойған мақсаттарға бір табан жақындай түсетіндігін айтты.

Бельгияның Льежі «Әлем мен адамзатты біріктірейік» деген ұранды таңдапты. Олар да таңдалған тақырыптың мазмұнын терең ашып көрсететін өз жұмыстарымен таныстырды. Бельгия премьер-министрі Элио ди Рапо  ақпараттық коммуникациялық технологиялардың адамзат тұрмысындағы рөлі, денсаулық сақтау және мәдени саланы дамыту бағытындағы маңызы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, қаланың географиялық ерекшелігін де тілге тиек етті.

Астананы таныстыру рәсімі өте айшықты, мазмұнды өтті. Қазақстанның бұл шараны өткізуге өте ынталы екендігі және ұйымдастыру жұмыстарына барынша жауапкершілікпен қарайтындығы айқын байқалады. ЭКСПО көрмесі – әлемдегі ең белді компаниялар мен беделді ғалымдардың басқосу алаңы болып табылады. Олар ғылым мен техника саласындағы соңғы жетістіктермен бөлісе алады. Бұл өз кезегінде экология саласындағы ғаламдық мәселелерді шешуге және энергия тапшылығынан арылуға ықпал ететіні сөзсіз. Қазақстандықтардың нақты және өміршеңдігімен ерекшеленетін есебі халықаралық көрме бюросының сарапшылар комиссиясының көңілінен шығып, айырықша қолдау тапты. Онымен қоса «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бүгінгі күні бүкіл адамзат үшін өте өзекті.

ЕХРО-2017 иесі осы жылдың соңына қарай Парижде ХКБ-нің 160 мүше елдерінің жасырын дауыс беруінен кейін белгілі болып, жеңімпаз қала анықталмақ.

456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы