• Қаржы
  • 25 Қаңтар, 2018

Адами капитал – жаңғыру негізі

Әбдіжапар САПАРБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауы жарияланды. Қазір қоғам Жолдауды қызу талқылау үстінде. Елбасының биылғы Жолдауы – еліміздің өркендеу жолындағы бұған дейінгі ұсынылып, жүзеге асырылып жатқан қарқынды реформалардың, атап айтқанда, «Мәңгілік Ел», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларының заңды жалғасы. Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алды.

Президент Жолдауын: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде», – деген түйінмен бастайды. Одан ары «Біз жаһандық өзге­рістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан – 2050» даму стратегиясын қа­былдадық», – делінген. Әлем адамзат үшін шын мәнінде бірегей мүм­кіндіктер ашатын төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында тұр. Өмірге жаңа технологиялардың енуі экономикалық ұста¬ным-ды, адамдардың өмір сүру салтын, жұмыс күші нарығын түбегейлі түрде өзгертпек. Цифрландыру тұтастай алғанда өркениетті қоғамды және әрбір адамның жеке ерекшеліктерін жаңа сапалық қа¬лыпқа түсіреді. Шынында, әлемде жаһандық ғаламат өзгерістер өту үстінде. Тағдырын сын-қатерлерге торлатып алған елдер де жоқ емес. Бағымызға қарай, Еліміз Мемлекет басшысының «Дамыған отыз елдің қа­тарына кіру...», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы», «Индустрия­ландыру бағдарламасы», «Цифрлық Қазақ­стан» және «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары» ұзақмерзімді мақсатты бағдарламаларын ұстанып, жан-жақты қарқынды даму үстінде. Биылғы Жолдау өнеркәсіптік шарықтап даму мен соған бейімделу және жетістікке жету жолында не істеу қажеттігін айқындайды. Елбасы Жолдауында ұсынылған ел дамуының басты бағыты – цифрландыру, яғни Қазақстанды жаңа әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіргізу үшін өмірдің барлық саласына цифрлық технологияны белсенді енгізу қажет. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдің экономика және әлеуметтік салаларындағы күн тәртібінде тұрған кезек күттірмейтін аса маңызды 10 міндетті белгілеп берді. Бұл міндеттер – биік белестерді бағындыруға жетелейтіні сөзсіз. Индустрияландыру – жаңа технологияларды енгізу. Кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифр­лан­­дыруға бейімдік, өнімнің экспортқа шығуын көз­дейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу. Инновациялық орталықтар мен технологиялардың қызметін арттыру, ұйымдастыру және қайта қарау. Экономиканы цифрландыру. Білім беру жүйе­сін, коммуникация мен стандарттау салаларын индустрияландыру талаптарына бейімдеу. Ре­сурстық әлеуетті дамыту. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүм­кіндігі. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиім­ділігін арттыру. Қаржы секторын «қайта жаңғырту» мен құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, міне осылар алдағы кезеңдегі негізгі атқарылар міндет­теріміз болып табылады.

Елбасы Н.Назарбаев Жетінші міндетте – «Адами капитал – жаңғырудың негізі» деп «Білім берудің жаңа сапасы» туралы «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет», деп өте жақсы көрсетті. Біз жоғары оқу орны ретінде білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуға тиіспіз. Қазіргі әлемде болып жатқан білім беру саласындағы өзгерістер дер кезінде бағдарлап, жаңа білімді меңгеруге әр оқытушы мен профессорлардың өзгерулерін талап етеді. Сонымен Жолдауда адами капитал, білім мәсе­лесіне үлкен мән беріледі. Білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін баса айтады. «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстаныммен келе жатқан еліміз үшін экономиканы көтеруде білім мәселесінің орны бөлек екені рас. Әлемдік зерттеулерге назар аударар болсақ, мамандар экономикалық өсудің тек 16 пайызына физи­калық капитал, 20 пайызына табиғи, 64 пайызына адами капитал септігін тигізетінін есептеп шығарған екен. Адами капитал нені құрайды? Ол – шеберліктер мен дағдылар, кәсіптік білім мен тәжірибе. Бұлардың бәрі адамға іздену, талаптану арқылы келеді. Ол үшін адамға инвестиция салу керек. Біз ұл-қыздарымыздың алаңсыз білім алуына жағдай жасауға тиіспіз. Сонда біздің мықты адами капиталымыз қалыптасады. Осыған орай, адам капиталын дамыту стра­те­­гиялық тұрғыдан маңызды міндет болып саналады. Адами капиталдың сапасын арттыру – мемлекет дамуын қамтамасыз етудің негізгі алғышарты. Бұл мәселені шешу жолында білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту жөнінде кешенді шаралар көзделген. Білім беру, мәдениет пен идеология ұлттың рухани әлеуетін нығайту үшін қызмет етуі тиіс. Бұл Жолдауда білім қоғамын дамытуға ар­налған құндылықтар қатарында барлық жас­тағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құру, заманауи техни­калық тұрғыдан қолдау көрсету, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту, бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу, орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау, білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту, латын әліпбиіне көшу міндеттерін нақтылады. Индустрияландыру мен цифрлы экономиканы дамытуда жас энергия, жастар мен өскелең ұрпақтың экономикалық және әлеумет­тік бел­сен­ділігіне деген сұраныс жоғары. Сондық­тан еліміз ерте жастан, яғни мектепке дейінгі мекемелер мен орта білім беретін мектептердегі балалардың дарыны мен талантын танытуға күш салуы шарт. Біз сапалы кадрлар үшін ғаламдық бәсе­ке­ле­су дәуіріне өттік. Айта кету керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыруға қа­жет жаңа мамандар даярлауды да тапсырған бола­тын. Себебі, өндірістік-технологиялық мәселе­лерді шешу үшін инженерлер мен зерт­теу­ші мамандар қажеттілігі туындады. Елбасы Жолдауында техникалық кадрларды дайындау жүйесін барынша дамыту қажеттігін, Германия, Канада, Австралия және Сингапурмен бірлесе алдыңғы қа­тарлы орталықтар құру керектігін ескерді. Ма­мандарды даярлау мақсатында білім берудің дуальді жүйесінің Жол картасы бекітілгенін, 2014 жылдан бастап «Серпін – 2050» бірегей көші-қон оқу бағдарламасы жүзеге аса бастағанын, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен 2016 жылы жастардың Nurintech инновациялық жобалар байқауының ұйымдастырылып келе жатқанын ерекше айтуға болады. Тоқ етеріне келсек, мақсатты түрде қолға алынған Қазақстанның индустрияландыру кар­та­­сы­ның халқымыз үшін жемісі мол болды дей ала­мыз, сондай-ақ алдағы жылдары да берері көпті­гіне сенім зор. Табысқа жетудің негізгі бір жолы – білімнің салтанат құруы. Адамды да, қоғамды да алға жетелейтін құдіретті күш – білім. Білімді бірінші орынға қоятын ұлт қана көштің басынан көріне алады. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуының әлдеқайда тиімдірек екенін айтты. Президент Жолдауда қазақ тілінің басым­дығы сақталатындығын атап өтті. Қазақ тілінің әрі қарай дамуына басымдық беретіндігі баса айтылды. Осы орайда, мемлекеттік тіл қазақ тілі екендігін тағы да қайталап айтамыз. Адами капитал сапасын жақсарту үшін білім беру саласында қазақ тілінің басымдығы артуы кезек күттірмес мәселе. Президенттің тек экономиканы ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білім, денсаулық сақтау салаларын барынша дамытуға көңіл бөлгендігін байқауға болады. Өмірдің басты құндылығы – адам денсаулығы мен білімінің жетілуі. Жолдауда бұл салалар бойынша мынадай басымдықтар нақтыланған: білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс. Бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру керек. Денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды қолдану аурулардың алдын алу мен емдеуді айтарлықтай жақсартып, медициналық қызмет көрсетулердің сапасын жоғарылатуы тиіс. Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керектігі, осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту, қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіліп отыр. Бұл ретте шетелдің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру қажет. Ел болашағы – жастардың қолында дейміз. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең ел дамуының көрсеткіші және де жас буын үшін тағылым сабақтары деп айтуға болады. Елбасымыз әрбір іс пен тәжірибенің нәтижесін жастарға арнап, келелі ой салуда. Жолдауда жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатына баса назар аударылған. Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, цифр­­лы білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді бейне­­құрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жал­­ғас­тыру, жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлы дағды­ларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек екен­дігіне толықтай қосыламын. Бұл ағылшын және басқа да шетел тілдерін жақсы білумен, халықаралық деңгейдегі кәсіби біліктіліктерінің сапасын көтерумен байланысты. Адами капиталды танудың AQSI, Блум таксономиясы, құзыреттілік тәсілі, CLIL тәрізді танымдық-когнитивтік ғылыми әдіснамасы мен әдістемелері толықтырылып, білім беру саласында кеңінен қолдануды қажет етіп отыр. Яғни, ЖОО студенттерін ғылыми-зерттеу салаларына және өндірістік-технологиялық ортаға сәйкес дайындауды көздеп, инновациялық технологиялар паркіндегі жобаларға жақындас­тыры­л­ған бағытта дайындалуы тиіс. Бүгінде мемлекет тарапынан жаңа мамандық алу үшін барлық жағдай жасалған. Оқимын, қосымша мамандық аламын десеңіз, жергілікті әкімдік арнайы семинарлар мен курстарды тегін өткізеді. Сол арқылы өз өңіріңізге қажетті жаңа мамандық алуға болады. Сондай-ақ кәсіптік-техникалық мектептерде білім тегін беріледі. Олар даярлайтын мамандықтар барлық мекемеге қажет. Әлбетте, адам өзінің білімін жаңа сатыға көтеруге әрдайым дайын болуы, оған өзі ынталануы керек. Әйтпесе, қазіргі өзгерістерге ілесе алмай қалып қояды. Бұл жұмыссыздықтың пайда болуына соқтырады. Цифрлық технологияны енгізу жалқауға, еріншекке, кәсіби деңгейін өсіруге ынтасы жоқ­тарға қиындық туғызады. Себебі, өнеркәсіптік төңкеріс көз алдымызда жүріп жатыр. Бұл үдерісте ең алдымен жұмыссыздық пайда болады. Кімдер жұмыссыз қалады? Әлгіндей кәсіби деңгейін өсірмейтін, жаңалыққа жоқ, жаңа технологияны үйренбейтін, оқу мен кәсіпке құлқы жоқ жандарға айтарлықтай тұсау салады. Міне, сондықтан алдымызда мүмкіндіктер мен қиындықтар қатар келе жатыр. Осы тұрғы­дан қа­ра­йтын болсақ, цифрландыру өнеркәсіп пен кәсіпорындардағы жұмыс орнын азайтады. Бірақ өндірістің көлемі мен сапасы ұлғаяды. Бұл мемлекеттің экономикасы үшін өте пайдалы әрі қажет даму үрдісі болмақ. Өйткені әлем елдері де осы бағытпен келеді. Елімізде Назарбаев университеті жобасы сәтті жүзеге асты. Бүгінде бұл білім ордасы алдыңғы қатарлы медициналық және инженерлік зерттеу теңізінің тұңғиығына айналды, әрі білім мен ғылым саласындағы халықаралық серіктестіктің маңызды хабы болып саналады. Инновациялық технологиялар паркі – жастардың тың идеялары мен жаңа бастамалары шоғырланатын басты орталық болды. Бұл салада азды-көпті жеңісіміз жоқ емес. Дегенмен, замана көшінен қалмас үшін заманға сай салаларды жетілдіріп отыруымыз қажет. «Білім беру бағдарламаларының негізгі ба­сым­­дығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бір­ың­ғай стандарттарын енгізу қажет», деді Елбасы. Ол білім беру мекемелерінің арасындағы бәсе­келестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатыс­ты қаржы­ландыру енгізілетінін айтты. «Біз­дегі оқушы­лардың жүктемесі ТМД елдері­нің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Эконо­микалық ынты­мақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек», деді Мемлекет басшысы. Ол барлық өңірлердегі Оқушылар сарайлары­ның базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керектігін тапсырды. Елбасының айтуынша бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі. Мемлекет басшысы орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталғанын, ол 2021 жылы аяқталатынын еске салды. «Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Мемлекет басшысы жеке сектордың бірлес­кен қаржыландыруға атсалысуы барлық қол­данбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін мін­детті талап болуға тиіс екенін айтты. Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз керек. Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экс­порттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді. Демек, қазіргі жаңа технологияларға негіз­делген мемлекеттік индустриялық саясатты жүзеге асыру дегеніміз, бұл – болашағымыздың кілті, жас ұрпақтың бақытты өмірінің кепілі. Халықтың иығындағы өмір мен тұрмыстың жүгі Елбасының Жолдаудағы ел алдына қойып отырған міндеттерін дұрыс жүзеге асырып, осы арқылы қазіргі жаһандық бәсекелестіктің жаңа ағымдары мен технологиялық трендтерін игергенде ғана әлдеқайда жеңілдей түсетіндігіне сенімдімін. Осыған орай, 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет болады. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу тездетілуге тиіс. Бұл мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар керек деген сөз. Педагогтарды оқытуды және олардың біліктілігін арттыруды қайта қарау қажет. ЖОО-лардағы педагогикалық кафедралар мен факультеттерді одан әрі дамыту қажеттігі туындап отыр. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын арттыру да кезек күттірмейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыда айтып өткен сөзін, 2006 жылы мамыр айының 26 жұл­дызында Астана қаласында Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінде өт­кіз­ген дәрісінде де айтып өткен болатын. Онда: «…Барлық жоғары оқу орындарында қол­дан­балы математикалық бағыттағы кафедраларда дәріс беру деңгейін сапалық тұрғыда өзгерту керек. Математикалық әдістермен мәліметтерді талдауды бәрі де – инженерлер, экономистер, заңгерлер, құрылысшылар, мемлекет қайрат­керлері мең­геруге тиіс. Әлемдік тәжірибе көр­сет­кендей, кадр­лардың математикалық әзір­лі­гінің жоғары дең­гейі барлық салаларда сапалы өсу қарқынын қамтамасыз етеді…», делінген. Жолдауда жоғары білім беру жүйесіне қатысты көптеген жаңа міндеттер айқындалып отыр. Мұнда, әсіресе, ақпараттық технологиялар бойынша білім беруді барынша дамыту, жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігі айтылды. Осы арада оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет, деді Елбасы. Жолдауда айтылғандай, экономиканың қа­жет­­ті­лігіне жауап бере алатын білікті мамандар даярлау, оқу бағдарламаларының мазмұнын тү­бегейлі жаңарту, студенттердің шығармашы­лық­пен жұ­мыс істеу дағдыларын қалыптастыру, олардың ақпараттық технологияларды терең менгеруіне, қазақ және орыс тілдерімен бірге ағылшын тілін игеруіне қол жеткізу, жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдер даярлау жолында бізде нақтылы жұмыстар ат­қарылуда. Елбасы білім беру мекемелері арасында бәсе­ке­лестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қар­жыландыру жүйесі енгізілетінін ерекше атап өтіп, азаматтарды әлеуметтік қаржылай қолдаудың басым бағыттарына тоқталды. Елба­сының заманауи даму жолдарын ескере отырып қазақ тілінің өркендеуіне, рухани жаңғыруға, халықтың денсаулығын нығайтуға баса назар аудар­ғаны – Президентіміздің халқының бар қадір-қасиетін бойына жинаған ұлттық рухын көрсетті. Мемлекет басшысы мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырды. «Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек. Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет», делінген Жолдауда. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жол­дауында халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көр­се­туге деген сұраныс көлемі арта түсетінін айтып өтті. Сонымен қатар ақпараттық жүйелерді бірік­тіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қол­дану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиім­ділігін арттыру қажеттігін тапсырды. Бүгінде бізде Назарбаев Университетінің біре­гей Медицина мектебі бар. Онда біріктірілген уни­верситет клиникасы жұмыс істейді. Бұл тә­жі­рибе барлық медициналық жоғары оқу орындарына таратылуға тиіс, деді. Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Орыстілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді, деді Елбасы. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кес­тесін жасау қажеттігін атап өтті. Орыс тілін білу маңызды болып қала береді. 2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бой­ын­ша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сын­ып­тан бастап оқытылып келеді. 2019 жылдан 10-11-сы­ныптардағы жаратылыстану ғылы­мы­ның жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады. Оқытудың мазмұндылығы заманауи тех­ни­ка­­лық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үй­ле­сімді түрде толықтырылуға тиіс. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видео­құрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жал­ғас­тыру қажет. Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс, делінген Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында. Елбасының руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендік. Бұл жұмыс дер кезінде жасалып жатыр, енді оны халыққа жеткізе білу керек. Бұл – еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан жұмыс. Болашақта Қазақстанның бет-пердесін не анықтайды? Рухани жаңғыру бағыты Қазақстан­ның құндылықтарының мәнін ашып қана қоймай оны өскелең ұрпақ сезініп, көзімен көретін, өмірлік тәлім-тәрбие алып бабалар алдындағы қарымызды өтеуді, кешенді ізденістер мен мемле­кеттік оң көзқарасты талап етеді. Еліміздің болшақтағы келбетін анықтайтын – бәсекеге қабілеттілік. Бәсекеге қабілеттілік саясатта, экономикада, руханиятта, яғни бар­лық салада болуы керек. Бәсеке болған жерде жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан ары­лып, санамызды жөндейміз. Бәрі санадан басталады. Сол үшін сана түзелуі керек. Сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиіспіз. Абай атамыз баяғыда «Адам бол» деп айтып кеткен. Бұл – қазақтың ұраны іспетті сөз. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жыға­ды» дейді. Білімі мықты болуы үшін еліміздің білім беру саласын реформалаймыз деп жатыр. Бәсекеге қабілеттілікті дамытуымыз керек. Бі­лім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Ата-бабаларымыздың баяғыдан келе жатқан үлкен құндылықтар жүйесі жастарымыздың да санасына еніп, олар әр нәрсеге сын көзбен қарап, жақсы үрдістеріміздің бәрін бойына сіңіріп өссе, нұр үстіне нұр. Елбасы тәрбие, білім беру саласына үлкен мән беріп отыр. Біздің мақсатымыз – әлемдік өркениетке еніп, дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған білім, ғылым арқылы ғана жетеміз. Президент Жолдауы – әрбір қазақстандық үшін қарқынды ұмтылыстың жолы болмақ. Президент Жолдауындағы жаңа бағыттар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше серпін беретініне кәміл сенемін. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табуүшін нақты не істеу керектігін айқындап берген құжат. Сондықтан барша қазақстандықтар алдымен өздерінің жарқын өмірлері үшін осы құ­жаттағы басымдықтарды жүзеге асыруға мүд­делі болуы керек.

2281 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы