• Қаржы
  • 01 Ақпан, 2018

Жолаушы тасымалы: Салаға түбегейлі өзгерістер қажет

Тозығы жеткен көліктер, автобустарда жолаушының аз болуы, жанармай қымбатшылығы, салық, ауа райының қолайсыздығы, нарықтағы заңсыз бәсекелестер кәсіпкер үшін тасымалдауды табысты ете ме? Автобустардың жолға жарамды-жарамсызын кім бақылайды, тұтынушы мүддесі мен кәсіпкер құқығын кім қорғайды? Тасымалдау саласына лицензия жүргізу қажет пе?

29 қаңтар күні «Атамекен» ҰКП басқар­ма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов­тың жетекшілігімен өткен жиында тасымал саласындағы осындай өзекті мәселелер талқы­ланды. Жиынға Инвестициялар және даму министрлігі, ІІМ Әкімшілік полиция коми­теті, салалық қауымдастықтар, автокөлік­пен тасымалдаушы кәсіпорындардың өкілдері қатысты. «Жуырда ғана Ақтөбе облысында автобуста өрт шығуы салдарынан 52 шетел азаматы қайтыс болған қайғылы оқиға жолаушы тасымалы саласында шешімін күткен мәселелер барлығын көрсетті. Бұл дабылдың басы. Осы ретте мемлекеттік органдар тарапынан жедел жүргізілген сараптама нәтижесінде көлікпен тасымалдауда көптеген олқылықтар бары анықталды. Осыған орай тасымалдаушылардың шығынын субсидиялау, салықтан босату, автопарктерді жаңарту қажеттігі Инвестициялар және даму министрінің қатысуымен қаралды. Саланың табысты және қауіпсіз болуы үшін кешенді бағдарламаны қабылдап, бекіту қажет», – деді Елдос Рамазанов. Саланы дамытудың түбегейлі шаралары туралы айта келіп, Қазақстан автокөлікшілер одағының басқарма төрағасы Серік Әлиғұжинов: «Заңсыз тасымалдаушыларға қатысты мәселелерді шешу үшін жұмыс тобын құру қажет. Тасымалдау кезеңінде жолаушылардың қауіпсіздігі бірінші кезекке қойылуы тиіс. Ал тәжірибе көрсеткендей жеке тұлғалар бұл міндетті қамтамасыз етпей отыр. Сондықтан жеке тұлғаның атына автобустарды тіркеуді шектеу керек. Сондай-ақ Автокөлік саласын дамытудың кешенді бағдарламасын тезірек қабылдап, оның орындалуына қатаң ба­қылау жасау қажет», – деп түйіндеді. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы «Автобус» жедел алдын алу шаралары аясында атқарылған жұмыс туралы хабарлады. Басқосуда кәсіпкерлер тасымалдау барысында күнбе-күн алдан шығатын қиындықтарды айтып, саланы жақсартуға қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, тасымалдауға лицензия беруге талапты күшейту, 12 жылдан асқан көліктерді шектеу, жүргізуші құжатын беруде жас ерекшелігін назарға алу, сондай-ақ қоғамдық бақылауды жолға қою және т.б. ұсыныстар айтылды. «Функцияларды бір министрліктен екінші министрлікке беру жеткіліксіз, лицензияларды тек заңды тұлғаларға беруді ұсынамын. Тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір жолы осы. Кәсіпкер осылай жұмыс істеудің тиімді екенін түсінуі керек. Заңсыз тасымалдаушылар салдарынан бюджет салық төлемдерінен қағылып отыр», – деді Қарағанды облысы автокөлік кәсіпорындары қауымдастығының директоры Айнитдин Буралкин. ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов жиынды қорытындылай келіп, қатысушыларды нақты ұсыныстарды «Атамекенге» жолдауларын және автокөлік саласына қатысты заңнаманы жетілдіру бағытында белсенділік танытуға шақырды.

Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ

1794 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы