• Қаржы
  • 29 Наурыз, 2018

Валюталық қарыз алушыларға көмек

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында еліміздің Ұлттық банкіне жүктеген міндеттерін іске асыру мақсатында валюталық ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету бағдарламасы қабылданды.

Осы ретте Ұлттық банк басқармасының 27 наурызда өткен отырысында 2015 жылғы сәуірде қабылданған Ипоте­ка­лық қарыздарды қайта қаржы­ландыру бағдарламасына өз­ге­рістер мен толықтырулар бе­­­­кі­тіл­ді, деп хабарлады баспасөз қыз­­меті. Басқарма отырысының қо­ры­тын­дылары туралы айта келіп, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев: «Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі Мемлекет басшысының биылғы жылғы 10 қаңтарда Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық банкке берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Мемлекет басшысы Ұлттық банкке халыққа 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздар бойынша мәселені түп­кілікті шешуді тапсырды. Қазақ­станда осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде іс жүзінде жеке тұлғалардың баспанамен және өзге жылжымайтын мү­лік­пен қамтамасыз етілген барлық валюталық ипотекалық қарыз­дары теңгеге ауыстырылатын болады», – деп атап өтті. Қаржы реттеушісінің басшысы еске салып өткендей, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап кірістері шетел валютасында емес жеке тұлғаларға шетел валютасында жаңа ипотекалық қа­рыздар беруге заңнамалық тұр­ғыдан тыйым енгізілген болатын. Өзгертулермен толықтыры­лып, жаңартылған бағдарлама­ның басты мақсатына келер болсақ, ол жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алын­ған валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлт­тық банктің 2015 жылғы 18 тамыз­дағы бағамы бой­ынша теңге­мен қайта қар­жы­л­андыруды көз­дей­ді. Бас бан­к­ирдің айтуынша, «бағ­дар­ламаға енгізілген толық­тырулар 21 000-нан аса қарыз алу­­шының қарыз­дарын өтеуге оң­тайлы жағ­дайлар жасайды». Данияр Ақышев валюталық ипотекалық қарыз алушылардың назарын бағдарлама аясында қарызды қайта қаржыландыру туралы өтінішпен өздері кредит алған банктерге уақыт оздырмай жүгіну қажеттілігіне аударуды. «Бағ­дарламаға енгізілген өзге­ріс­тердің екінші бөлігі 2004-2009 жылдар аралығында ипоте­ка­лық қарыз алғандарға қолдау көр­се­туге бағытталған.

Бұл бағдарлама аясында бүгінгі күні 23 000-нан астам қарыз алушыға көмек көрсетілді. Олар өздерінің жалғыз баспаналарын сақтап, ипоте­калық қарыздары бойынша төлем­дерін жеңілдете алды. Ақшаны иге­рудің револьверлік тетігін ескерсек, қайта қаржыландырылған қарыз­дар саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болады деп болжанып отыр», – деді ол. Төраға бағдарламаға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдаудан бұ­рын банктер, қоғамдық бірлестіктер және үкіметпен үлкен жұмыс жүргізілгенін айтып өтті. «Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының тап­сырмаларын тиімді іске асыру мақ­сатында Үкіметпен бірлесіп, банктер үшін, сондай-ақ қарыз алушылар үшін де салық жеңілдіктерін беру ба­ғытында жұмыс жүргізілді», – деп нақ­тылады Д.Ақышев. Қазіргі уақытта Ұлттық банк ипо­текалық қарыз алушыларға, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыларға көмек көрсетудің үшінші кезеңіне кірісті. «Біз мемлекеттік қолдауға ха­лықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылардың ерекше мұқтаж екенін көріп отырмыз. Олардың көпшілігінің жалғыз табыс көзі іс жүзінде мемлекеттік төлемдер мен жәрдемақылар болып табылады. Кредиттерін төлеу үшін сол жәрдемақысын банктерге беруге мәжбүр. Қазір Ұлттық банк маңызды заңнамалық бастама жасады. Оның мәні: қарыз алушының ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелерін орындамауына байланысты бағдар­лама шеңберінде банктерге өндіріп алу айналысы нәтижесінде олардың меншігіне өткен тұрғын үйді жалға тапсыру құқығы берілді. Осы арқылы қарыз алушыға оған бұрын тиесілі болған тұрғын үйді өз меншігіне қайтарып алу мүмкіндігі беріледі», – деді Д.Ақышев. Ұлттық банк басқармасының төр­­ағасы мемлекеттің объективті жағдайлар нәтижесінде қиындыққа тап болған ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету бойын­ша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдап отырғанын атап өтті. Сондай-ақ жинақталған тәжірибе ес­керіле отырып, қар­жы реттеушісінің күш-жігері ипо­текалық кредиттеуді ынта­лан­дыруға бағытталатын болады. Осы тұрғыда Ұлттық банк қазіргі таңда «7 – 20 – 25. Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» бағдарламасын әзір­леу жұмыстарына кірісіп кетті.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1200 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы