• Қаржы
  • 12 Сәуір, 2018

Басты міндет – Қазақстан аумағында шетел валютасымен есеп айырысуды қысқарту

Кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасы қаралды. Қазақстан 2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Осы ретте елімізде шетелдік қаржылық емес ұйымдар қызметінің аясы кеңейтілді. Соңғы жылдары құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы және «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймақтарында валюталық реттеудің ерекше режімі көзделеді.

АХҚО туралы конституциялық заңға сәйкес оның аумағында валюталық операцияларды жүр­гізу тәртібі Ұлттық банкпен келісе отырып белгіленеді. Еліміздің ДСҰ-ға кіруінің өтпелі кезеңі 2020 жылғы 16 желтоқсанда аяқ­­талады. Сол кезден бастап шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдары Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Осы ретте серпінді даму үстіндегі нарықтар жағдайы ескеріле отырып, ва­люталық заңнаманы жоспарлы түрде өзгерту қажет болды. Палатаның жалпы отырысында Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев атап өткендей, заң жобасының негізгі міндеті – валюталық операциялардың мо­ни­торингін кеңейту және Қа­зақ­стан аумағында шетел валютасымен есеп айырысуды қыс­қарту. «Аталған нормаларды іс­ке асыру валюталық бақылаудың тиім­ділігін, оның ішінде елден ақ­шаны әкетуге қарсы іс-қимылды арттыруға мүмкіндік береді. Заң жобасында либералды валюталық реттеу қағидаттарын сақтау көз­делген. Бұл азаматтарға және бизнес субъектілеріне қосымша жүк­темесіз Қазақстан Республикасы интеграциялық бірлестіктер және халықаралық ұйымдардағы мүшелігі аясында қабылдаған халықаралық міндеттемелердің орын­далуын қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді Д.Ақышев. Қолданыстағы заңнама бой­ын­­ша шетелдік ұйымдар­дың фи­­лиалдары бейрезиденттер бо­­­лып табылады. Бұл оларға Қа­зақ­­­станның ішінде резиденттермен валюталық операцияларды жү­зеге асыруға мүмкіндік береді. Қа­зақстандық компаниялар үшін бұ­ған тыйым салынған.

Бас банкир келтірген деректерге сәйкес, былтыр шетелдік компаниялар филиалдарының резиденттермен шетел валютасындағы операцияларының көлемі 2,7 млрд АҚШ долларын құрады. Қазіргі таңда елімізде шетелдік ұйымдардың 4,5 мың филиалы тіркелген. Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды мүше болғаннан кейін олардың қатары ұл­ғая түсері анық. Нәтижесінде ел ішін­де шетел валютасындағы төлемдер көбей­еді, бұл ұлттық мүдделерге сәй­кес келмейді. Сондықтан шетел­дік ұйымдар филиалдарының қазақ­стандық компаниялармен есеп айы­­рысуларын теңгеге ауыстыру ұсы­­нылды. «Қызметі мемлекеттің аты­нан жасалған келісімдер арқылы рет­те­­летін компанияларға өзгерістер қолда­нылмайды. Олар бейрезидент мәртебесінде қала береді, – деп нақты­лады ол. – Сонымен бірге осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған шарттарға қатысты талап­тардың нашарлауы көзделмейді. Бұл түзетулер жергілікті компаниялар мен шетелдік ұйымдардың филиалдары үшін бизнесті жүргізуге тең жағдайлар жасайды». ҰБ баспасөз қызметінің ақпара­тына сәйкес, заң жобасында банк­тердің валю­талық операциялар бойынша төлем­дерге қызмет көрсету мерзімін қыс­қарту мақсатындағы шаралар қарас­тырылған. Атап айтқанда, валю­талық операциялар туралы ақ­парат жинау рәсімдерін бірмезгілде жеңіл­дете отырып, валюталық операцияларды барынша толық қамту көзделеді. Осы ретте тіркеудің және хабарлаудың күр­делі режімдерінің күші жойылады. Олардың орнына валюталық шарттарды бірыңғай есептік тіркеу енгізіледі. Шарттың сомасы мен нысанасы есептік тіркеу үшін өлшемшарт болады. «Осындай жағдайларда банк­тер­дің валюталық реттеудің қандай режімі, тіркеудің немесе хабарлау­дың валюталық операцияға қатысты қол­­даны­латынын анықтауы қажет бол­майды. Сондықтан банктердің ва­лю­­та­лық операциялар бойынша тө­лем­дерге қызмет көрсету мерзім­дері қысқарады. Заң жобасына сәй­кес тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тердің экспорты мен импорты бойынша шарттарға есептік тіркеу рәсімі қолданылады. Бұл валюта­лық бақылаудың тиімділігін арттыру және валюталық түсімді елге қайтару үшін шарттардың толық қамтылуын қамтамасыз етеді», – деді Д.Ақышев. Жаңа жобадағы маңызды тұстың бірі – елден ақшаның жылыстауына қарсы іс-қимыл күшейтіледі. Бұл тұрғыда валюталық операциялар бойынша банктік құпиясы бар ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетіне беру құқығы көзделген. Осы орайда елден ақшаны әкетуге қарсы іс-қи­мылды күшейту екі бағыт бойынша жүргізілетін болады: елден ақшаны әкету белгілері бар валюталық опера­циялардың тізбесін енгізу, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органымен белсенді өзара іс-қимыл, оның ішінде ақпараттық іс-қимылды жолға қою. Заң жобасында елден ақшаны әкету белгілері бар валюталық опе­рациялардың тізбесі айқындалған. Д.Ақышев заң жобасын таныстыру барысында атап өткендей, банктер мұндай операцияларды резидент ақ­паратты валюталық бақылау орган­дарына беруге рұқсат берген кезде ғана жүзеге асырады. Елден ақшаны әкетуге қарсы іс-қимыл мақсатындағы екінші ба­ғыт­қа тоқтала келіп, Д.Ақышев: «Ақ­па­раттық өзара іс-қимыл мәселе­леріне неге ерекше назар аударылады? Себебі капиталдың әкетілуін бақылауды заңның номаларымен ғана қамтамасыз ету мүмкін емес. Ка­питалды әкету заңсыз жолмен немесе заңды мәмілелер арқылы жасыра отырып жүзеге асырылуы мүмкін. Тікелей шектеу шаралары адал кә­сіп­керлер үшін инвестициялық ах­уал­ды және бизнес жағдайын нашарлатуы мүмкін. Бұл сондай-ақ на­рық­тық экономикаға тән емес», – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы мүдделі мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты қолданыстағы және тиімді ақпарат алмасу әртүрлі мемлекеттік органдарға түсетін бірдей мәміле бойынша дәйексіз мәліметтерді анық­тауға мүмкіндік беретіндігін түсін­діріп өтті. Сондықтан заң жобасында валю­талық операциялар бойынша банктік құпия қамтылған ақпаратты Мем­лекеттік кірістер комитетіне беру құқығы көзделеді. Келесі бір маңызды мәселе – Қазақстан аумағында валюталық құн­дылықтар айналысының тәртібі тура­лы. Оның аясында банктік емес айырбастау пункттеріне Ұлттық банк шығарған шағын алтын құймаларды сатып алу және сату құқығын беру қарас­тырылып отыр. «Сонымен қатар «валюталық операциялар» ұғы­мына вал­юталық құндылықтарды сенім­гер­лік басқаруға не брокер­лік қызмет көрсету туралы шарт негізінде беру, бейрезидент шы­ғар­ған электрондық ақшаны резидент­тің сатып алуы мен өтеуі және керісінше, енгізілді», – деп атап өтті Д.Ақышев. Сондай-ақ бағалы қағаздар на­рығы­ның кәсіби қатысушыларына ішкі валюта нарығында қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу және сату құқығы беріледі. Ұлттық банк басшысы түсіндіргендей, бұл өзгерістер жеке тұлғалардың инвести­ция­лық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды, сондай-ақ ішкі валюта нарығында бәсекелестікті дамытуға ықпал етеді. Данияр Ақышев заң жобасы қабылданған жағдайда бизнес субъ­ектілеріне өз қызметін жаңа та­лап­тарға сәйкестендіру үшін уақыт қажет болатындығына назар аударды. Сондықтан заң жобасын 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап қолда­нысқа енгізу белгіленді. «Сонымен қатар 2020 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның ДСҰ-ға кіруінің өт­пелі кезеңі аяқталады. Осыған орай шетелдік қаржы ұйымдарының фи­лиал­дары ішкі нарыққа кіруге мүм­кіндік алады. Сондықтан заң жоба­сының 1-бабы 3-тармағының 7-абзацы үшін қолданысқа енгізу мерзімі 2020 жылғы 16 желтоқсан болып белгіленді», – деді банк төрағасы. Сөзін қорытындылай келіп, Данияр Ақышев валюталық реттеудің ырық­тандырылған қағидаттары сақ­та­­латындықтан заң жобасын қа­был­даудың қарапайым азамат­тар­ға қай жағынан алғанда да әсері бол­майтындығын атап өтті. Онда қа­растырылған өзгерістер ірі валюта­лық операцияларға ғана қатысты болмақ. Мәжіліс мінберінен Ұлттық банк төрағасы таныстырған «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасын палата депутаттары талқылаудан кейін бірінші оқылымда мақұлдады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1399 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы