- Цифрлы Қазақстан
- 19 Сәуір, 2018
Сандық технология – дамудың жаңа кілті
Алматыдағы Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «Сандық Қазақстан: BIM-технологияларын практикаға және білім беру жүйесіне енгізудің жаңа парадигмалары» атты II Халықаралық инновациялық форум өтті.
Аталмыш іс-шараға Сәтбаев университетінің студенттері мен оқытушылары, әсіресе сәулет-құрылыс саласының мамандары жоғары қызығушылық танытты. Форумды KAZGOR Жобалау академиясы және Халықаралық Autodesk компаниясымен бірлесе отырып, Сәтбаев университеті ұйымдастырды. Форумның ашылу салтанатында Satbayev University-нің ректоры Ескендір Бейсембетов, «CEO KAZGOR» өкілі Айдар Татығұлов, Т.Басенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев, «Information Management Partner at Simpson Haugh and Partners» ағылшын компаниясының өкілі Дэйв Мойес сөз сөйледі. Форумның алғашқы күні ақпараттық модельдеу саласының жетекші мамандары 10 шеберлік сағатын өткізіп, оған 115 қонақ қатысты. Мұндай іс-шаралар өте мазмұнды әрі маңызды түрде өтіп, алдағы ынтымақтастық қарым-қатынас туралы бірнеше келісім-шарттарға қол қойылды. Форумның екінші күнгі отырысына студенттер, оқытушылар, құрылыс және жобалау ұйымдарының өкілдері қатарынан барлығы 200-ден астам адам қатысты. Ұлыбритания, Ресей және қазақстандық баяндамашылар BIM-технологияларын қолданысқа енгізу жөніндегі тәжірибелерімен бөлісіп, оның болашақ дамуы туралы мәселелерді талқылады. Форум аясында қазақстандық компаниялардың BIM-технологияларын қолдану арқылы жасаған жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ сәулет және құрылыс институттары студенттерінің арасында өткен байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш форум болашақ мамандарды даярлайтын техникалық жоғары оқу орындарының, жобалау және құрылыс ұйымдарының, кәсіби бірлестіктердің және т.б. көптеген ұйымдар арасындағы байланысты нығайтатыны анық. ВІМ-технологиясы саласы қазіргі заманғы үрдістерге, ВІМ-технологияларды тәжірибелі енгізуге және қолдануға, сондай-ақ Қазақстанда және шетелде ақпараттық модельдеуді дамытуға бағытталады. Форумда күн тәртібіне қатысты көптеген бағалы баяндамалар жасалды. Әсіресе, шетелдің көрнекті ғалымдары жасаған баяндамалары зор ықыласпен тыңдалды. Форумда сәулеттегі және құрылыстағы ВІМ-технологиясы мәселесі жайдан-жай қозғалған жоқ. Өйткені елімізге сандық технологияларды енгізу ауадай қажет болып отыр. Экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Цифрлық Қазақстан-2020» бағдарламасының «Сандық Жібек жолы» бағытының мақсаты ауылдарды интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға негізделген. Сонымен қатар бұл сандық түрлену көлік пен логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, электронды коммерция секілді бағыттарды қамтымақ. 2020 жылы еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 4,7 пайызы ақпараттық-коммуникациялық сектордың үлесінде болмақ. Ал аталмыш саланың еңбек өнімділігі 34 пайыз артады деп күтілуде. «Сандық Қазақстан: сәулеттегі және құрылыстағы ВІМ-технологиялар» форумы болашақ мамандарды даярлайтын техникалық жоғары оқу орындарының, жобалау және құрылыс ұйымдарының, кәсіби бірлестіктердің, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері ВІМ технологиясын енгізу және қолдану бойынша мәселелерді талқылай алатын шараға айналуы тиіс. Сонымен қатар жинақталған практикалық тәжірибемен, даму перспективаларымен бөлісе алатын, саланың барлық буындарының өзара байланыс схемасын әзірлейтін, әмбебап пікірталас өткізе алатын форум ретінде тұрақты өткізсе құба-құп. Алматыдағы «KAZGOR» Жобалау академиясы өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бері сәулет өнеріне бет бұрған таланттардың ұябасар шаңырағына айналған. Республикамыздағы алдыңғы қатарлы жобалаушылар мен сәулетшілердің басын қосқан бұл мекеме кешегі Кеңес дәуірінің өзінде 12 рет Бүкілодақтық социалистік жарыстардың жеңімпазы атанып, осы дәстүр еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында да лайықты жалғасын тапты. Осыдан бірер жыл бұрын олар «Алтын сапа» белгісіне ие болды. Академия үнемі мәдени-рухани саладағы елең еткізер оқиғалардың ордасы болып та келеді. Әрі жуырда бұл академияның демеушілігімен Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Халықаралық компания Autodesk және «KAZGOR» Жобалау академиясымен бірігіп «Сандық Қазақстан: Сәулеттегі және құрылыстағы ВІМ-Технологиялар» атты форумды өткізген болатын. Академия президенті Айдар Әбдісағитұлы Тәтіғұловтың техникалық университетте форумның сәтті өтуіне қосқан үлесі зор болды.
Нұрлан ҚҰМАР
2147 рет
көрсетілді2
пікір