• Қаржы
  • 19 Сәуір, 2018

Маңызы терең магистраль

«ҚазТрансГаздың» негіздемесі оң бағаға ие

Газ тасымалдау жүйесінің әлеуметтік тұрмысқа, экономикалық өрлеуге тікелей қатысы сала инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық маңыздылығын дәйектей түседі. Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасының бірін аймақтарды газдандыруға арнап, бүгінде әлі де болса газ тапшылығын сезініп отырған өңірлерге назар аударуы сондықтан.

Көгілдір отынның халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мен экономиканы жандандыруға, энергетикалық, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсерін қайталап жату артық. Ресми мәліметтер бойынша тәуелсіздік жылдары газды ішкі тұтыну 1,5 есеге өсті.

Коммуналдық және тұрмыстық кәсіпорындар мен халықтың газды тұтыну көлемінің өсуі газдандырудың бас схемасында қарастырылған шаралар кешенін жүзеге асырумен байланысты. 2014 жылы Үкімет бекіткен елімізді 2015-2030 жылдарға дейін газдандырудың бас схемасына сәйкес, газдандыру деңгейін ағымдағы 47 проценттен 2030 жылға қарай 56 процентке дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл 3 млн адамды немесе 1,6 мыңнан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әзірге бұрыннан қалыптасқан газ тасымалдау жүйесіне сай табиғи газ 14 облыстың тек 9 облысына ғана жеткізіледі. Сондықтан газсыз қалып отырған орталық және солтүстік өңірлердің мәселесін шешу үшін алдағы бір-бір жарым жылда Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана – Көкшетау – Петропавл бағыты бойынша «Са­рыарқа» магистральді газ құбырын салуға нақты шешім қабылданды. Жоба өзінің салыстырмалы құны бойынша газбен жабдықтауды барынша қамтуымен, индустриялы өңірлер арқылы өтуімен, сонымен қатар өз отанымызда шығарылған газды пайдалануымен тиімді деп танылып отыр. Сөйтіп, «Қараөзек» компрессорлық станциясынан басталып, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытын көктей тұрғындар­ды көгілдір отынмен қамтитын газ құбырының құрылысына кірісу және газ құбырының алғашқы жігін дәнекерлеу алдағы шілдеге жоспарланды. Отандық газбен қамтамасыз ету, стратегиялық Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральді газ құбыры­ның тасымалдау мүмкіндігін арттыру мақсатында ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясы өткен жылы «Қараөзек» компрессорлық стан­циясын пайдалануға енгізген бола­тын. Станцияның мүмкіндігі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГ құбырының өткізгіштік қабілеттілігін 10 млрд текше метр газға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Объектіні салу барысында алда Астананы, сондай-ақ орталық және солтүстік өңірлерді де газдандыру есепке алынды. Бүгінгі таңда еліміздің батысынан басталатын құбыр оңтүстікті газбен қамтамасыз етуде зор мүмкіндіктерге жол ашып, Сыр жұртшылығы облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ желісінің игілігін көріп отыр. Энергетика министрлігінің мәлі­ме­­тінше, бірінші кезеңде ұзын­дығы 1 081 шақырымды құрай­тын Қызылорда – Жезқазған – Қара­ған­ды – Астана бағыты бойынша газ құбырының құрылысы жоспар­лан­ған. Ал екінші кезеңде ұзындығы 276 шақырым болатын Астана – Көкшетау газ құбыры тартылады. Жобаның үшінші кезеңінде 177 шақырымдық Көкшетау – Петропавл учаскесі және соңғы төртінші кезеңде аталған газ құбырынан газ тұтынудың болжамды ұлғаюын есепке ала отырып, магистральді газ құбырының өткізгіштік қуатын жылына 3 млрд текше метрге дейін жеткізу үшін Жезқазған және Теміртау компрессорлық станцияларын салу көзделуде. Қазіргі сәтте жобаны жүзеге асырудың жол картасы әзірленіп, жұмыс тобы құрылған. Сөйтіп, Энергетика министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстарының және Астана қаласының әкімдіктері, «ҚазТрансГаз» газ және газбен жаб­дықтау саласындағы ұлттық операторы Қызылорда – Жезқазған – Қа­ра­ғанды – Теміртау – Астана бағыты бой­ынша магистральді газ құбыры­ның жобалық-сметалық құжаттамасын әзір­леуді, бекітуді және жер бөлуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар халықаралық қаржы институттарының қаражаттарын тарту арқылы жобаны қаржыландырудың сызбасы мен шарттарын анықтау, «Сарыарқа» газ құбыры арқылы тасымалданатын газ тарифтерін өзгерту жөніндегі мәселелері де пысықталуда.

Бүгінде газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор «Қаз­ТрансГаз» акционерлік қоғамы «Са­рыарқа» магистральді газ құбыры құ­рылысы жобасына техникалық-эко­номикалық негіздеме әзірлеп, оған мемлекеттік сараптама оң қорытынды берді. Негіздемеге сәйкес жобаның жалпы құны – 370 млрд теңге. Сәйкесінше, ұзындығы 1 081 шақырымды құрайтын Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана бағыты бойынша газ құ­бырының бірінші кезеңі әзірленуде. Бұл учаске қала тұрғындарын және газ құбыры трассасын бойлай орналасқан елді мекендерді табиғи газбен қамтиды. Мамандар магистральді газ құбыры бойындағы инфрақұрылымды және табиғи газды пайдаланумен жаңа өндірістерді дамытуда жобаның тиім­ділігін ерекше атауда. Мысалы, газ құ­бырының құрылысы барысында шамамен 800 жұмыс орны мен оны пайдалану кезеңінде 225 жұмыс орны құрылады деп болжанып отыр. Сонымен қатар газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аймақтар дамуының жаңа әлеумет­тік-экономикалық құралы ретінде осы бір ауқымды жобаны тұрғындардың, кәсіпкерлердің тағатсыз тосқаны анық. Қызылордадан Астанаға тартылатын газ құбырының басым бөлігі Қарағанды аймағының үлесінде. Бұл ретте магистраль құрылысы мен газдандырудан зор ықпал күтіледі. Атап айтсақ, 119 елді мекенді газдандыру тұрақты жылумен қамтамасыз ету және тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын құруға, биз­несті дамытуға жағдай туғызады. Газ құбырын салуда пайдаланылатын құ­рылыс материалдарын шығаратын қа­рағандылық кәсіпорындар таңдалып жатыр. Ал жыл сайынғы инвестициялар 10-15 млрд теңгеге дейін жетеді деп есептелуде. Магистральді газ құбырын толтыру мен тұтынушыларды газ жеткізу­мен қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана әкімдіктері келер жылдың шілдесіне дейін газ құбырының аяқталу уақытымен сәйкестендіре отырып, газ тарату желілерін жобалайды. Алда ағымдағы жылдың мамырына дейін жобалау-сметалық құ­жат­таманы әзірлеу және шілдеге дейін мемлекеттік сараптамадан өткізу, екіншіден, Еуропа қайта құру және даму банкі, Қазақстанның даму банкі сияқты ұйымдардан қаражат тарту арқылы қаржыландырудың схемасы мен талаптарын айқындау мәселелері шешілуі тиіс.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы