• Қаржы
  • 19 Сәуір, 2018

Ресейге қарсы жаңа санкциялар Қазақстанға әсері қандай?

Сәуірдің алғашқы жұмасында АҚШ 24 ресейлік бизнесмендер мен шенеуніктерге, сондай-ақ солардың бақылауындағы 12 компанияға қарсы санкциялар енгізді. Осы туралы ақпарат АҚШ Қаржы министрлігінің сайтында жарияланды.

Шектеуге ұшырағандар са­натында – «Газпром» басқар­масының төрағасы Алексей Миллер, іскер-бизнесмен Игорь Ротенберг, «РУСАЛ» және En+ Group компанияларының иесі Олег Дерипаска, сондай-ақ ішкі істер министрі Владимир Колокольцев, Росгвардияның басшысы Виктор Золотов пен Тула облысының губернаторы Алексей Дюмин. Санкциялық тізімге ілінген атал­мыш компаниялар мен жеке тұлға­лардың Құрама Штаттар аума­ғын­дағы барлық активтері бұғақта­лады. Мұның үстіне, америка­лық аза­мат­тардың осы тізімге енгендермен, қандай да болмасын, бизнес жүргі­зуі­не тыйым салынған. Әуел баста санкциялар кө­ңіл аударарлықтай қабылдана қойған жоқ, бірақ дүйсенбіде, 9 сәуірде, әлемдегі аса ірі алюминий өндіруші­лердің бірі – «РУСАЛ» біріккен ком­паниясы Гонконг биржасында кредит­тік міндеттемелері бойынша санк­цияларға қатысты техникалық дефолт мүмкіндігі туралы хабарламасын жария етті. Сол хабарламада өзінің ағым­дағы міндеттерін орындауға ниетті екендігі жайында айтыл­ған, алайда, нарық бұған «РУСАЛ» акциялары бағасының тез төмендеуімен ықпалын білдір­ді. Сол кезде Forbes.ru хабар­ла­ғанындай, Гонконгтағы да, Мәс­кеу биржасында да акциялар құны шамамен 50%-ға құлап кет­кен. Жеке санкциялар әлемдік эконо­микаға әсерін тигізді. Мысалы, алюминийге бағалар, компанияның не­гізгі иесі Олег Дерипаскаға қарсы енгі­зілген санкциялар салдарынан на­рық­қа металды жеткізу қарқы­ны бұзылады деген қауіппен өсе бастады. 9 сәуірде күндіз алюминийге фьючерстер Лондон металдар биржасында 2,5%-ға, тоннасы 2 092 долларға дейін өсті. «РУСАЛ» біріккен компаниясы бастапқы алюминий мен алюминий тотығын өндіруші әлем­дегі аса ірі компаниялардың бірі болып табылады.

Оның өнімдерін өткізетін на­рықтары – Еуропа, Ресей мен ТМД елдері, Солтүстік Америка, Оң­түстік-Шығыс Азия, Жапония мен Корея. Айтпақшы, өнімнің 20%-дайы Құрама Штаттарға өткі­зіледі.

Ресей қандай  күй кешуде?

«РИА Новости» агенттігінің хабарлауынша, «РУСАЛ» компанияға қарсы шектеулер енгізілгеннен кейін өз клиенттеріне төлемдерін тоқтата тұруларын сұрапты. Бұл өтініштерін олар санкциялар зардаптарын бағалау қажеттілігімен түсіндіреді. Жағдайды күрделен­діріп жіберуі ықтимал қауіп – Дерипасканың «РУСАЛ» компаниясы тарапынан 7,6 млрд доллар және En+ Group жағынан 12,1 млрд үлкен қарызы бар. Қор биржасының құлдырауы салдарынан жалпы алғанда ресейлік бизнесмендер ең аз дегенде 12 млрд долларларын жоғалтқан. Бәрінен көп Олег Дерипаска мен Владимир Потаниннің байлығы азайған – екеуінің де дәулеті 1,3 млрд-қа ортайыпты, Виктор Вексельбергтікі – 1 млрд-қа, ал Сулейман Керимовта – 840 млн-ға азайыпты. Ресей үкіметі сол кезде-ақ АҚШ-тың санкцияларына ұшыраған ком­па­нияларға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Қор және валюталық нарықтар жаңа антирекордтар орнатып жатты. ТАСС былай деп хбарлады, 9 сәуірдің қорытындысы бойынша Мәскеу банкаралық валю­талық биржасы (ММВБ) индексі 8,34%-ға түсіп кеткен, Ресей сауда жүйесі (РТС) индексі – 11,44%-ға төмендеген. 10 сәуірде күннің соңына ММВБ 3,96%-ын қайтарыпты, әйтсе де сол мезгілге РТС индексі одан әрі – тағы 0,38 пайыздық пунктке төмендей түс­кен. 11 сәуірдегі рубльдің долларға ба­ғамы, Астана уақытымен 02:49-ға, бірлігі үшін 63,02 рубльге дейін түсіп кеткен, евро – 77,85 рубльге түскен. 9 сәуірде бұл көрсеткіштер, тиісінше 60,15 және 74,08 рубль болған.

Сарапшылар сан саққа жүгіртеді

Техникалық дефолт, бизнесте ақ­ша бар, бірақ техникалық жағ­дай­ларға байланысты ақша ағыны тоқтап қалады, деп түсіндіреді қазақстандық экономист Алмас Чукин. «Басқа жағынан алғанда, Олег Дерипаска банкрот болуы мүмкін. Қалыпты жағдайда оның табысты бизнесі бар, бірақ кез-келген қара­пайым бизнес сияқты, дамуға және басқа да мақсаттарға оның қа­рыздары 12 млрд доллар құрап отыр. Оның ішінде 5 миллиарды – бұл евробондтар, қарыздың қатаң түрі», – дейді Чукин Informburo.kz журналисімен әңгімесінде. Евробондтар арқылы ақша алғанда «ковенанттар» – қарызды қайтаруға мүмкіндік беретін қамта­масыз етуші шаралар – бекітіледі. Өзіне міндеттемелерді акционерлік компания алғаннан кейін, деп атап көрсетеді экономист, акциялар шарасыз формальды емес қарыздың бір бөлігіне айналады. Олег Дери­пасканың компа­ниясының қарыз­дарын сатып алған адамдар, егер оның бизнесі өзіне қабылдаған міндеттемелері бойынша есептесе алмаса, онда бизнесменнің меншігін, акцияларын ала бастауға болатынын түсінеді. Бұл инвесторды сабырлылыққа шақыратын елеулі фактор, құнды қағаздар артында нақты зауыттар мен активтер тұр. Ал мұндағы жағдайда, табан астында акциялар құны нөлге айналды. Шын мәнінде келісім-шарттың маңызы қалмады, өйткені ол ештеңеге сүйене алмайды. Егерде осыған ұқсас жайт туындай қалса, қарыздық міндеттемелерді ұстаушы шұғыл түрде өз қарызын өтеуін талап етуге құқылы. Бірақ бірде-бір бизнес қарыздарын бір сәтте жаба салуға жағдайы жоқ – бәрі де қарызды жабудың тізбегі бойынша жоспар құрады», – дейді А. Чукин. Оның айтуынша, қазір «РУСАЛ» айналасындағы жағдай екі жолмен өрбуі мүмкін. Біріншісі – «жұмсақ» нұсқа, бұл ретте Ресей үкіметі Олег Дерипаскаға елдің тұрғындары есе­бінен ақша береді, сөйтіп оны құт­қарады. Қиынырақ нұсқасы – мемлекет меншігіне айналдыру. «Егерде қарыз көлемі ауқымды болса, мемлекет бәлкім, ақша беріп қана қоймайды, компанияның қомақты пакетін алып қояды. (...) Инвесторлар – қорқақтау жараты­лыстан болып келеді. Дәл қазір Олег Дерипасканың компанияларына қа­ты­настары болмаса да, бірақ басқа ресейлік компаниялар акцияларын ұстаушылар болғанымен, – бәрібір қашып жатыр. Өйткені, ештеңе айырып болар емес, келесі жолы кімге қарсы тосқауылдар енгізілмек», – деп қорытты ойын Алмас Чукин.

Қазақстанға  әсері қандай?

Ресей Қазақстанның ірі сауда әріптесі және солай болып қалады да. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша 2017 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 16 миллиард долларды құраған. Оның үстіне Ресейден Қазақстанға инвестициялар ай­тар­лықтай ынталы түсіп жатыр деп айта алмаймыз. 2017 жылдың тоғыз айында мұндай салымдар көлемі 870,5 млн долларды құрап, жалпы шетелдік күрделі қаржы көлемінің 5,5%-ына ғана тең келген. «РУСАЛ» компаниясының Қа­­зақ­­стандағы өндіруші компанияларда айтарлықтай үлесі бар. О.Дери­пасканың компаниясы Павлодар об­лы­сындағы Богатырь кенішінде көмір өндіретін «Богатырь» ЖШС-нің 50%-ына иелік етеді. Кәсіпорын үлесі­нің екінші жартысы – «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншісінде. Кө­мір, негізінен қазақстандық және ресейлік элек­тр стансаларына жө­нелтілгенімен, өнім­­нің 75%-дайы өз еліміздің сатып алушыларына жеткізіледі екен. Санкциялық тізімде біздің елі­мізбен бизнестері мүдделі басқа да іскерлер бар екен. Мәселен, Андрей Костин – мемлекеттің қатысуымен танылған ірі банк – ВТБ қаржы инс­титутының президенті, басқарма төрағасы. Бұл жүйенің Қазақстанда еншілес құрылымы – «ВТБ банкі» АҚ-ның ЕБ (еншілес бірлестігі) бар. Ұлттық банк мәліметтеріне сәйкес, бұл қаржы институты қазақстандық банктер арасында активтерінің көлемі бойынша 21 орында тұр. Тізімдегі тағы екі «нарқасқа» мұ­най-газ саласының өкілдері, бұлар – «Газпром» басқармасының төр­ағасы Алексей Миллер және «Газпром нефть» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Сергей Фурсенко. Қазақстанда «Газпром нефть – Қазақстан» еншілес кәсіпорны жұмыс жасайды, ол Омск мұнай өңдеу зауытынан мұнай өнімдерін сатумен айналысады. Бұл компанияның басқаруында бүкіл еліміз бойынша 70 автожанармай құю стансасы бар. 10 сәуірдегі үкімет отырысынан кейін ұлттық экономика ми­нистрі Тимур Сүлейменов «РУСАЛ» акцияларының құлдырап құ­ла­уына қатысты өз ойын «бұл нарық­тың жү­йке талмасының салдары» деп біл­дірді. Санкциялардың Қазақстан экономикасына әсерін бағалау үшін, министр пікірінше, Ресейдегі болып жатқан жайттарды жіті қадағалау қажет.

''Еркіндіктегі ұлттық валюта бағамы ішкі және сыртқы факторларға байланысты. Олардың оң серпіні ішкі валюта нарығындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Теңге бағамы іргелі факторлар арасындағы ара-қатынасты толығымен көрсетеді. Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заң жобасы мақұлданған Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистер сұрақтарына жауап бере келіп, теңге бағамының ауытқуына қатысты Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев: «Ресей рублінің әлсіреуі аптаның басынан бастап шамамен 10% болды. Ресей – Қазақстанның негізгі сауда әріптесі. Екі ел ЕАЭО қатысушылары болып табылады. Бұл екі елдегі үдерістердің өзара тәуелділігін білдіреді. Нәтижесінде теңге екі күн ішінде (9 және 10 сәуір) 1,8%-ке әлсіреді», – деді. ҰБ төрағасы екі елдің ұлттық валюталарының әлсіреу қарқынындағы айырма, біріншіден, Қазақстанға АҚШ санкциялары қолданылмайтынына байланысты екендігін, екіншіден, Ресей рублі теңгеге әсер ететін маңызды, бірақ жалғыз фактор еместігін атап өтті. «Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері тұрақты. Мұнайға баға бір баррель үшін 70 АҚШ долларын құрайды. Экономикалық өсу қарқыны жоғары. Төлем балансындағы ахуал жақсаруда. Инфляция нысаналы дәліз шегінде. Әлемдік шикізат нарықтарында тұрақтылық болған жағдайда, Қазақстан экономикасы үшін тәуекелдер шамалы деп бағаланады». Үшіншіден, Қазақстан қор нарығының Ресей нарығымен салыстырғанда өтімділігі жоғары емес. Оның жаһандық қаржы нарықтарына ықпалдасуы аз. Яғни Қазақстан мен Ресейдегі ахуал әр түрлі. Сондай-ақ АҚШ-тың немесе басқа елдердің РФ-ге қатысты ықтимал әрекеттерінен ресей қаржы нарығындағы жағдай жалғасуы мүмкін. Бұл қысқа мерзімді болашақта теңгенің құбылмалылығы сақталуына әкеледі. «Қазақстанның барынша жақсы макроэкономикалық көрсеткіштерін ескере отырып, теңге бағамының құбылуы әлсіреу, иә нығаю жағына қарай орын алуы мүмкін. Бағамның ағымдағы құбылмалылығының нарықтық және психологиялық сипаты бар. Айтарлықтай ауытқу кезеңінде активтерді шұғыл ауыстыру кейіннен едәуір шығындарға апаруы мүмкін», – деп қорытындылады Данияр Ақышев.

Теңге бағамы «қобалжуы» мәсе­ле­сіне қайта оралсақ. «Қазақстанға қазіргі жағдайда не күтуге болады? Осының алдындағы жүзеге асырылған девальвация қор жинақ­тауға мұрша берді. Егер бұған дейін теңгенің рубльге қатысты бағамы әдетте 1:5 болса, ол соңғы кездерге дейін 1:5,5 аумағында немесе аздап арзандау болып келді. Яғни рубльдің әлдебір шекке дейін құлауын біз күйзеліссіз еңсере аламыз. Егерде бұл шектен асып кету орын алса, теңгенің девальвацияға ұшырауы уақыт еншісіне ғана тә­уелді боп қа­лады», – дейді тағы бір саясаттанушы-экономист Талғат Қа­лиев. Сарапшы санкциялық тізімдегі кәсіпорындардың Қазақстанға қан­дай қатысы барлығын түсінуіміз маңызды, деп атап көрсетеді. «Басқаша айтқанда, Қазақ­стан­ның Ресейдегі санкцияға ілін­ген кәсіп­орын­дармен байланы­сы бар ма? Біз­дің Ұлттық қорымыз қаражатының қайсыбір бөлігі қазір қор нарығында құндары құлдырап жатқан компа­ния­лардың құнды қағаздары мен акцияларына салын­баған ба? Егер салын­ған болса, елеулі шығыстарға ұшырары­мыз хақ», – деп қорытады Т.Қалиев.

Исатай ҚАМБАРОВ

1490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы