• Қаржы
  • 26 Сәуір, 2018

Жаңарған экономиканың талабы да жоғары

Елбасы «Самұрық-Қазынаның» стратегиясын бекітті

«Самұрық-Қазына» қоры 2018-2028 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясын қабылдап, трансформация бағдарламасын жаңартты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аталған құжаттарды мақұлдап, Қорды дамытуға бағытталған жұмыстарды оң бағалады.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бірінші ұзақмерзімді даму стратегиясы 2012 жылы жаһандық қаржылық дағдарыстың салдарына қарсы әрекет жасау үшін қабылданғаны белгілі. Сол кездері экономика өсімінің тиімді көздерін қалыптастыруға бағытталған байыпты жобалар қиындықты еңсерудегі іс-қимылды қажетті арнаға бұра білді.

Тапсырмалардың табысты орындалуына күш-жігер жұмсай отырып, мемлекеттік корпорациялар, қордың даму институттары күрделі кезеңде алға қойылған басым міндеттерге қол жеткізді. Әйтсе де, уақыт өзгеріссіз болмайды. Сыртқы факторлардың әсеріне барынша төтеп берген эко­но­микамыз бүгінде үшінші жаң­ғырту жолына түсіп, дамудың белсенді құралы ретінде цифрландыру қадамдары қарқын алуда. Ірі компаниялар қызметі бәсе­кеге қабілеттілікпен, жоғары дең­гей­дегі қайтарымдылықпен өл­ше­нетіні барған сайын аңғарыла түсуде. Сәйкесінше, экономиканы биік деңгейге көтеріп, ел-жұрттың тұрмысын жақсартуға қызмет ететін ұлттық әл-ауқат қорына дамудың жаңа стратегиясын қабыл­дай­тын кез де келді. Сондай-ақ Қорды транс­формациялаудың жаңа бағдар­лама­сының нәтижелері компаниялар­дың қызметінде лайықты көрініс табуы тиіс. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысында Елбасы дамудың жаңа стра­тегиясы мен трансформациялау бағ­дар­ламасы Қор жұмысының тиім­ді­лігін арттырып қана қоймай, ұлт­тық экономиканың одан әрі дамуына да ықпал ететінін атап өтіп, Үкімет пен Қор басшылығына осы бағдарла­ма­ларды жүзеге асыру бағытында бел­сенді жұмыс жүргізуді тапсырды. Дағдарыстың дүмпуі тарқай бас­таған кезеңнен «Самұрық-Қазына» активтерді тиімді басқаруға, қордың тобына кіретін компаниялардың ұзақ мерзімді құнын арттыру міндетіне кіріскен-ді. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды бақылауда, ен­гізілген өндірістерді жобалық қу­ат­­­тылыққа шығаруда, тауарлар мен қызметтерді сатып алуда жер­гі­лікті мазмұнды арттыруда Қордың басым үлесіне үміт артылды. Қор­жын­дық компаниялардың жоғары табыс­ты­лығы, олардың нарықтық үйлесімділігі назарға алынды. Бұл шаралармен коммерциялық қызметтің, корпоративтік басқарудың тиімділігін, оперативтілік табыстылықты көтеру қатар жүрді. Дегенмен, Қор компанияларын бас­қарудың көп деңгейлі жүйесі әлі күнге дейін әрекет етуде. Кеңесте басқарудағы тиімділік мәселесіне тоқталған Президент бұл жүйенің шешімдер қабылдауды күрделендіріп, саны көп әкімшілік-басқарушылық персоналды ұстау елеулі қаржы ресурстарын талап ететінін айтып, басқару деңгейлерін қысқарту қажеттігіне на­зар аударды. Сондай-ақ Қордың активтерін жекешелендіру жөніндегі жұ­мысты жалғастыру да маңызды болып қала бермек. Коммерциялық мүдде мен әлеу­мет­тік міндеттердің арасындағы «ымы­­р­ашылдық» мәселесіне келгенде, көптен бері сингапурлік «Temasek» мем­лекеттік қорының тәжірибесі сөз еті­ліп келді. Бүгінде әлемнің жетекші жеке корпорацияларының алдын орап жүрген «Temasek» құрылымдары сапалы корпоративтік басқаруды негізгі басымдық ретінде ұстанудың ар­­қасында жоғары қаржылық көрсет­кіштерге қол жеткізген. «Самұрық-Қазына» ұсынған жаңа құжат операциялық және инвестиция­лық қызметі толығымен коммерцияға бағытталған Сингапурдың «Temasek», Малайзияның «Khazanah» және Біріккен Араб Әмірліктерінің «Muba­dala» тәрізді табысты тәуелсіз қор­лардың тәжірибесін ескере отыра әзірленді. Жаңа стратегияға сәйкес, Қор қоржын компаниялардың кірісін көбейту арқылы ұлттық әл-ауқатты арттыруға басымдық береді. Жаңа стратегиясында «Самұрық-Қазына» АҚ үш негізгі мақсатты: ком­паниялардың тиімділігін арттыруды, «Самұрық-Қазына» портфелін (активтерді) тиімді басқаруды және тұрақты дамуды белгілеп отыр. Бұл мақсаттар 4 стратегиялық бастама арқылы жүзеге асырылады. Бұл біріншіден, компаниялардың қаржылық тұрақтылығын нығайту арқылы компаниялардың табысты­лығын арттыруды, Трансформация бағдарламасын жүзеге асыру және цифрландыруды, бизнес пен ұйым­дастыру құрылымын оңтай­ландыру арқылы әлеуетті анықтауды көздейді. Екіншіден, компания­лардың портфельдік құрылымын оң­тайландыру бағытында Жекеше­лен­діру бағдарламасын жүзеге асыруды аяқтау, инвестициялық жобалар портфелін қайта қарастыру және стратегиялық емес активтерден шығу арқылы стратегиялық се­рік­тестерді тарту жоспарланған. Үшіншіден, кірісті әртараптандыру, бұл қазақстандық бизнеспен және шетелдік әріптестермен тиімді бірлес­кен инвестициялар арқылы жеке капиталды дамытуға бағытталған. Ал төртіншісі – корпоративті басқару және тұрақты даму. Осы мақсаттарды іске асыру Қордың жаңа құрылымын енгізуге, қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, инвестициялық тартымдылықты арт­ты­руға, қаржыны тиімді басқаруды қамтамасыз етуге және активтерді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл мін­деттердің сапалы жүзеге асуын қам­тамасыз ету үшін Қордың активтер портфелі қайта құрылымданады. Қазіргі уақытта 332 компания­ны қамтитын Қордың активтерді бас­қару жүйесі құрылымы күрделі 5-6 деңгейден тұрады. Бұл жүйе басқару жұмысын қиындатып отырғандықтан, Жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, Қор құрылымынан 51 компания шығарылады. Түскен табысты қайта инвестициялау барысында тағы 102 бейінді емес компания активтер қатарынан шығарылады. Осылайша, Қор құрылымына кіре­тін компаниялар саны 332-ден 179-ға дейін қысқартылып, басқару деңгейі күрделі 5-6 деңгейден 3-ке дейін азаяды. Нәтижесінде «Самұрық-Қазына» Қорының басқару құрылымы оңтай­ланады. Жаңа стратегияда халықаралық инвестициялар портфелін страте­гия­лық қадағалауды Қордың Бас­қару кеңесі жүзеге асыратыны нақ­тыланған. Сәй­ке­сінше, инвести­ция­­лардың артықшылы­ғы – эконо­ми­кадағы шоғырлану көрсет­кі­ші­нің тө­мендеуі, жергілікті инвес­торлар­дың жы­лыстамауы, қордың халықаралық дең­гейдегі орнының нығаюы және технологиялар мен білім арқылы пайда табу болмақ. Ал әлеуметтік инвестициялар «Temasek» және «Khazanah» компанияларының тәжірбиесіне не­гіз­деліп, тек білім беруге, «адам капиталына» және инновациялар құруға бағытталатын болады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1517 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы