• Қаржы
  • 26 Сәуір, 2018

Бұл форум – бұрынғыдан өзгешерек

Формат – жаңа, күн тәртібі – жаһандық

Елордамызда он жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан Астана экономикалық форумы әлемдегі озық ой-идея мен тәжірибе ортаға түсіп, көптің игілігіне жол тартатын халықаралық алаңға айналды. Биыл он бірінші рет өткізілгелі отырған мәртебелі жиынға осы жылдар ішінде әлемнің 150 елінен 50 мыңнан астам делегат қатысты. Форум жұмысы ел экономикасына төрткүл дүниеден әлеуетті инвесторларды тартумен қатар, елімізде және жаһанда экономикалық саясаттың күн тәртібін қалыптастыруда жаңа идеяларға жол ашуымен маңызды.

Биыл 17-19 мамыр аралығында өткізілетін XI Астана экономикалық форумы бұрынғылардан өзгешерек болмақ. Уақыт талабына сай жаңа форматта өтетін форумның алдына қойылып отырған мақсат – жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша әлемдік жетекші саммитке айналу. Осы ретте Үкіметтің баспасөз орталығында өткен журналистермен кездесуде ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Мұқан, «Қазақ­стандық экономикалық бастамалар қоры» корпоративтік қорының директоры Динара Жолдаспаева және GVA Kazakhstan басқарушы серіктесі Филипп Серажетдинов фо­румның қашан әрі қалай өтетіні, ұйымдастырушылардың қандай жа­ңа­шылдықтар ұсынатыны, АЭФ қа­тысушыларының өкілеттігі қандай болатыны, сондай-ақ форум аясында жастарға қандай бағдарламалар қарастырылғаны туралы айтып берді. Ұлттық экономика бірінші вице-ми­нистрі Руслан Дәленов 10 жыл қатарынан өткізіліп келе жат­қан форумның осы уақыт ішінде экономикалық ой, идея мен тәжі­рибені байланыстыратын ха­лық­аралық алаңға айналғанын айта келіп, оны қайта жаңартатын уа­қыт жеткендігін атап өтті. «Әлем өзгеруде, соған сәйкес Қазақстанда да жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, демек форум да жаңа талаптарға сай болуы керек. Жаңартылған форум жаһандық сын-тегеуріндер туралы әлемнің жетекші саммитіне айналуы тиіс, бұл АЭФ-тің мазмұны мен өткізу формасын өзгерту қажеттігін білдіреді», – деді Р.Дәленов. Форум аясында қаралуға тиіс мәселелердің тақырыбы терең және жан-жақты сараптамалық талдау мен көзқарас тұрғысынан жоғары дәрежедегі талқылау қажеттігін талап етеді. Ұйымдастырушылардың пікіріне қарағанда, Астана экономи­калық форумы зияткерлік элита өкілдері әлемдік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайтын және оларды шешу жөніндегі ұсыныстарды әзірлейтін алаңға айналуы тиіс. Биыл­ғы форум аясында талқылауға 11 жаһандық тақырып ұсынылады: бірыңғай экономика әлемі, жаһан­дық стратегия әлемі, ресурстар әлемі, жаңа таза энергия әлемі, ұзақ өмір сүру әлемі, болашақ ақшалары әлемі, жаһандық қауіпсіздік әлемі, жаңа адамзат әлемі, қалалар әлемі, син­гулярлық әлем және цифрлық әлем. Форум жұмысы жаңа формат бойынша үш блокқа бөлінеді: іс­кер­­лік бағдарлама, стратегиялық сес­сия және зерттеу. Іс-шаралар тұжы­рым­дамасы интерактивті шаралар арқылы кеңейтілетін болады. Форумның барлық алаңдарында жаңа заманауи мультимедиялық ше­шімдер қолданылады: TED talks, визионерлердің баяндамалары, ин­но­вациялық тұсаукесерлер, көп­шілік алдындағы сұхбат, арнайы ворк­шоп­тар және т.б. Маңызды мәселенің бірі – сарап­та­малық пікірталастың жоғары дең­гейі. Осы тұрғыда форумға әлемдік зияткерлік элита, әлемдік корпо­рациялардың басшылары, ғаламдық стартапшылар, танымал футурологтар, шетелдік және отандық саясаткерлер, беделді экономистер мен ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары шақырылды. «Астана эко­номикалық форумы Қазақстанды әлемдік интеллектуалды аренада та­ны­тудың халықаралық деңгейдегі жа­ңа жүйесі қозғаушы күшінің біріне айналып отыр. Форумның ар­қасында ел бренді ғаламдық сарапшылар желісі арқылы дамып келеді», – деді Руслан Дәленов. Сонымен қатар АЭФ тұжырымда­малық әлемдік идеяларды талқылау­дың диалогтық алаңына айналуда. Соңғы ғылыми-тәжірибелік же­тіс­тіктер мен пікірлер алмасу Қа­зақ­стан үшін де, әлем үшін де тиімді шешімдер мен тәжірибелік ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаһандық инвес­торлардың қызығушылығы да арта түсетін болады. Ұлттық экономика бірінші вице-министрінің айтуынша, форум – шетелдік инвес­торларды тартатын магнит секілді, Қазақстанның және әлемнің жетекші бизнесмендері кездесетін орын. «Әлемдік экономика саласындағы ең үздік ғалымдар мен сарапшылар, Нобель сыйлығының лауреаттары бас қосатын алаң – Астана экономикалық форумы жас қазақстандық экономистер үшін баға жетпес білім мен тәжірибе алатын орынға айналды», – деп түйін­деді Р.Дәленов. Сонымен қатар Астана экономи­калық форумы аясында әлем ел­дерінің, қалалар мен компа­ниялар­дың арасында бірқатар маңызды келі­сім­дерге қол қою жоспарланып отыр. Айта кетейік, жаңартылған Астана экономикалық форумы биыл 17-19 мамыр аралығында «ЭКСПО» кон­­­гресс-орталығында және «Хилтон Ас­та­на» қонақүйінде өтеді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1635 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы