• Қаржы
  • 26 Сәуір, 2018

Банктерді сауықтыру бағдарламасы тоқтатылады

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің қаржы секторын қайта жаңғырту міндеті алға қойылып, Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды.

Осы ретте былтыр банк­тер­ді сауықтыру жөнінде мем­лекеттік бағдарлама әзірленіп, тиімсіз несиелермен жұмыс қолға алынған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен сәр­сенбідегі Ұлт­тық банк қызметінің 2017 жыл­ғы қорытын­дыларына арнал­ған ке­ңесте екінші деңгейлі банк­терді сауық­тыру жөнінде­гі аталған бағдарла­маның тоқ­тай­тынын мәлімдеді. Кеңес барысында Мемлекет бас­шы­сына Ұлттық банктің өткен жылғы атқарған жұмыстары жөнінде есеп беріліп, еліміздің қаржы сек­торының даму бағдарлары баяндалды. Елбасы макроэкономика­лық көрсет­кіш­тер­дің жақ­сар­ғанын және инфля­ция­­ның белгіленген межеден аспағанын атап өтіп, мем­ле­кеттің банк жүйесіне қолдау көрсетіп жатқанына, сон­дай-ақ реттеуші тарапынан қаржы институттарының қыз­метін қа­дағалауды күшейту қа­жетті­гіне назар аударды. – Мемлекет 3 триллион теңгеден ас­там қаражат бөліп, банк жүйесіне бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетті. Бұл ретте банктер тарапынан берілген несиенің көлемі артқан жоқ, 2017 жыл­дың соңында 12,7 триллион теңгені құраған. «Жұмыс істемейтін» несие­нің үлесі – 10 пайыз. Биыл көрсеткіштері өте нашар банктерді сауықтыру жөнін­дегі Ұлттық банк бағ­дарламасы тоқта­тылады. Ак­ционерлері дұрыс басқара ал­мағандықтан бұл банктер қарызға батып, салымшылар алдында өз міндет­темелерін орындай алмады. Сол себепті көрсеткіштері нашар болды. Бұл жағ­дайдан қалай шы­ғуға болады? Бұл банк­терді сақтап қалу үшін акционерлер өздерінің жеке қаражатын құйып, кезінде олардан шы­ғарып алған қаржыны қай­таруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында және «Бес әлеу­меттік бастамасында» көр­сетілген қар­­­жы секторын қайта жаң­ғырту жөніндегі ша­­раларға тоқ­талды. Бүгінде экономиканы ұзақ мерзімді несиемен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай отыр. Осы ретте Елбасы қор на­рығын жандандыру, сондай-ақ банк жүйе­сінде туындаған жағдайларды уақтылы бағамдап, тиімді әрекет ету қажеттігін атап өтті. «Парламентте талқыланып жат­қан валюталық реттеу туралы заңға енгі­зілетін өзгерістердің қабылдануына байланысты «7-20-25» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмысты биыл бастау керек. Мен қос палата депутаттарынан бұл мәселені осы сессияның соңына дейін тездетіп қарастыруды сұраймын. Бұл еліміздің әрбір азаматына арналған менің «Бес әлеуметтік бастамамды» іске асыру үшін маңызды, – деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Данияр Ақышев былтырғы жылы Ұлттық банктің қызметі нарықтағы бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және банк секторының жұмы­сын бір қалыпқа келтіруге бағыт­талғанын атап өтті. – Қаржы нарығындағы жағ­дай қалып­ты. Макроэкономикалық көр­сеткіштер мен қаржы секто­рының даму индикаторлары тұ­рақ­ты түрде жақсарып келеді. Биыл инфляция 5-7 пайыз шамасында болады деп ойлаймыз. Ақпан айының соңындағы жағдайға сәйкес, заңды тұлғаларға теңге­мен берілетін несие мөлшерлемесі 12,9 пайызға дейін төмендеді, – деді Ұлттық банк төр­ағасы. Сонымен қатар Данияр Ақышев валюта нарығындағы ахуал, тең­генің айырбас бағамы мен оған ықпал еткен ішкі және сыртқы фак­торларға түсінік берді. – Өткен аптада АҚШ-тың жеке­леген ресейлік компаниялар мен тұлғаларға қа­тысты экономи­калық санкцияларын ке­ңейтуі­не байланысты оқиғалар болды. Тиі­­сінше Ресейдің қор және валюта нарығында белгілі бір өз­герістер орын алды. Әрине, олар Қазақстанның да валюта нарығына әсер етті және бұл еркін бағам жағдайында қалыпты нәрсе саналады. Бірақ бұған деген нарықтың әсері тура шамалас болған жоқ. Егер рубль бағамы 10 пайыздан астам құлдыраса, теңге номиналды түрде 3 пайызға ғана төмендеді, – деді Данияр Ақышев. Мемлекет басшысы кеңесті қоры­тын­дылай келіп, Ұлттық банк жұ­мысының жақсара түскенін атап өтті. Алда тұрған маңызды мін­деттерді жүзеге асыруға орай бір­қатар нақты тапсырмалар берді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1614 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы