• Қаржы
  • 17 Мамыр, 2018

Салық салмағы

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға да түспек 

Соңғы кездері көпшілікті біршама дүрліктірген салық мәселесі күн тәртібінде өткір болып тұр. Осы ретте: «Мемлекет тарапынан нендей шаралар қолға алынған?», ал жұмыссыз саналса да, «Өз күндерін өздері көріп жүрген жандар жағдайы не болмақ?» деген, т.б. толып жатқан сауалдар халықты мазалайды. Соларға біз де жауап іздеп көрдік.

Жаңа талаптарға сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ай сайын «бірыңғай жиынтық төлемін» төлейтін болады. Ал, бұл санатқа кімдер жатады? Мұндай шаралар неліктен қолға алынып жатыр? Тиісті мамандардың уәжінше, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар не бюджетке, немесе зейнетақы қорына ешқандай жарна аудармағандықтан, сақтандырудан тыс қалғалы тұр-мыс. Сөйтіп, қазіргі тегін көрсетіліп жатқан көмек ақылыға айналғанда олар емделе де алмайды, зейнетақы да ала алмайтын көрінеді. Себебі, ол кезінде аударым жасаған жоқ қой, дейді олар. Бұл осындайларды «көлеңкеден» шығаруды көздейтін әзірленіп жатқан заң жобасында ескеріледі екен. Жасыратыны жоқ, бұл – міндетті медициналық сақтандыру бастамасы көтерілгеннен кейін туындап отырған мәселе. Аталмыш заң жобасы «Формалды емес жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру» деп аталады. Осы әзірленіп жатқан заң жобасына сай жаңа салық режимі енгізілмек. Демек, қандай қызметпен айналыссаңыз да, нендей жұмыс атқарсаңыз да «бірыңғай жиынтық төлемін» (БЖТ) міндетті түрде төлеп отыруға тиіссіз. Бұған мыналар кіреді: Жеке табыс салығы; Міндетті зейнетақы жарнасы; Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемі; Әлеуметтік сақтандыру. Ең бастысы, БЖТ-ның ай сайынғы мөлшері қала тұрғындары үшін – бір айлық есептік көрсеткіші (1 АЕК 2018 жылға 2 405 теңге), ауыл тұрғындары үшін – 0,3 АЕК (721,5 теңге) болады. Кімнің де болмасын осы санатқа жатуы үшін жылдық шекті табыстың мөлшері 100 еселенген ең аз жалақыдан төмен болуы керек. Ол – 2 828 400 теңге деген сөз. Сонда айына 235 700 теңгеден аз табыс табатын болсаңыз, жеңілдетілген салық төлейсіз. Ал, бұл сомадан жоғары табатын кәсіпкерлер патент бойынша жеке табысынан 2 пайыз төлейді. Тиісті төлемдер банктер мен терминалдар, мобильді қосымша арқы­лы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының шотына аударылып, одан әрі қорларға бөлінеді. Мұны тіркелген мекен-жайыңыз бойынша төлейсіз. Бұл жерде «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізіміне жұмыссыздар кіріп кетпей ме? Жалпы оларға қандай талаптар қойылады?» деген сауалдар туындауы орынды. Ал, бұл сұрақтарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту» департаменті директорының орынбасары Ерболат Абулхатин былай деп жауап берді: – Жұмысшылар – жалдамалы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып екіге бөлінеді. Жалдамалыларға жалдаған жұмыс орны БЖТ (бірыңғай жиынтық төлемін, орысша – единый совокупный платеж) төлейді. Кейбір жұмыс берушілер жалдамалы жұмыскеріне ешқандай салықты да, жарнаны да аудармауы мүмкін. Арада еңбек келісім-шартын жасас­пай, жалақысын қолма-қол алатындар бар. «Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін де осы заң жобасы талқыланып жатыр, – дейді Е. Абулхатин. – Әркім өзінің болашағы үшін салық төлейді». Лауазымды маманның айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ешқандай төлем төлемей-ақ, қазір ел қатарлы ауруханаға қаралып жатыр екен. Міндетті медициналық сақтандыру енгізілгенде, олар бұл қызметтерден қағылайын деп тұр. Сол себепті олар қалталарынан өз болашақтары үшін қаржы салады. Оның мөлшері аса көп те емес, деп түйіндейді ол. Енді «өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандар кімдер?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Атап айтқанда, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңында олар: Табыс алу үшін тауарлар өндірумен (өткізумен); Жұмыстар мен қызметтер көрсетумен дара айналысатындар; Өндірістік кооператив мүшелері; Отба­сылық кәсіпорындардың (шаруа­шы­­лықтардың) және жалдамалы жұмыс­кер­лердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілер еңбекақы төлемейтін жұмыс­керлері. Тағы да нақтырақ мысал келтірер болсақ. Олар: Мал бағып, егін мен бау-бақша егетіндер; Базар мен пойыз төңірегінде сауда-саттық жасағандар; Сауда нысандарында арнайы орындары жоқ жеке тұлғалар (арба итергендер); Фрилансерлер; Үй қызметкерлері (бала бағушы); Такси қызметін атқаратындар мен ірілі-ұсақты жекеменшік кәсіпкер­лер де бұл қатарға кіреді. Өздері жасаған тағамдарды, тәтті­лерді, түрлі қолөнер, тоқыма бұйым­да­р­ын ғаламтор арқылы сататындар аз емес. Олар көп жағдайда үйде отырып жұмыс істейді. Қысқасы, қызметтері ресми құжатта көрсетілмеген, салық төлемейтін, жарна аудармайтындар да – өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына қосылады. Қабылданбақшы заң жобасында са­натқа қосылмақ топқа «нәтижелі және нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар» деп аталғандар да кіргізілмек. Тағы да Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенеміз. Атап айтсақ, 2017 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы саны 2 милионнан асыпты. Нақтырақ айтсақ, 2 099 222 адам. Оның 1 881 484-і нәтижелі, 217 738-і нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар. Бұл жерде «нәтижелі қамтылғандар» – құжаттары ресми түрде тіркелгендер. Мысалы, бес сиыры бар отбасылар, ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар, дүңгіршекте бәліш сатып отырғандар, т.б. Ал, «нәтижесіз жұмыспен қамтыл­ғандар» қатарына ресми тіркелмей, қызметтерін жасыратындар жатады екен. Оларға базар ішінде арбамен сауда жасайтындар, пойыз маңында дорба арқалап күн көретіндер, таксишілер, т.т. жатады. Осыны нақтылау қиынға соғатын сияқты. Нақтырақ айтқанда, қазіргі уақытта статусы әлі расталмаған, өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған 1 025 177 азамат бар. Олардың ішінде 1 002 008 адам нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарға жатқызылыпты. 2018 жылдың 1 сәуіріндегі деректер бойынша, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағ­дарламасына 111 мың адам тіркелген. Олардың 71,9 мыңы, яғни 64,6 пайызы – жұмыссыздар. Бұлардың ішінде 4,4 мың адам, яғни 4 пайызы ғана – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар екен. Бұл көрсеткіш алты ай сайын жа­ңарады. Экономика министрлігінің ста­тистика комитеті тұрғындардың табы­сын анықтау мақсатында арнайы сауалнама жүргізіп отырады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 63,2 % ауылда (1 327 436 адам) және 36,8 %-ы (771 786 адам) қалада тұрады. Бағдарламаға қатысқандардың да көбі – ауыл тұрғындары. Сол себепті оларға белгіленген төлем мөлшері қалаға қарағанда екі есе төмен болған. Өкінішке қарай, осы алда қабыл­дануға әзірленіп жатқан жаңа заң ауыл тұрғындарын айрықша алаңдатады. Өйткені, олардың басына: «Айдағаның 5 ешкі, ысқырығың жер жарады!» дегеннің кері келуі әбден мүмкін. Бұл туралы келесі шолуымызда нақтырақ тоқталамыз.

Исатай ҚАМБАРОВ

1248 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы