- Цифрлы Қазақстан
- 29 Тамыз, 2018
Қазақ ғылымының жаңа белесі
Бауыржан ЖҮНІСОВ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі сараптама кеңесінің мүшесі
Экономиканың нарықтық қатынастарға көшуіне байланысты жаңа типті басқару мамандарын даярлау және олардың жаңаша ойлау қабілеттерін қалыптастыру қажеттілігі туындайды. Осы тұрғыдан алғанда, мамандарды кәсіби тұрғыдан, әсіресе, менеджмент саласына лайықты дайындау мемлекеттің ұзақ мерзімді экономикалық саясатының құрамдас бөлшегі болып табылады.
Нарық жағдайында түбегейлі өзгерістерге ұшырайтын кәсіпорындар мен фирмаларды дағдарыстан аман алып шығу мәселесі үлкен мәнге ие болып отыр. Қатаң нарықтық бәсекелестік жағдайында кәсіпорынның өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен жаңаша басқаруды үйрену қажет. Бұның өзі нарықтық конъюнктураны бағалауға және болжауға қабілетті жаңа басқарушы менеджерлерді дайындауды, стандарттық емес басқару шешімдерін қабылдап, оларды іс жүзіне асыратын ұжымдарда жетекшілік етуді, қазіргі заманғы талаптар деңгейінде жаңа типті басшы-менеджерлерді дайындауды талап етеді.
«100 жаңа оқулық» жобасы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», – деген еді. Осы ұлттық жобаның бастапқы кезеңінде 18 шетел оқулығы іріктеліп алынып, олардың түп нұсқасы қазақ тіліне аударылды. Тарих, философия, саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану, психология, тіл білімі ғылымдарымен қатар, жоспарланған сүбелі жұмыстардың белгілі бір бөлігі экономика саласын да қамтып отыр. Ана тілімізде тәржімаланған 18 ірі оқулықтан басқа келесі кезекте аударылатын 30 кітап анықталды және оның ішінде 6 оқулық экономика саласына қатысты. Қазірге дейін тек ағылшын және орыс тілдерінде қолжетімді болып келген Грэгори Мэнкью мен Марк Тейлордың «Экономикс», Рикки Гриффиннің «Менеджмент» және Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика» атты маңызды оқулықтары экономика, менеджмент және кәсіпкерліктің әдіснамалық аспектілерін теориялық тұрғыдан талдап, оның даму жолдарын көрсететін, сонымен қатар студенттер, магистранттар, докторанттар мен профессор-оқытушыларға, қазіргі заманғы экономика саласы, бизнес және басқару жүйесінің мәселелері қызықтыратын мамандарға ғылыми-практикалық тұрғыдан көмегі зор екендігі даусыз.
«Менеджмент» оқулығы
Есімі әлемге әйгілі Техас университетінің профессоры Рикки Гриффин – көп оқулықтардың, соның ішінде 1984 жылы алғаш рет жарық көрген «Менеджмент» кітабының авторы. Оның «Менеджмент» оқулығының 12-ші басылымы аударылды, бұл туындының бірінші басылымы 1984 жылы жарық көрген. Содан бері ол он шақты тілге аударылып, дүниежүзі бойынша екі миллион данамен таралды. «Менеджмент» оқулығының бұған дейін шығарылып жүрген ғылыми туындылардан айырмашылығы өте көп, онда басқару саласында қалыптасқан дәстүрлі түсініктермен қатар, жаңа ұғымдар мен тұжырымдар да қамтылған. Бұл оқулық құрылымы жағынан 6 бөлім мен 20 тақырыптан тұрады. Оқулықтың әрбір тақырыбынан кейін үлгі ретінде түйіні беріліп, ойын тұжырымдау, техникалық дағдыларын тиімді қалыптастыру, жеке дағдыны қалыптастыруды бағалау мақсатында тақырыпты талдауға арналған менеджмент сұрақтары берілген. Бұрынғы оқулықтарда менеджменттің теориялары ғана берілетін болса, бұл туындыда теория мен тәжірибе үйлесімді ұштастырылған. Кезінде британ экономисі Адам Смит былай деген екен: «Менеджментті тағылық (варварлық) қатынастардың ең төменгі басқышынан ауқатты тұрмыстың ең жоғарғы сатысына көтеру үшін не бары бейбіт өмір, жеңіл салық және ел басқару саласына тән сабырлылық керек, қалған қажеттіліктің бәрі табиғи даму жағдайына байланысты өзінен-өзі келе береді». Қазіргі тарихи шындық осы ғалымның ғұламалық пікірін растап отыр. Гриффиннің «Менеджмент» аталмыш оқулығының түпнұсқасын ағыл-шын тілінен қазақшаға аудару барысында кітаптың ғылыми редакторы болған «Нархоз» университетінің экономика және менеджмент мектебінің деканы, профессор Самажан Өмірзақовпен өз басым аталмыш оқу орнында аспирантурада оқып жүргенде танысқан болатынмын. Бұл оқулықта теориялық аспектілерден басқа, шетелдік фирмалардың менеджмент әдістері нақты кәсіпорындарда қолдану арқылы және олардың табыс табу стратегиясы жеке кейстар, топтық жобаларды дайындау, тренинг, дискуссия және іскерлік ойындар түрінде берілген. Менеджмент тек үлкен бизнеспен шектелмейтін қомақты қызмет екендігін баяндаумен қатар және оның басқару қағидалары, шешімдері, әдістері мен тәсілдері, әлеуметтік мазмұны, жауапкершілігі де сипатталады. Оқулықтың «Менеджер болу» деп аталатын алғашқы бөлімі тартымды әңгімелерден басталып, өмірден алынған оқиғаларға сүйенеді және басқару ғылымында «өрлеу» мен «құлдырау» үрдісі жиі ауысып отыратынын оқырманға қарапайым тілмен түсіндіреді. «Менеджмент» оқулығы тек қарапайым студенттік қауымға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер, бизнестегі кәсіпкерлер және тағы басқа мамандарға сарқылмас білім көзі болып табылады. Басқару құпиясын, оның қыр-сырын біздің қоғамдағы әрбір азамат игеруі қажет. Қазіргі менеджмент проблемалары ауқымды, көп қырлы және алуан түрлі болып келеді. Алайда осы уақытқа дейін Қазақстан экономикасының ерекшелігін ескеретін менеджмент әдістері бізде толық зерттелмей келеді. Сондықтан экономиканың нарықтық қатынастарға көшу кезеңінен бастап, менеджмент саласындағы ізденістер жалғастырылуда, ғалымдар бірнеше жылдар бойы зерттеп келеді. Қазақстан баспаларынан шыққан менеджмент саласындағы оқулықтардың негізгі авторлары төмендегі ғалымдар болып табылатынын атап өтпеу орынсыз болар еді. Олар: Н.Мамыров, К.Бердалиев, К.Ахметов, Р.Кәренов, С.Өмірзақов, Е.Сағындықов, Ү.Байжомартов, Б.Жүнісов, Н.Ювица және т.б. Бұл ғалымдардың әрқайсысы қазіргі менеджменттің жекелеген аспектілерін зерттеді. Бірақ бізде менеджмент пәніне, оның экономикалық мазмұнына қатысты ортақ пікір жоқ, ал кейбір мәселелер әлі де зерттеп, жетілдіруді қажет етеді.
Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика
Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика» оқулығы – XXI ғасырдағы экономикалық, қоғамдық және әлеуметтік дамудың басты қозғаушы күштері болып табылатын кәсіпкерлік құбылысын теориялық және практикалық тұрғыдан зерделеуге арналған еңбек. Кәсіпкерлікті жете түсіндіру үшін оның негізгі кезеңдері болып табылатын: бастау, жоспарлау, қалыптастыру және даму сатылары жүйелі түрде сипатталған. Оқулықта кәсіпкерлік идеяны нарыққа шығаруға қажетті ойлау жүйесі мен инновацияның рөлі кеңінен ашып көрсетілген. Доктор Куратко кәсіпкерлікті зерттеу саласындағы көрнекті ғалым және беделді маман ретінде танылған. Ол Индиана Университеті Блумингтон, Келли бизнес мектебіндегі Джонсон кәсіпкерлік және инновациялар орталығының атқарушы және академиялық директоры. Ол 30-дан астам оқулықтың авторы, оның ішінде «Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика» оқулығының 10-шы басылымы қазақ тіліне аударылды, бұл туындының бірінші басылымы 1984 жылы жарық көрген. Кітап мазмұны бойынша 4 бөлімнен және 12 тараудан тұрады. Оқулықтың алғы сөзі былай басталады: «Кәсіпкерлік – адам баласына белгілі ең қуатты экономикалық күш. Ғасырлар тоғысындағы 30 жылда қиялымызды жаулап алған кәсіпкерлік революция құбылысы қазір бизнес-ойлау мен жоспарлаудың сан түрлі саласын қамтитын жаңа ғылымға айналды». Оқулықтың негізгі мақсаты – оқырман қауымды үздік кәсіпкерлік тәжірбиемен таныстырып, практикалық және эксперименттік оқыту әдістері арқылы кәсіпкерлік дағдыларды сіңіру.
«Экономикс» оқулығы
Гарвард университетінің экономика профессоры Н.Грэгори Мэнкью мен Уорик университеті (Ұлыбритания) Уорик бизнес мектебінің және Вашингтон университеті (АҚШ) Джон М.Олин бизнес мектебінің деканы, профессор Марк Тейлордың «Экономикс» оқулығы – экономикалық қатынастар субъектілерінің барлығын мысалға ала отырып жазылған туынды. Оқулық бакалавриат деңгейінде білім беру мен оқытуға қажетті тапсырма, сызба сурет, кесте, кейстерді қамтиды. Онда әрбір тақырыптан кейін үлгі ретінде анықтамалар, түйін, мәселелер мен шешімдер, шолу сұрақтары берілген. Оқулық негізінен әлемдік экономика ғылымының жетістіктеріне сәйкес жазылған. Сонымен қатар кітап авторы шетелдік экономикалық әдебиеттердің сүбелі теориялық нәтижелерін де ескерген. Оқулық авторлары экономикалық теорияны оқытудың әр алуан әдістеріне мән беріп, оны оқыту үшін оқытушы мен студенттердің оқу процесінде және ғылыми-зерттеу саласында қолдану мүмкіндігін барынша ашып көрсетеді. Оқулық мазмұны бойынша 15 бөлімнен және 38 тараудан тұрады. Оқулық авторларының басты мақсаты – оқырманды экономист маман тұрғысынан ойлауға үйрету болып табылады. Осы жағдайларды ескере отырып, шетелдік «Экономикс» кітабы адамдардың экономикалық білімін арттыруға өз үлесін қосады деген үміттеміз және оқырмандар арасында оқулық өзіне лайықты бағасын алады деген ойдамыз. Мұндай жаңа үлгідегі шетелдік оқулықтар қазіргі заманғы демократиялық қоғам қалыптастыру идеясынан туындайтын, стратегиялық мақсаттарды шешу жолдарын нұсқап, отандық әрі әлемдік экономикалық проблемаларды көтере алатындай болуы қажет. Кез келген экономика мынадай басты үш мәселені шешуді мақсат етеді: «не өндіру», «қалай өндіру» және «кім үшін өндіру керек»? «Экономикс» кітабы үй шаруашылықтары мен фирмалар осы қайшылықты шешу үшін қабылдайтын шешімдердің салдарынан туындайтын мәселелерді зерттейді.
Ұлттық оқулықтардың шығу тарихы
Жасыратыны жоқ, ғылымның көптеген салалары бойынша, әсіресе гуманитарлық ғылымдарға арналған қажетті ұжымдар мен терминдерді қалыптастыру әлі де болса дұрыс жолға қойылмай келеді. Дүниежүзіне әйгілі экономистер еңбектерінің мемлекет тарапынан қазақ тіліне сапалы аударылуы – мұндай олқылықтардың орнын толтыратын, білім және ғылым саласындағы аса маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Осы уақытқа дейін экономика саласында ағылшын тілінен орыс тіліне тікелей аудырылған әртүрлі шетелдік оқулықтар қолданыста болды. Атап айтқанда, шетелдік ғалымдар: Майкл Мэскон, Майкл Альберт, Франклин Хедоуридың «Менеджмент негіздері», Стивен Робинс, Мэри Коултердің «Менеджмент», және Ричард Л.Дафт «Менеджмент», Пол Самуэльсонның «Экономика», Кэмпбелл Р.Макконелл, Стенли Л.Брюдің «Экономикс», Шмелензидің «Экономика», Д.Н.Хайманның «Қазіргі микроэкономика: талдау және қолдану», Эдвин Дж.Долан, Дейвид Е.Линдсейдің «Нарық: микроэкономикалық модель», Н.Грэгори Менькюдің «Макроэкономика», Р.Дорнбуш, С.Фишердің «Макроэкономика», Филип Котлердің «Маркетинг негізі», Г.Х.Линдерттің «Дүниежүзілік шаруашылық байланыстары экономикасы», Р. Пиндайк, Д.Рубенфельддің «Микроэкономика», Й.Ворст, П.Ревентлоудің «Фирма экономикасы» сияқты оқулықтарының орыс тіліндегі аудармасын оқып келдік.
2298 рет
көрсетілді0
пікір