• Ақпарат
  • 29 Тамыз, 2018

Арал қасіреті – замана сауалы

Кезінде Лениннің өтінішін орындап, Повольжедегі ашыққандарға 14 вагон балық жөнелткен Арал балықшылары жылдар өте айдын шалқар көк теңіздің суы тартылып, кеме-қайықтарының қайраңда қалатынын көз алдына елестете де алмаған болар. Өткен ғасырдың ортасынан бергі елу жыл ішінде аумағы 9 есе кеміп, су көлемі 30 есе азайған теңіздің кеуіп қалған табанынан желмен бірге көтерілетін 80 миллион тонна улы тұз жыл сайын мыңдаған шақырымға таралуда.

Арал қасіреті адамзат тари­хын­дағы ең ірі экологиялық апаттардың бірі болып саналады. Ширек ғасыр бұрын құрылған Халықаралық Аралды құтқару қоры осынау апаттың зардабын тартып отырған аймақтағы күрделі әлеуметтік-экономикалық, су шаруашылығы және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған ауқымды істерге мұрындық болып келеді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада Түрікменстанда Халық­аралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мем­лекет­тері басшыларының кезекті саммитіне қатысты. Түрікменбашы қаласында қарсы алу рәсімі аяқталған соң мемлекеттер басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстары өтті. Жоғары деңгейдегі жиын мінберінен сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Аралды құтқару қоры халықаралық деңгейде белсенді жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті. Соның арқасында Арал өңіріне әлемдік қоғамдастық пен халықаралық қаржы институттары тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп келеді. «Біздің бірлесе жұмыс істегеніміздің арқасында бұл қор БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды», – деді Елбасы. Қазақстан Президенті Ор­талық Азиядағы трансшека­ралық су ресурстары өңірдегі халықтардың ортақ игілігі екеніне тоқталды, сондай-ақ осы аймақтағы мемлекеттердің барлығы тиімді шешімдер іздестіріп, оңтайлы идеялар мен нақты жобалар ұсынып жатқанын айтты. – Түрікменстанның баста­масы бойынша БҰҰ деңгейінде Арал аймағы елдеріне арналған ұйымның арнайы бағдарламасын қабылдау мәселесі қарастырылуда. Тәжікстанның ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы биылдан бастап «Су – орнықты даму көзі» атты халықаралық іс-қимыл онжылдығын жариялады. Өзбекстан биыл маусым айында Ташкентте Орталық Азияның халықаралық экологиялық форумын жоғары деңгейде өткізді. Қырғызстанның бастамасы бойынша БҰҰ құрылымдарының қолдауымен «Шу және Талас өзендерінің бассейндеріне арналған іс-қимылдардың стратегиялық бағдарламасы» әзірленді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Қазақ­станның осы бағытта белсенді жұмыс атқарып жатқанын айтып, елдер делегацияларын биылғы 10-12 қазанда Астанада өтетін Трансшекаралық су ағыны мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі БҰҰ конвенциясына мүше тараптар кеңесінің сегізінші сессиясына қатысуға шақырды. Қазақстан Президенті бір­лескен іс-қимылдың арқа­сында қол жеткізілген оң нәтижелерге тоқталды.

Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу халықаралық ауқымдағы маңызды оқиға болып саналатынын және су ресурстары мен экология мәселелері бойынша өңірлік кооперация үдерісіне тың серпін беретінін атап өтті. – «Біз мұнда жаңа басымдықтар мен міндеттерді анықтадық. Орталық Азияның орнықты дамуы мен өркендеуі үшін бұл мәселелерді шешудің маңызы аса зор. Сондықтан, мұның бәрі біздің әрі қарай бірлесіп үйлесімді іс-қимыл жасауымызды талап етеді. Мен Қазақстанның әрқашан да өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде дәйекті әрі сенімді әріптес екенін және солай болып қала беретінін нық сеніммен айтқым келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жыл сайын теңіздің кеуіп қалған ұлтанынан желмен бірге 80 миллион тонна улы тұз көтеріледі. Бұл тұз шаңды дауылмен Батыс Еуропадан Гималайдың шыңдарына дейін мыңдаған шақырымға таралып, адамдардың денсаулығына және елдеріміздің экологиялық жүйесіне зардабын тигізуде. Осы ретте жоғары деңгейдегі кездесудің қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатында Нұрсұлтан Назарбаев апат аймағының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған Халықаралық Аралды қорғау қорының құрылтайшы мемлекеттерінің күш-жігерін қолдау үшін тараптардың осы проблемамен айналысатын дүниежүзілік қоғамдастыққа, Біріккен Ұлттар Ұйымына, барлық Қорлар мен банктерге жүгінгені жөн деп тапқанын атап өтті. – Біз өз тарапымыздан Қордың жұмысын жетілдіруге уағдаластық. Барлық мәселелерді, соның ішінде ескірген шешімдерді, сондай-ақ Қордың барлық басқарушы және атқарушы органдарының қызметін талдау мәселесін шағын құрамда ашық талқыладық, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы су шығынын 50-60 пайызға қысқартып, өнімділікті 4-5 есе арттыратын тамшылатып суару сияқты заманауи технологияның және суаруға қолданылатын суды үнемді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. – Ғылыми ұстанымдарға негіз­делген өте маңызды ұсыныстар болды. Мысалы, экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізетін әрі ауыл шаруашылығында малға жем дайындаудың көзі бола алатын, сондай-ақ тұздың көтерілуін болдырмайтын, тұзға төзімді жасыл көшеттер отырғызу мәселесі айтылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөзін түйіндей келіп, Мемлекет басшысы тараптардың су шаруа­шылығы, өңірдің су-энергети­калық және экологиялық аспек­тілері жөніндегі ұстанымдарын жақын­дастыру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылағанын атап өтіп, Қазақстан өткен келіссөздердің нәтижелерін жоғары бағалайтынын айтты.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

2381 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы