• Цифрлы Қазақстан
  • 07 Қыркүйек, 2018

Игілікке соққан жел

Ерейментау ЖЭС 500 млн кВт энергия өндірді

Қазақстандағы ең алғашқы өнеркәсіптік жел паркі осыдан үш жыл бұрын Елбасының рұқсатымен іске қосылған болатын. Ерейментау маңында орналасқан ірі жел электр станциясы қазірде экологиялық таза қуат көзін құрап, қоршаған ортаны қорғау, Ақмола облысының энергия балансын жақсарту жолында қалтықсыз жұмыс істеп тұр.

«Самұрық-Энерго» АҚ қолдауымен «Бірінші жел электр станциясы» ЖШС іске асырған қуаттылығы 45 МВт-ты құрайтын ірі жобаға энергия тапшылығын азайту, EXPO-2017 халықаралық көрмесінің нысандарын жаңартылған қуат көздерімен қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Жел қуатын пайдалануға арналған жаңа станцияны салуға 18,9 млрд теңге жұмсалды. Сөйтіп, 60 гектар аумақты алып жатқан паркте әрқайсысының қуаты 2,05 МВт құрайтын 22 жел турбиналары орналастырылды.

Олардың үздіксіз жұмысының нәтижесінде жасыл энергия бөлініп, ол толығымен Қазақстанның ұлттық электр желісіне келіп қосылуда. Бүгінге дейін баламалы қуат станциясы 500 млн кВ/сағаттан астам электр энергиясын шығарды. Қазіргі таңда жобаның эколо­гия­лық және экономикалық тиімділігі айрықша атап өтуге тұрарлық. Ерейментаудың табиғи ерекшеліктеріне сай, еркін ескен желдің арқасында белгі­ленген қуаттылықты пайдалану коэффициенті 40% деңгейінде сақталып тұр. ЖЭС жұмысы орга­никалық отынды және СО2 шыға­рындыларын пайдаланбай, жылына 172,2 млн кВт/сағат электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Жел паркі өзі жұмыс істей бастағаннан бері 300 мың тоннадан астам көмірқышқыл газының ауаға таралуына бөгет болған. Жел әлеуетін пайдалану жыл сайын 100 мың тоннадан аса көмір жағуды үнемдейді. Сонымен қатар ЖЭС пайдалану кезеңінде 23 жұмыс орны құрылды, энергия орталығының жұмысын 12 маман қамтамасыз етуде. Жаңа станция өңір экономикасына елеулі пайда әкелді, бұл тұрғыда өткен жылы 2 млрд теңгеге жуық өнім өндіріліп, Ерейментау бюджетіне 200 миллионнан астам таза табыс түскен. Бірегей жоба қазақстандық, украиндық және германдық кәсіп­орындардың жел энергетикасы саласындағы бірлескен қызметінің тиімділігі мен нәтижелігін көрсетіп отыр. 22 жел бағандарынан тұратын кешен германиялық үлгі бойынша Украинада жасалған. Әлбетте, мұндай қондырғылар өз елімізде шығарылмайтындықтан, оларды шет елдерден сатып алуға тура келеді. Сонымен бірге олардың бағасы да жоғары. Дегенмен, бұл диірмендердің артықшылығы – олардың ауа ағынын дамылсыз қолдануында. Мәселен, күн батареялары бұлтты күні энергия өндіре алмайды. Бүгінгі таңда елімізде жел жиі соғатын жерлер зерттеліп, жазық даланың баламалы қуаты кеңінен пайдаланыла бастады. Бұл ретте перспективалық тұрғыдан дәлелденіп отырған жел паркінің қуаттылығын 2022 жылға дейін кезең-кезеңмен ұлғайту көзделген. Самұрық-Энерго жуық арада Еуропа қайта құру және даму банкімен және Таза технологиялар қорымен бірлесіп, жел паркін тағы 50 МВт-қа кеңейтуге кірісуді, одан кейін жыл сайын 1 млрд жасыл кВт-сағат өндірумен қуатты 300 МВт-қа арттыруды жоспарлап отыр. Мұндай өміршең жобаларға қатысуға қызығушылық танытып отырған елдер аз емес. Мысалы, украиндық өнеркәсіпшілерге қытайлық және ресейлік компаниялар бәсекелес болып отыр. Ал олардың ішіндегі озығын ашық тендер айқындамақ. Қазірдің өзінде Қытай Қазақстанның жел парктеріне 70 миллиард теңгеден астам инвестиция салуға дайын екендіктерін білдірген. Бұл мақсатта «Самұрық-Энерго» АҚ пен «Датанг» корпорациясы тиісті меморандумды да бекітіпті. Бүгінде Самұрық-Энерго кәсіп­орындары өндіретін электр энер­гиясының құрылымында жаңар­тылатын энергия көздерінің (күн, жел, шағын су электр станциялары) үлесіне жалпы белгіленген қуаттың 1,5%-і тиесілі. Өткен жылы Қазақстандағы жасыл энергияның әрбір үшінші киловатт-сағатын Самұрық-Энер­гоның еншілес кәсіпорындары өндірді. Компанияның 2018-2028 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясына сай, компания «жасыл экономика» қағидаттарына көшу үшін стратегиялық инвестормен бірлесе отырып, жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асырмақшы. Бұл ретте «Самұрық-Энерго» АҚ-ның 100% еншілес компаниясы болып табылатын «Бірінші жел электр станцясы» ЖШС ел басшылығының бастамаларын негізге алып, индустрияландыру мен жетілдіру жұмыстарына белсенді қатысуда. Компания электр энергиясын өндіру, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді жобалау мен құру жөніндегі қызметтерді көрсетеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда белгіленген жалпы қуаты 336 МВт жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын 55 кәсіпорын жұмыс істеуде. ЖЭК пайдаланатын объектілердің – қуаты 35 МВт-ға дейін КЭС, ЖЭС, шағын СЭС электр энергиясын өндіру көлемі өткен жылы 1 109 млн кВт/с және биылдың жарты жылдығында 651,1 млн кВт/с құраған. Өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі 2017 жылдың қорытындысы бойынша – 1,08%-ті құрады. Бұл ретте Елбасы Жарлығында белгіленген Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөнін­дегі тұжырымдамада елімізде жаңар­тылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытудың электр энергиясын жалпы өндірудегі мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар жалғаса береді. Осылайша, ЖЭС пен КЭС үлесі 2020 жылға қарай 3 процентке, 2030 жылға қарай 10 процентке, ал 2050 жылға қарай жел, күн, гидро және атом станцияларын қоса алғандағы үлес – 50 процентке табан тіреуі тиіс.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

2193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы