- Цифрлы Қазақстан
- 27 Қыркүйек, 2018
Озық технологияның дендеп енуіне жол ашады
Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аграрлық саланың серпінді дамуына жол ашады. Бұл Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап көрсетілген агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аясында еліміздегі егін және өсімдік шаруашылығы саласындағы ірі ғылыми орталық – А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы тәжірибелі егістіктерде озық инновациялық технологияларды енгізу жұмыстарын жүзеге асыруда. Орталық ғалымдары қолға алған аграрлық салаға жаңа технологияны енгізу арқылы шығынды азайтып, табысты молайтуды көздейтін «Нақты егіншілік» жобасын ойдағыдай іске асырудың еліміз үшін игілігі мол болмақ. Қазірдің өзінде нақты егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндірістің тиімділігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретіндігі дәлелденіп отыр. Осы орайда Бараев орталығы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Корнеевка ауылында «Атамекен-Агро» компаниясымен бірлесіп жүргізген ғылыми-өндірістік тәжірибе жұмыстарының нәтижесі атап айтарлық. Орталық ғалымдары мен жергілікті диқандар бұған дейін шағын тәжірибе алқаптарында жұмыс жасаған болса, бұл жолы 500 гектар жерге жаздық бидай тұқымы сіңірілді. Ең жақсы түсім 20-30 мамыр аралығында егілген орташа тұқымдардан алынды. Бүгінгі күнге дейін егіннің әр гектарынан 25 центнерден өнім алып келген корнеевтік диқандар Бараев орталығы ғалымдарының ұсыныстарын іске асыру нәтижесінде гектар шығымдылығын 40 центнерге жеткізу мүмкін екенін айтады. Орталық өндіріске енгізіп жатқан тың технологиялар еліміздің астықты өңірлерінің егінші қауымы бас қосқан тамыздағы «Дала күнінің» барысында кеңінен таныстырылған болатын. Шара аясында диқандар кәдімгі қара топырақты аймақтарда жоғары сапалы астық алуды қамтамасыз ету үшін жаздық бидай себудің оңтайлы мерзімі, егістік алқаптарын өңдеу кезінде қолданылатын азот пен фосфордың ғалымдар есептеп шығарған тиімді мөлшері туралы көріп, білді, сондай-ақ «А.И. Бараев атындағы АШҒӨО» ЖШС селекциясы мен басқа да ғылыми мекемелер шығарған жаздық бидай тұқымының жоғары өнімді аудандастырылған сұрыптарын іріктеп алып, олардың бейімделгіштік қасиеті мен экологиялық тұрақтылығын бағалады. Егістік алқаптарына агрохимиялық зерттеулер жүргізу шаралары да көрсетілді. Осы ретте дәнді дақылдар өнімділігін арттыруға неғұрлым сапалы және бәсекеге қабілетті тұқым сұрпымен қамтамасыз ету, егістік жерлерді азотты тыңайтқыштармен өңдеудің талапқа сай жүргізілуі нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өткен жөн. Агроөнеркәсіп кешеніне жаңа технологияның дендеп енуіне жол ашатын «Нақты егіншілік» жобасын тиімді жүзеге асыру, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру алдымыздағы бес жылдың ішінде саладағы еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есе арттыру жөнінде белгіленген межеге жақындата түспек.
БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ
2021 рет
көрсетілді0
пікір