• Бизнес & Қоғам
  • 22 Қыркүйек, 2011

Етті экспортқа шығармақпыз, ал импорттың көлемі – 85 пайыз Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Жемесе түсіне кіретін қазақ баласы үшін еттің орны бөлек. Биылғы көктем-жаз еттің бағасы өскен үстіне өсумен болды. Алматыда базардағы еттің келісі екі мыңға жетіп қалса, супермаркеттерде үш мыңнан асып жығылды.

Былтыр көп ұзамай ет бағасының өсіп, бір келісінің 1500 теңгеге дейін көтерілетіндігін айтқан сарапшылар өз болжамдарын құрғақшылықтың салдарынан болған елдегі жемшөп тапшылығы мал басының қысқаруына әкеледі, нәтижесінде баға өседі дегенге негіздеген болатын.

Ет бағасының осыншалық өсуінің бір себебін «әлемдік нарықтың әсерінен» көретін ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтың түсіндіруінше, көктен тамшы тамбаған жылдары жемшөптен тарыққан шаруа малды базарға айдайды. Ет мол, баға да түседі. Ал мал азығының берік қоры жасалған ауа-райының қолайлы жылдарында мал басын сақтап, өсіруге тырысады. Көбірек табыс табу үшін мал салмағын арттыруға қояды. Яғни базарға түсетін ет аз болған соң, әрине, баға көтеріледі. Міне, ет қымбаттауының себеп-салдарларын іздеп, бас қатырудың қажеті жоқ. Азық қорының негізі жасалар көктем-жаз маусымының жаңбырлы иә жаңбырсыз болғанын білсеңіз болғаны. Алайда республикалық статистика агенттігінің мәліметтеріне қарасақ, елімізде мал басы жылына орташа есеппен 2-3 пайыз өсіп отырғанын көреміз. Қарапайым есепке жүгінсек, малдың басы көбейген жағдайда ет те мол болуы тиіс. Тиісінше баға төмен, тіпті болмағанда бірқалыпты, тұрақты болса керек-ті. Бірақ соңғы жылдар ілегінде байқағанымыздай, баға өсу үстінде.

Демек еліміздегі ет қымбатшылығының себебін жоғарыда айтылғандардан ғана іздеуге болмас. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, бұған импорт кінәлі. Мәселен, биыл алғашқы жартыжылдықта сырттан 80,1 мың тонна ет әкелінген. Бұл осы жартыжылдықтағы жалпы тұтыну көлемінің 16,8 пайызын құраған және былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда, 22,7 пайыз артық. Сырттан келетін еттің 85 пайызы алыс шет елдерден тасылады. Осы алыс елдерден келетін етттің бағасы өткен алғашқы жартыжылдықта 80,5 пайызға өскен. Жалпы ет нарығындағы орташа бағаны көтеріп отырған жергілікті шаруа қожалықтарының емес, нақ осы сырттан келетін еттің бағасы дейді мамандар. Мұны ресми статистикалық деректер де дәлелдейді. Ет импортының 83,7 пайызы алыс шет елдердің үлесіне тиеді. Қалған 16,3 пайызы ТМД кеңістігіндегі елдердің үлесінде. Алайда деректерді негізге алар болсақ, орташа алғанда сырттан келетін ет бағасының өсуі 13 пайыздың ар жақ-бер жағында екенін көреміз. Импорттың басым бөлігі мұхит асып келгенімен, ол негізінен әйгілі «Буш сирақтары» аталған тауық еті. Және нарықтың заңын ескерсек, сырттан келетін тауар ішкі өнім бағасының түсуіне ықпал етуі тиіс. Алайда көріп отырғанымыздай, өмір шындығы өзгеше болып тұр.

Сонымен импортты молынан әкелгенімізбен, оның да бағаны түсіруге көмегі болмады. Өйткені қымбатшылықтың себебін сырттан емес, іштен, өзіміздің экономикамыздың жағдайымыздан іздеген жөн. Соңғы уақытта барлық ішкі өнімдер бағасы мен қызмет түрлерінің қымбаттауы осы ойға әкеледі. Бірыңғай экономикалық кеңістік құруға бет алған қазіргі кезеңде, біздің еліміздің алдында ортақ нарық аумағына ет шығарудың үлкен мүмкіндігі туып отыр. Ресейліктер мен белорустар тарапынан бұған қарсылық жоқ, таласып-жармаспайды. Осынау мүмкіндікті қуана қолдаған ел үкіметі тіпті кедендік нарыққа 60 мың тонна ет экспорттаймыз деп жоспарлап та қойды. Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні еттік бағыттағы мал өсіруге бөлінетін субсидиялар тек ірі шаруашылықтарға беріліп жатқанымен, елдегі бар малдың 85 пайызы шаруа қожалықтары мен жеке қолда өсірілуде. Міне, мал шаруашылығының кенжелеп қалуының, табысты салаға айнала алмауының басты бір себебі – оның осындай ұсақтауарлы болуында. Өйткені ет өндіру ғана емес, жалпы азық-түлік өндірісінің қай саласында болмасын мемлекет саясатын ешқашан ұсақ шаруашылықтар анықтаған емес және анықтай да алмайды. Ел басшылығы қазіргі күні ет экспортын арттыруда алға қойып отырған ауқымды міндеттер тек ірі өндірушілер есебінен жүзеге асырылады. Сондықтан ірі ет өндірушілерді қолдауға мемлекет тарапынан бірінші кезекте көңіл бөлінуі құптарлық. Дегенмен мал басының көбеймей, соңғы уақыттарда салынған ірі бордақылау алаңдарының толық қуатында жұмыс істемегендіктен шығынға батып отырғаны сияқты сала дамуының бірқатар түйткілді мәселелері бар. Осы жәйттер жүйесін тауып, жөнге келмейінше, ортақ нарыққа ет шығаруды айтпағанда, халқымыздың ұлттық тағамы, сүйікті асы – етпен өз елімізді қамтамасыз етудің қиындап кетуі де әбден мүмкін.

504 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы