• Бизнес & Қоғам
  • 24 Тамыз, 2012

МАҚСАТ – МАЛ САПАСЫН АРТТЫРУ

Ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда 7 млн. 419 мың ірі қара бар деп есептеледі. Бұл цифр біршама өсуді көрсеткенімен, соңғы жылдары ірі қараның санынан гөрі сапасы көбірек ойландыратын болды. Елбасының тапсырмасы ірі қара малын өсірумен бірге оның еттік бағыттағы әлеуетін көтеруді айрықша талап етеді.

Ақтөбе облысының аудандарында мал шаруашылығы саласындағы осы мәселе күн тәртібінде ұдайы ұсталып келеді. Елбасының бастамасымен, үкіметтің қолдауымен ірі қара малын өсіруді дамыту жолға қойылды. Үкімет жеңілдетілген несиелер беріп, қолдау көрсетуде. Аймақта «Сыбаға» бағдарламасы аясында ірі қара басын көбейтуге бағытталған жобалар іс жүзінде оңғарыла бастады. Бұл ретте мал шаруашылығындағы табынды ұдайы өсіру, консалтингтік басқару орталығы мен ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобаларын жүзеге асыру міндеттері тұр.

«Қазір үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген несиелер берілуде. Мақсатымыз – осы қаржыны орнымен жұмсап, мал басын көбейту, сапаны арттыру. Бір шаруашылықта 50, 100 бас болса, енді бір шаруашылықта алынған мал саны 300-ге дейін барады. Жасалған шарт бойынша өнім мал бордақылау алаңына тапсырылады» – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Панабек Бимұратов. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Қобда, Мәртөк, Байғанин, Темір, Шалқар, Ырғыз аудандарындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары несие алған болатын. Олардың басшылары облыстағы мал шаруашылығының маңызды саласын талқылауға үнемі атсалысуда. Көбісінің айтуынша, ірі қара етін молайтуға байланысты жобаларды іске асыру бағытында фермерлік шаруа қожалықтарын дамыту қажет. Өйткені, малдың 90 пайызы жеке қожалықтардың қолында. Үкімет қазір осы бағытта жұмыс жүргізуде.

Сонымен қатар өңірде мал тұқымын асылдандыруға байланысты шаруа әрі қарай дамытуды қажет етеді. Қазірде қазақтың ақбас сиырларының тұқымы мүлдем азайып кеткен. Сондықтан да шет елдерден асыл тұқымды бұқалар мен сиырлар алып, ірі қараның тұқымдарын жақсарту, сонымен қатар мал ауруларынан сақтандыру мәселелері өзекті боп қала береді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

511 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы