• Бизнес & Қоғам
  • 24 Тамыз, 2012

ХАЛЫҚ ҚАЖЕТТІЛІГІ - БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ

Атырау облысында белсенді жүріп жатқан құрылыс әлеуметтік дамыту бағытындағы оң жетістіктерді көрсетеді. Ең алдымен халыққа қажетті деген басты нысандардың уақытылы бой көтеруі – әлеуметтік салаға деген жауакершіліктің нақты сипаты болса керек.

Сауықтыру нысандары көптеп салынуда

Мұнайлы өлке – Атырауда өңір халқының денсаулығын жақсартуға жағдай жасауға жіті көңіл бөліне бастағандай. Оны соңғы уақыттарда осы аймақта дене-шынықтыру-сауықтыру кешендерінің көптеп салынуынан байқауға болады. Солардың бірі – Құрманғазы ауданындағы Ганюшкин елдімекеніндегі 400 орынға есептелген дене-шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қазір қызу қарқын алуда. Облыстық әкімдік пен құрылыс басқармасының тапсырыс беруімен тұрғызылып жатқан нысанның жобалаушысы – «Атырауқұрылысжоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал құрылысты осы тектес нысандарды салуда елеулі тәжірибесі бар «Снабойлстрой» ЖШС жүргізуде.

Қазіргі сәтте нысанның құрылысы аяқталуға таяу. Кешенде футбол, волейбол залдары, күрес, бокс, тренажер залдары бар. Кешеннің ауласы да қосымша баскетбол, футбол алаңдарына орайластырылыпты. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 2435,7 шаршы метр. Нысанның пайдалануға берілуі үстіміздегі жылдың қараша айы деп белгіленсе де қазірдің өзінде құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Әрлеп, әшекейлеу бойынша жұмыстар қалыпты арнада өрбіп жатыр.

Осындай бірегей дене шынықтыру-сауықтыру кешені қаладағы жаңадан бой көтерген «Нұрсая» ықшам ауданында да бой көтеруде. Бұл ірі кешенді орталық іспеттес нысан болатын түрі бар. Оның жанынан мұз айдыны, үлкен концерттік зал, сондай-ақ жаңа типтегі монша орын теппек. Мұнда да әр түрлі спорт секциялары халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсететін болады.

Жол салу да жақсаруда

Жол инфроқұрылымдарының жақсаруына көпшілік қанағаттанарлық баға беріп жүр. Қаламен қоса, облыстық, республикалық маңызы бар жолдарды тақтайдай тегістеуді «Атырауинждорстрой» ЖШС қолға алған. Қазіргі уақытта қаладағы «Элеваторный» көшесінің асфальтталуы осы көшеде көптеп орналасқан өндірістік нысандар үшін құрылыс материалдарын қиналмай тасымалдауға оң әсерін тигізіп отыр. Өйткені, мұндай бағыттарда жолдың талапқа сай болуының мәні үлкен. Темір жол өткелінен басталатын жолдың ұзындығы 850, ені 7 метрді құрайды.

Жүйелерді жаңартуға бетбұрыс

Мақатта кәріз жүйелерін жаңарту қолға алынғанына біраз болды. Бұл жұмыстармен «Рим-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Оның директоры Батырбек Қарасаевтың айтуынша, кәріз-тазарту нысанының жалпы көлемі үш гектар жерді алып жатыр. Мұндағы инженерлік-коммуникация инфрақұрылымын ойдағыдай жүруде. Жерге қатысты барлық құжаттары алынып, жұмыс істеуге рұқсат беріліп отыр. Ең алдымен су, жарық, газ, телефон желілерін тарту жұмысы бірінші кезекте. Ал негізгі нысан құрылысы тек содан кейін ғана жүргізілмек. Нысанның жалпы қуаттылығы тәулігіне үш мың текше метрді құрап, оған елдімекендегі барлық үйлердің кәріз желілері қосылатын болады. Соған орай аудан орталығындағы жүйе де қалпына келтіріліп, елдімекен тазалығына айтарлықтай оң әсерін тигізбек. Кәріздік-тазарту нысанымен қатар өндірістік ғимарат, әкімшілік-тұрмыстық корпус, дизельді электростанция, газдық генератор, қазандық, екі жинақтық сұйыққойма болады.

Облыста құрылыс жұмыстарының қарқынына ғана емес, сапасына да мән беріліп, оларды жүргізуші мердігерлердің жауапкершілігін арттыру мәселесі үнемі назарда ұсталуда.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

472 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы