- Цифрлы Қазақстан
- 08 Қараша, 2018
Заманымыздың негізгі үрдісі

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркінің ресми ашылу рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы іс-шара басталар алдында қазақстандық стартап-компаниялардың жобаларымен танысып, ғылыми-зерттеу зертханаларын аралап көрді, сондай-ақ IT-университеттің алдағы жұмысы мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы жөніндегі баяндамаларды тыңдады. Сонымен қатар ашылу рәсіміне қатысқан Эстония Премьер-министрі Юри Ратас мырзаға және шетелдік қонақтардың барлығына алғыс білдірді. Қазақстан Президенті еліміз бен қоғамымызды одан әрі дамыту ісінде цифрландыру үдерісінің мәні зор екенін атап өтті. – Заттар интернеті, жасанды интеллект, 3D-баспа технологиялары және блокчейн адамзат өмірінің бүкіл саласына белсенді түрде еніп келеді. Бұл – қазіргі заманның негізгі үрдісі. Цифрландыру мемлекеттердің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторларының біріне айналды. Бүгінде әлемнің жетекші елдері, сондай-ақ олардың G-20 және Еуропа одағы сияқты бірлестіктері өздерінің цифрландыру жөніндегі стратегиялық құжаттарын қабылдады, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі цифрландыру бағдарламасының жүзеге асырылу үдерісі мен осы бағытта қол жеткізілген нәтижелерге арнайы тоқталды. Қазақстан Президенті «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркі қазіргі инновациялық экожүйенің өзегіне айналуға тиіс екенін айтты. Технопарк жұмысына қатысушылар жеңілдетілген виза және еңбек режімдерін пайдалана алады, сондай-ақ оларға салық және басқа да жеңілдіктер беріледі. Технопарк базасында тәлімгерлік институты құрылды. Оның аясында сарапшылар стартап-командаларға қамқорлық жасайды. Сондай-ақ Елбасы ІТ-технологияларды дамытуға тартылған дарынды жастарды қолдау қажеттігіне назар аударды.

1929 рет
көрсетілді11
пікір