• Бизнес & Қоғам
  • 22 Қыркүйек, 2011

Қымбатшылыққа себеп нарықтың шағындығы ма? Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Мұнайдың үстінде отырып, бензин қымбатшылығы мен тапшылығынан қиналып қалып жататмыз. Неге деген сауалға түрлі сылтаулар келтірілгенмен, негізгі себептің бірі бүгін анық та айқын. Ол – мұнай өңдеуші отандық зауыттардың технологиялық жағынан артта қалғандығы.

Үш мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейтін, халқының саны шағын елімізде жанар-жағармай жетіспеушілігі мен оның сапасына қатысты әңгіме мүлдем тумауға тиіс. Алайда жыл сайын көктемгі егін салу мен күзгі орақ науқаны кезінде жанармайдың тапшылығы мәселесі көтеріліп тұратынын айтпағанда, биыл соңғы уақытта майқұю бекеттерінде орын алған жағдай шешімін күткен мәселелердің ауқымдылығын көрсетеді.

Сонымен бүгін сапалы бензин талонмен босатылуда, ал бос сатылып жатқанының көлігіңізді оңдырмайтыны белгілі, қоршаған ортаға әкелер зияны да орасан. Өкінішке орай, мұнай өнімдерін шығарушы отандық зауыттарымыздың бүгінгі шамасы осындай. Өйткені олардың ешқайсысы мұнайды тереңдеп өңдеумен айналыспайды. Шикізатты түрлі дәрежеде толығымен өңдеуге, еуропалық талапқа сай сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беретін озық технологияларға көшпегендіктен, біздің зауыттарда мұнайдың бір тоннасынан бар маркасын есептегенде бар болғаны 200 литр бензин алынады. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ пен Канада зауыттарында орташа алғандағы мұнай өңдеудің дәрежесі 95 пайызға дейін жетсе, ал Еуропада 90 пайыздың айналасында екен. Ал ортақ нарыққа қосылып отырған көршіміз Ресейдің өзінде бұл көрсеткіш 72 пайыздың көлемінде. Тиісінше, ол елдерде өндіріс барынша күрделі және шығаратын өнім түрі біздегідей саусақпен санарлық емес.

Үкімет 2009 жылы еліміздің мұнай өңдеу зауыттарын дамытудың 2009-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдаған болатын. Онда отандық үш зауытты қайта құру жұмыстарының нәтижесінде 2015 жылдың соңына қарай мұнай өңдеу дәрежесін 90 пайызға жеткізу көзделген. Сондай-ақ мұнай өңдеу қуаттылығын қазіргі 13,7 млн тоннадан 17,5 млн тоннаға арттыру қарастырылып, үш зауыттың бәрінде бірдей Еуро-4 және -5 өлшеміндегі бензин шығарылатын болды. Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 3 млрд доллар қажет екен. Бірақ маманда үш зауытты жаңарту үшін үш миллиардтың жеткіліксіз екендігін айтады. Алайда жоспарымызды дағдарыс бұзған сияқты, қалай болғанда да бұл бағытта кешігіп жатырмыз. Мұнайлы еліміздің үкіметі енді 2015 жылдың аяғына дейін Еуро-2 мен -3 бензинін шығаруды жолға қоюға рұқсат беріп отыр. Ал сол 2009 жылдан бергі кезеңде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы литріне 76 теңгеден 106 теңгеге жетті. Алда бұдан жоғары көтерілуі әбден мүмкін.

Ал бір тамшы мұнайы жоқ кедендік одақтасымыз Беларусь болса, мұнай өңдеу зауыттарын жаңартуды басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Елдегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірінен саналатын жаңарту жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізе отырып, белорустар озық технологияға негізделген өңдеу зауыттарының бірінен соң бірін қатарға қосып жатыр. Нәтижесінде, бізде бензин бағасы көкке ұшқанымен қоймай жетіспей жатқан қазіргі таңда, жанар-жағармайға ішкі қажеттілікті толығымен қамтамасыз еткен Белоруссия енді көрші украин нарығын жаулап алуға кірісті. Осы орайда белорустардың өз жерінен мұнай шықпағанмен, шикізат өңдеу жүйесін жаңартудың олар үшін тиімді тұстары көп дегенді айтады сарапшылар. Атап айтқанда, нақты жағдайды түсіне білген басшы, іргелес жатқан жанармай тапшы украин нарығы, арзан ресей мұнайы және еуропалық нарықтың жақын орналасуы.

Еліміздегі мұнай-газ саласының басты операторы болып табылатын Қазмұнайгаз ұлттық компаниясының соңғы жылдардағы жұмыс нәтижелеріне қарасақ, біз де мұнай өңдеу зауыттарын жаңартудың жақсы тәжірибесінен құралақан еместігімізді көруге болады. Ұлттық компанияның иелігінде отандық үш зауытпен қатар, мұнай өнімдері нарығында жұмыс істейтін румындық компанияның құрамындағы Petromidia МӨЗ бар. Аталған зауыт өнімділігін ұлғайту мақсатында 2007 жылы жаңарту жұмыстарын бастаған ҚМГ бұған 1,1 млрд доллар қаржы бөлді. Еуропада ауаны ластамайтын сапалы бензин шығаратын зауыт аз емес, ал еліміздегі үшеудің бірде-біреуі олардың санатына қосыла алмайды. Олай болса, отандық зауыттарды жаңартудың осыншалық кенжелеп қалуы неліктен? Бұған жауап іздегенімізде «нарықтың шағындығы» деген себеп тағы алдымыздан шығады. Өйткені жаңартылған зауыттар шығаратын өнім түрлері де, көлемі де бұрынғыға қарағанда мол болады. Сөйтіп, өнімді өткізу мәселесі бой көтереді. Іргемізде жанармай тапшы нарық жоқ. Еуропа – алыс, тасу қымбатқа түседі. Ресейге біздің өнімдеріміз керек емес. Айналып келгенде, қалатыны – ішкі нарық. Ол шағын және төлемқабілеті төмен, сондықтан түсетін пайда аз. Осы тұрғыдан келгенде, қымбатқа түсетін зауыт жаңарту жұмыстарына қаржы шығындағанша, бензин қымбаттауынан пайда тапқан жеңіл әрі тез емес пе? Міне, сапалы бензин тапшылығы мен баға өсуінің қарапайым есепке салғандағы сыры осындай. Алайда ел басшылығы алдымызға қойған бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу міндеті бүгінгідей бірден және молынан пайда табу мақсатына басымдық берілген жағдайда қол жетпес арман болып қала бермек.

616 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы