• Бизнес & Қоғам
  • 06 Қыркүйек, 2012

Жорытқанда жолың болсын, "Ақ Мерген"

Еліміздің  жұртшылықпен байланыс қауымдастығы үстіміздегі жылы жалпыұлттық «Ақ Мерген» сыйлығының тұсауын кесті. Отандық PR теориясы мен тәжірибесін, оның әдістемелік негізін жаңа сапалық негізге көтеруге мүмкіндік беретін «Ақ Мергеннің» тұңғыш жүлдесін иелену жолындағы дүбірлі дода басталып та кетті.

Отандық жұртшылықпен байланыс саласының негізін қалаушылардың бірі, құрамына PR-агенттік, бизнес-тренингтер агенттігі, ISO-консалтинг мекемесі кіретін «Ренессанс» компаниялар тобының басқарушы әріптесі, Қазақстан Республикасының жұртшылықпен байланыс жөніндегі ұлттық ассоциациясын құруға бір кісідей ат салысып, 2005 жылдан осы ассоциацияның тізгінін ұстап келе жатқан білікті маман Светлана Крутских «Ақ Мерген» сыйлығы жөніндегі жоғары пікірде. Бизнес әкімдігі бойынша магистр болып табылатын С.Крутских «Eurasian PR-event» және «Eurasian HR-congress» конференцияларының ұйымдастыру комитеттерінің төрайымы, Халықаралық бизнес академиясы мен КИМЭП сияқты беделді оқу орындарында дәріс беретін ұлағатты ұстаз, отандық және шетелдік компанияларға арналған PR-стратегиялар мен «PR бизнес-стратегиясы», «PR-жобаны басқару», «PR практикасы», «БАҚ-пен жұмыс істеу» сияқты бизнес-тренингтер авторы ретінде газет оқырмандарымен өз ойларын бөліскен еді.  

      «Ақ Мерген» жұртшылықпен байланыс жөніндегі Ресей ұлттық сыйлығы –«Серебряный Лучниктің» ізін ала өмірге келген кәсіби марапат болып табылады, деп атап өтті Светлана Крутских. Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда Ресей мен Украинада, сондай-ақ Қазақстанда ғана PR нарықтары қалыптасып үлгірген. Бұл орайда Ресей нарығы зияткерлік әлеуетінің молдығымен ерекшеленеді. Ресей пиаршыларының тұңғыш кәсіби бірлестігі–Жұртшылықпен байланыс жөніндегі Ресей ассоциациясы (РАСО) мол тәжірибе жинақтаған. 1997 жылдан бастап РАСО Жұртшылықпен байланыс жөніндегі Еуропа конфедерациясының мүшесі болып табылады. РАСО ғылыми-практикалық конференцияларды, соның ішінде «Мәскеудегі PR күні» деп аталатын жұртшылықпен байланыс саласындағы жыл сайынғы фестивальді және Ресей мен ТМД-дағы «PR күндері» аймақтық фестивальдерін, Санкт-Петербургте «The Baltic PR Weekend» Халықаралық фестивалін ұдайы өткізіп тұрады. РАСО жұртшылықпен байланыс саласындағы «Серебряный Лучник» Ұлттық сыйлығын, студенттердің Бүкілресейлік «Хрустальный Апельсин»  жұртшылықпен байланыс бойынша конкурсын, ассоциацияның бөлімшелері мен өкілдіктері өткізетін «PRоба», «Белое крыло», «RuPoR» сияқты аймақтық конкурстарды ұйымдастырушы болып табылады.

Ассоциацияның қатысуымен Санкт-Петербургтегі Нева Тіл және мәдениет институтында «Невадағы PR-апталық» конкурсы, Ресей аймақтарындағы «Студенттік PR апталары», жазғы және қысқы PR  мектептері өткізіліп тұрады. Ассоциацияның қолдауымен Ресейде актуалды тақырыптар бойынша пікірталас шаралары, семинарлар мен конференциялар ұдайы ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасының жұртшылықпен байланыс жөніндегі ұлттық ассоциациясының жетекшісі ретінде мен осы аталған шаралардың көпшілігіне ат салысып, ресейлік мамандармен тығыз байланыс жасап отырамын. Көрші елде жинақталған мол тәжірибенің төл сыйлығымызды тағайындау кезінде көп септігі тигенін атап өткім келеді.  

Сыйлықтың операторы болып еліміздің Жұртшылықпен байланыс жөніндегі ұлттық ассоциацияның мүшесі, «АГТ-Қазақстан» коммуникациялық агенттігі белгіленді. Оператор бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнатып, мүдделі тұлғаларды конкурс жөнінде құлағдар етеді, байқауға ұсынылған жұмыстарды қабылдап, сыйлықтың ақпараттық базасы мен мұрағатын түзеді. Осы орайда «Ақ Мерген» сыйлығының атауын белгілі пиаршы-ғалым Жетпісбай Бекболатұлы ұсынғанын айта кетейін. Белгілі маман, PG Communications жұртшылықпен байланыс агентігінің басқарушы әріптесі Әсел Қарауылова сыйлықтың қамқоршылар кеңесінің төрайымы болып табылады. Сондай-ақ «Ақ Мерген» сыйлығының сарапшылар кеңесі де құрылды. Кеңес конкурстық жұмыстарды бағалау өлшемдерін ұсынып, рейтингтерін анықтайды, арнайы марапатқа лайық жұмыстар туралы ұйғарым жасайды.

Сарапшылар кеңесінің құрамына еліміздегі, сондай-ақ таяу шетелдердегі белгілі жұртшылықпен байланыс мамандары енген. «Милосердие» қайырымдық қорының директоры, продюсер Аружан Сайын, CNP Processing GmbH интернет-процессорының бас менеджері, «AWARD.KZ ұлттық интернет-сыйлығының» директоры Константин Горожанкин, «Еуразиялық медиа-форум» халықаралық қорының бас директоры, Digital Bar агентігінің әріптесі Руслан Жемков,  «Insight» PR-агенттігінің директоры Юрий Дорохов, «Тәуекелдерді бағалау тобының» директоры, саяси ғылымдар кандидаты Досым Сәтпаев, Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев, Kaspi Bank АҚ-ның маркетинг және корпоративтік коммуникациялар бойынша директоры, TEDxAlmaty коммерциялық емес жобасының ұйымдастырушысы Лариса Пак, «Самұрық-Қазына» Қорының жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің басшысы Айдар Махметов, Ресейдің Ketchum Maslov PR-агенттігінің бас директоры Михаил Маслов, «АГТ-Казахстан» PR-агенттігінің бас директоры Әмина Құдабаева, PG Communications агентігі бас директорының орынбасары Сәкен Балбаев, Орта Азия жүйелік зерттеулер қорының (ЦАФСИ) вице-президенті Марат Бекенов, «31 арнаның» бас директоры Бағдат Қожахметов, журналист, жұртшылықпен байланыс маманы Михаил Дорофеев, «Ренессанс» агенттігінің директоры Юля Лагунова, KPMG-тің Қазақстан мен Орталық Азиядағы президенті Жанат Бердалина, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» басқарма төрайымы Ләззат Бердалина, Беларуссияның  PR институтыны директоры Наталья Громадских, «Эксклюзив» Баспалар үйі» ЖШС директоры Қарлығаш Еженова, Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің кеңесшісі Юля Грязнова,  GCM Kazakhstan-Kcell корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры АидаДосаева, Теле2 компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі директоры Алексей Бендзь кіретін сарапшылар кеңесі конкурсқа ұсынылған жұмыстарды бағалауға кірісіп те кетті. Осы орайда байқауға ұсынылатын жұмыстарды қабылдау қыркүйектің 21-не дейін жалғасатынын, үш турдан тұратын дода қазан айының соңғы онкүндігінде жобаларды жария қорғаумен тәмамдалатынын айта кеткіміз келеді.

Байқауға 2007-2012 жылдары жүзеге асырылған қазақстандық жобалар қабылданады. «Әлеуметтік коммуникациялар мен қайырымдылық саласындағы үздік жоба», «Бизнес-коммуникациялар саласындағы үздік жоба» және «Шебер» номинациялары бойынша жүзеге асырылған жұмыстар сараптан өтуде. Жұмыстарды авторлардың өздері емес, тәуелсіз сарапшылар, агенттіктер, оқу орындары және ғылыми мекемелер ұсынады.

Жұртшылықпен байланыс саласындағы белгілі отандық маман, «PR-шы» клубының президенті әрі Тимбилдинг агентігінің директоры Павел Токарчук «Ақ Мерген» отандық сыйлығының дүниге келуі елімізде жұртшылықпен байланыс саласын дамытуға соны серпін беріп, жаңа бастамаларға жол ашады, деп санайды. Қазақстанда кәсіби PR индустриясын қалыптастырып, дамытуда, салалық тәжірибе мен ғылымды өркендетуде «Ақ Мерген» іргелі істерге мұрындық болады, елімізде азаматтық қоғам орнату үдерісіне үлес қосады, деген сенімдеміз.  Сондай-ақ сыйлық Қазақстанның PR агенттіктері мен  корпоративтік  PR-мамандары арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға,  кәсіби этика стандарттарын енгізуге, мемлекетпен және жоғары оқу орындарымен өзара байланыста болуға, халықаралық ынтымақтастыққа жол ашып, сала мүдделерін БАҚ-та және мемлекеттік органдарда қолдауға үлсе қосады,   еліміздің PR мамандарының біліктілігін арттыруға жәрдемдеседі,  сала имиджін арттыруға себепкер болады, деп ойлаймын. Жексенбай Жаңбыршы

929 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы