• Бизнес & Қоғам
  • 06 Қыркүйек, 2012

Қылмысты құрықталады Күдіктілердің кінәлары анықталды

        Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің қатаң бақылауында тұрған, Маңғыстау облысы ІІД қызметкері Әділет Тұрсынбековтың өліміне қатысты  қылмыстық істің тергеуі аяқталып, сотқа жөнелтілді.

            Жалғыз ұлы қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан жігіт ағасы азамат А. Ыбырай бұдан бұрын да Елбасы Н. Назарбаевтың атына, Ішкі істер министрінің атына, ұлының қазасына күштік құрылымда қызмет ететін күдіктілердің қатысы бар, сондықтан қылмыстық оқиға өз деңгейінде тергеліп-тексерілмей жатыр деп шағымданып жүргеніне екі жылға таяп қалған.

        Шағым иесінің  айтуынша оқиғаның ұзын-ырғасы былай болған:«...2010 жылдың 22 желтоқсан күнi, түнде балам Әдiлет Алшынбайұлы Тұрсынбеков облыс­тық IIД ғимаратында, яғни жұмысында отырады. Сол түнi ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкер­лерi мен «Арлан» арнайы тобы Ақтау қаласындағы 19-шағын ауданға барып, 8 адамды ұстаған. Балам сол 19-шағын ауданда болған қылмысты ашумен айналысып жат­қан шағында, түнгi сағат 2.03-те Маңғыстау облыстық ҰҚКД-нің «С» деген қызметкерi телефон соққан. Балам Әдiлет оған сағат 2.05-те өзi хабарласып, қасындағы қызметтес әрiптесте­рiне «қазiр келемiн» деп тысқа шығып кеткен. Сол кезде оны күтiп тұрған «С» жанында «Б» деген тағы бiр ҰҚКД қызметкерi болған. Балам IIД ғимаратынан шыққасын, полиция қызметкерi «Н» мен оның танысы «А» атты куәгердiң көзiнше, облыстық IIД қызмет­керлерi автокөлiктерiн қоятын автотұрақта баламды соққыға жығып, оның ес-түссiз жатқан денесiн ҰҚК қызметкерi «Б» өзiнiң БМВ-Х5 маркалы автокөлiгiнiң артқы қорапшасына (багажник) салып алып кеткен. Сондай-ақ, оқиға болған жерде автокөлi­гiн от алдырып отырған полиция қызмет­керi «Н» қылмыс жасаушылардың бiрi «Р»  бұл жерден тезiрек кетiп қалуын талап еткен. Содан соң қылмыстық топ мүшелерi баламның «Лексус» автокөлiгiн заңсыз айдап кетiп, оның ақшасы мен ұялы телефонын ал­ған. Сөйтiп бұлар ес-түссiз хал үстiнде жатқан баламды ауруханаға апарудың орнына, салынып бiтпеген бiр құрылыс нысанына апарып, нашатыр спиртiн иiскетiп және жол полициясы қызметкерi «Ө»-мен бiрге баламның қызмет бабындағы бастығы «Д»-ның үйiне апарып, ең соңында сағат 3.25-те ауруханаға жеткiзген. Бұл жан түршiгерлiк қылмыс­тық оқиға 1 сағат 20 минут аралығында болған.

Аурухананың жан сақтау бөлi­мiне келiп түскен балама дәрiгерлер мынадай диагноздар қойды: «Закрытая черепно-мозговая травма, линейный перелом лобной кости, пластинчатая субдоральная гематома правой лобно-теменной области, тяжелый ушиб головного мозга, отек головного мозга, субарахнойдальное кровоизлияние, ушиб ствола головного мозга, кома 3-степени, аспирационный синдром». Сөйтiп аурухананың жан сақтау бөлiмiнде жатқан балам 15 күннен соң есiн жимастан бақилық болып кете барды.

Бұл қылмыстық оқиғаға IIД-нiң тергеушiлерi тиянақты түрде тергеу жүргiзбедi......

Қазiргi таңда болған қылмысты бұрынғы полиция қызметкерi «А» деген адам мойнына алып, қалған қылмыскерлер бостандықта тайраңдап жүр...».     

          Осылайша шағымда айтылғандай, созбалаңға салынып бара жатқан тергеу ісіне көңілі толмаған азамат А. Ыбырай    жыл басында Маңғыстау облысына тағайындалған жаңа әкім, бұрын көп жылдар Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхаметжановтың және сол тұста облыстың бас полицейі болып келген генерал-майор Мейірхан Жаманбаевтың қабылдауларында болып, баласының өліміне байланысты қылмыстық істің мән-жайын баяндады. 

       Әуел баста, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2010 жылғы 25 желтоқсандағы бұйрығымен осы қылмыстық іс бойынша ведомствоаралық тергеу тобы құрылған. Оның құрамында ҚР Бас прокуратурасының, ҚР ҰҚК тергеу басқармасының, ҚР ІІМ Тергеу комитетінің қызметкерлері болды. Аталған тергеу тобы қылмыстық істі өз өндірісіне алып, тергеу амалдарын жүргізіп, нәтижесінде орын алған оқиға бойынша 2010 жылы 23 желтоқсан күні «КазМангистауОхрана» күзет агенттігі» ЖШС-ның «А» деген қызметкерінің үстінен ҚР ҚК 103 б. 2 б.«б,ж» тармағымен (қызметтік міндетін орындау үстіндегі тұлғаға бұзақылық ниетпен ауыр дене жарақатын салу) және 24 желтоқсан күні  ҚР ҚК 321 б. 2 б. бойынша (өкімет өкіліне қарсы өміріне және денсаулығына қауіп төндіретін күш қолдану) № 10470003177065 санмен қылмыстық істер қозғады. 2010 жылы 26 желтоқсан күні күдікті «А»-ға ҚР ҚК 103 б. 2 б.«б,ж» т. және  321-бабының  2-б. бойынша айып тағылып, айыпталушыға сот санкциясымен тұтқындау бұлтартпау шарасы белгіленді. Одан әрі қылмыстық іс бойынша жасалған қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа да  адамдарды анықтау бағытында жедел-іздестіру шаралары созбалана берді.

Үстіміздегі, 2012 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі генерал-лейтенант Қалмұханбет Қасымовтың басшылық  етуімен  ІІМ әскери тергеу басқармасының және Маңғыстау облысы ІІД тергеу басқармасының тергеушілерінен жаңадан жедел тергеу тобы құрылып, аталған қылмыстық іс бойынша жан-жақты, толық тергеу әрекеттері жүргізілді.  Тергеу ісінің  барысына генерал-майор Мейірхан Жаманбаев тікелей қадағалау жасады.

Нәтижесінде департаменттің ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқармасының жедел уәкілі Әділет Тұрсынбековтың өліміне қатысы бар тағы да  бес күдікті анықталып, қамауға алынды. Олардың ішінде екеуі ҰҚКД қызметкерлері екені анық болды.

Жүргізілген жан-жақты тиянақты тергеу амалдарының арқасында күдіктілердің кіналары айқындалып, Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 340 бабы (сот төрелігін немесе алдын-ала тергеуді жүзеге асырушы тұлғаға қастандық жасау), 321 бабының 2 бөлігімен (үкімет өкіліне қарсы күш қолдану), 125-бабы (адам ұрлау) және тағы басқа баптар бойынша айыптар тағылып, қылмыстық іс сотқа жөнелтілді.

Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ

449 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы