• Бизнес & Қоғам
  • 06 Қыркүйек, 2012

«Халықтық IPO» ҚҰНДЫ ҚАҒАЗДАР – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 «Халықтық IPO» бағдарламасының негізгі мақсаты – жұртшылықтың еліміздегі ірі кәсіпорындар акцияларын иеленуіне мүмкіндік жасау, сондай-ақ қазақстандық бағалы қағаздар нарығын дамыту. Алғашқы кезекте отандық қор нарығына еліміздегі бас мұнай тасымалдаушы компания – «ҚазТрансОйлдың» акциялары орналастырылатын кез де алыс емес. Соған орай бағдарламаны халыққа түсіндіру, кеңес беру жұмыстары жүргізілуде. Жақында компания басшылығы «Нұр отан» партиясы ұйымдастырған «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» деп аталатын республикалық акцияға қатысты.

 

«ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын Қазақстан қор биржасына орналастыруға дайындау ісі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының еншілес ұйымдарының акциялар қоржынын нарыққа шығару жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында бекітілген «Халықтық IPO» бағдарламасы негізінде іске асырылуда.  «ҚазТрансОйл» компаниясының бас директоры Қайыргелді Қабылдин акция барысында отандық нарыққа компания акцияларын орналастыру дайындығынан хабардар етті. Компания басшысының мәлімдеуінше, IPO-ға дайындықтың алғашқы кезеңі ойдағыдай аяқталды. Техникалық аудит жүргізіліп, акционерлік қоғамның 2011 жылғы қаржылық қызметінің нәтижелері бойынша аудиторлық қорытынды алынған, кешенді бағалау жүзеге асырылған. Осы уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бағалау және қадағалау жөніндегі комитеті компанияның акцияларын шығару анықтамалығына енгізілген өзгерістерді тіркеуге алды. Сөйтіп акциялардың мемлекеттік тіркеуден өткендігі туралы куәлікке де қол жетті. Енді ҚТО-ның бұл бағдарламаға қатысуға дайындығы барысындағы келесі маңызды кезең – компанияның жарияланған акцияларын орналастыруға рұқсат беру туралы үкімет қаулысының шығуы болмақ. Онда еліміздің қор биржасында орналастырылатын акциялар саны көрсетіледі. Осылайша «ҚазТрансОйл» «Халықтық IPO» бағдарламасына алғашқы жол салушы болып, бағалы қағаздарын қор биржасына ағымдағы жылдың аяғына дейін орналастырмақ. Акцияларды бастапқы орналастыру кезінде бағдарлама шеңберінде мемлекеттік компаниялардың акцияларын сатып алу құқығы тек қазақстандық азаматтарға және қазақстандық зейнетақы қорларына беріледі.     

Сонымен «Халықтық IPO» бағдарламасының алғашқы кезеңінде акцияларын орналастырушы «ҚазТрансОйл» күзде қазақстандықтарға 40 млн акция ұсынатын болды. Бұл компания акцияларының жалпы санының 10 пайызын құрайды. Қараша айында бағдарламаның екінші кезеңі басталып, қазақстандықтар үшін бағалы қағаздар нарығында таңдау жасау мүмкіндігі туады. Ал 2013 жылы «KEGOC» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазтеңізтасымалфлоты» АҚ акциялары қолжетімді болады деп күтілуде.

«Нұр отан» халықтық-демократиялық партиясының филиалдары бағдарлама бойынша семинарлар мен тренингтер ұйымдастыруға ұйытқы болуда. Партияның Алматы филиалы хабарлағанындай, «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша 400-дей адам «Нұр отан» партиясы мен Қазпошта бөлімшелеріне хабарласып, түсініктеме сұраған. Хабарласқан 20 пайыз азаматтар «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын сатып алуға келісім-шарт жасасқан.    

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның мәліметтері бойынша сауал қойылған қазақстандықтардың 7,3 пайызы «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында мемлекеттік компаниялар акцияларын сатып алуға ынталы. Сонымен қатар, 2012-2015 жылдары Қазақстан азаматтарының 1 пайызын бағдарламаға қатысуға тарту жоспарланып отыр.

479 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы