• Бизнес & Қоғам
  • 06 Қыркүйек, 2012

АВТОКӨЛІКТІ ДЕ, ҰШАҚТЫ ДА ӨЗІМІЗ ҚҰРАСТЫРАМЫЗ Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың өткен жылғы Оңтүстік Корей еліне ресми сапары барысында біздің елімізде Hyun­dai автобустары мен жүк көліктерін құрастыру бойынша келіссөздерге қол жеткізілгендігі белгілі. Нәтижесінде қазір Алматы облысының Талғар ауданында «Астана Моторс» Қазақстан мотор компаниясы Hyundai Auto Trans отандық автоқұрастыру кәсіпорны құрылып, жұмыс істеуде. Жуырда Елбасы аталмыш кәсіпорында болып отандық автокөлік құрастырушы зауыттың жұмыстарымен танысты.

Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдауда көлік құрал­дары­на өсетін қажеттілікті қам­тамасыз ету мақсатында көптеген жобалар өмірге жолдама алып жатыр. Осындай жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақ­станның мәшине жасаудағы бо­лашақ бағыттарының бірін да­мыту қамтамасыз етіліп, өн­діріске шикізаттық бағыттағы экономиканы қайта бағдарлауға салмақты үлес қосылатыны белгілі.

Осы уақытта 60-қа жуық мамандандырылған жұмыс орнын құрған автомобиль құрастыру зауыты алдағы жылдарда өндіріс пен автомобильдерге қызмет көрсетуде жұмыс істейтін 200-ден астам қосымша жұмыс орнын ашуға ынталы. Жалпы аумағы 102 000 шаршы метрді құрайтын кәсіпорында автобус пен жүк мәшинелерін құрастыру қызу жүруде. Олардың қатарына көп ұзамай ауыл шаруашылығына қажетті көліктер де қосылады. Бірінші кезекті өндіріс алаңының өзі 7 100 шаршы метрді алып жатыр. Жобаны қаржыландыруға «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы қатысты. 588 миллион теңге ин­вестицияланса, алғашқы кезеңіне арналған 300 миллион теңге бөлін­іп, «Бизнестің жол карта­сы-2020» мемлекеттік бағдар­ла­масы арқылы 1,8 миллион теңгелік несие субсидияланған.

Қазіргі күні автобус және жүк көліктерінен басқа, кәсіпорын құрастыратын мәшинелер қатарына жүк көтеретін техникалар да қосылуда. Күн санап ұлғайып келе жатқан тұрмысқа, шаруаға қажетті техникаларға деген сұранысты енді өз елімізде қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар.  

Елбасын зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстырған «Astana Group» компаниялар тобының президенті Нұрлан Смағұлов, өткен жылдың 11 айында мәшине жасау саласы өндіріс өнімінің көлемі 297,16 миллиард теңгені құрап, қолдағы көлем индексі 158,8 пайызды көрсеткендігін жеткізді. Елбасы халықтың пайдалануына ұсынылатын 19 және 28 орындық Hyun­dai County жолаушылар автобусының үлгілерін көріп, конвейерден шыққан алғашқы автобусқа өзінің қолтаңбасын қалдырды.

«Біздің жаңа астананы тұрғызатынымызға көп адам сенген жоқ, ал біз оны қысқа мерзімде тұрғыздық. Сондай-ақ автомобиль құрастыратынымызға да сенген жоқ, ал біз автомобиль ғана емес, ұшақтар құрастыруға да кірістік» – деді ел Президенті Н. Назарбаев кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімесінде. Өндірістік цехтарды аралап көрген Мемлекет басшысы жаңа технология бойынша шығарылған автобустың сапасын лайықты деп бағалады. Сонымен қатар автобустардың экологиялық ортаның жақсаруына оң әсер беретін Еуро 4 үлгі-қалпына сай екендігі айтылды. Президент компания өкілдерімен және зауыт жұмысшыларымен кеңінен әңгімелесіп, өз елімізде өнім өндірудің маңыздылығына тоқталды, ел экономикасының дамуына осындай ауыл шаруашылығы мен халық кеңінен тұтынатын техниканың елеулі үлес қосатындығын атап өтті.

Ағымдағы жылы өндіріс орнында құрастырылатын автобустар мен жүк көліктерінің саны 1000-нан асатын болса, оның 400-ден астамы Кеден одағы елдеріне және Орта Азияға экспортталады. Осы уақытта кәсіпорын жоспарға сай дамудың екінші кезеңіне өтіп, 10 тоннаға дейін жүк көтеретін жүк көліктерінің 12-14 түрлі үлгісі, сонымен бірге жолаушылар тасуға арналған 2 түрлі автобус шығарылу үстінде. Ал келесі жылға дейін өндіріс орнында Hyundai маркалы автокөліктердің барлық тү­рін құрастыруға қол жеткізілмек.

480 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы