- Цифрлы Қазақстан
- 06 Желтоқсан, 2018
Кәсіпорындар – технологиялық серпіліс кезеңінде

ҚПО сандық дамудың жол картасын ұсынды
Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен өңірдегі цифрландыру жобаларын және мұнай-газ саласына цифрлық технологияларды енгізудің өзекті мәселелерін талқылауға арналған форум өткізді.
Форум жұмысына қатысқан Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың бес бағытына тоқталып, адам капиталын және инновациялық экожүйені дамыту мәселелеріне айрықша назар аударды. Өңір басшысы Алтай Көлгінов өз кезегінде Президент цифрлық трансформацияны Қазақстандағы Төртінші өнеркәсіптік революцияның стратегиялық бағыты ретінде белгілегендігін, бұл әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіру үшін жасалуы тиіс технологиялық серпілістің басты құрамдас бөлігі екендігін атап өтті. Бүгінгі таңда барлық ірі мұнай компаниялары интеллектуалды кен орындары тұжырымдамасын әзірлеп, енгізумен айналысатын бөлімшелерге ие. ҚПО-ны цифрлық тансформациялаудың жолдарын, технологиясын, шешімдерін кеңінен талқылау үшін ұйымдастырылған форумда Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. бас директоры Эдвин Блом бұл басқосу бірлескен кәсіпорындар құрудың, бизнес аясын кеңейтудің және нарықтың барлық өкілдерімен байланысты реттеудің перспективаларын талдайтын тиімді алаң болатынына сенім білдірді. ҚПО басшысы мұндай кездесулер Қазақстанда жергілікті және халықаралық компаниялар үшін сандық әзірлемелер мен бизнес-процестерді автоматтандыру саласындағы қазақстандық мазмұнды дамытуға тың серпін беретінін айтып, компания мемлекет пен бизнестің цифрландыру, инновациялар, өндірістік қызметке заманауи шешімдер енгізудің өзекті мәселелері бойынша ашық диалог орнату мүмкіндігін қолдайтынын жеткізді. Форумда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен «Digital Aqjaiyq» өңірлік тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылған және жоспарланған 40-тан астам жоба таныстырылды. ҚПО бизнес-процестерді оңтайландыру, жетілдіру және жеделдету мақсатында сандық технологияларға көшу үшін қызметтің басым салалары белгіленген өзінің Цифрландыру жол картасын ұсынды. Оған сәйкес компания ұңғыма операцияларына, барлауға, кәсіп жұмыстарына, қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау техникасына және басқа да салаларға цифрлық технологияларды енгізетін болады. Сонымен қатар онда болашақ жобаларды жүзеге асыру, жергілікті мазмұн әлеуетін арттыру, өндірістік инфрақұрылымның басқа да жиынтықтарымен интеграциялану бағыттары қамтылған. Форумның маңызды тұстарының бірі – ҚПО Б.В., Kazenergy қауымдастығы, Білім және ғылым министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жасау туралы меморандумға қол қойылуы. Ондағы мақсат – жаңа білікті кадрларды оқыту және стартаптарды қолдау жолымен жергілікті мазмұнды дамыту. ҚПО цифрлық технологиялар арқылы өндірістік қызметінің міндеттерін шешуге, олардың тиімділігін арттыруға Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттерін қатыстырмақ. Компанияның цифрландыру жобасы келешек кәсіби кадрларды жетілдіруге жәрдемдеседі. Студенттерді цифрландыру жобасына тарту оларға инженерлік ойлау қабілетін көрсетуге, техникалық дағдыларды дамытуға, сондай-ақ жоба шеңберінде стартаптарды әзірлеу арқылы серпілісті идеяларды іске асырып, құнды тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Жиын сессияларына қатысушылар кәсіпорынның өндірістік қызметінің түрлі аспектілерінде сандық технологиялар мен ақпараттық жүйелерді қолдану жайын талқылады. Форум делегаттарының пікірінше, қатысушылардың салмақты сарапшылық деңгейі күн тәртібінде ұсынылған мәселелерді жан-жақты талдауға елеулі түрде ықпал етті.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

2100 рет
көрсетілді0
пікір