• Ақпарат
  • 13 Желтоқсан, 2018

Тәуелсіздіктің экономикалық тұғырлары

Тәуелсіздік! Халқымыз үшін саяси-әлеуметтік маңызы орасан осынау мерейлі оқиғаны ел-жұрт болып атап өте бастағанымызға да ширек ғасырдан асыпты. Иә, тарих өлшемімен алып қарағанда, бұл айтарлықтай көп уақыт емес. Осы кезең ішінде елімізде өте ауқымды үдерістер орын алды. Атап айтқанда, «алдымен-экономика, содан кейін-саясат» деген ұстанымды басшылыққа алған Елбасымыз егемендіктің алғашқы күндерінен-ақ жас мемлекет экономикасын жаңа үлгіде қалыптастыруды қолға алды. Еліміздің экономикалық саясаты бұрынғы жоспарлы шаруашылықты түбегейлі реформалау арқылы еркін нарықтық қоғамға қарай бағыт ұстанды. Ұлы істің сыншысы-Уақыт. Жасампаздық еңбек, тұрақтылық, бірлік пен татулық арқасында бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп отырмыз.

«Өткен күнде белгі жоқ» дейді қазақ. Неге болмасын! Жай­лау­дағы мыңғырған мал, алқап­тардағы жайқалған егін, Атырау­дан-Алтайға дейінгі сайын далада төселіп жатқан тақтайдай сара жол, түтіні будақтаған зауыт-фабрик міне, сол тынымсыз күндердің айғақ-белгілері. Бір сәт ел жылнамасына үңіл­сек, Елбасымыз экономика салаларын реформалау үшін 1992-1995 жылдардағы тығыз-таяң шақта заң күші бар 140-тан астам Жарлығын жариялағанын көреміз. Сонда орта есеппен жылына 33-тен астам мемлекеттік құжат жарық көріп­ті! Осы заңдардың аясында ең әуелі меншікті жекешелендіру рефор­масы іске асырылды, қаржы жүйесі халықаралық стандартқа сай екі деңгейге көшіріліп, жеке­меншік коммерциялық банктер қызмет жасай бастады. Банк жұмысын заңды түрде реттейтін экономикалық тетіктер мен құралдар іске қосылды. Ұлттық валюта – теңге айналымға енді, ол эко­номикамыз дамуы­ның қоз­ғаушы күшіне айнал­ды, деуге болады. Осы арқы­лы еліміз халықаралық қаржы инс­титуттарына кіріп, экономи­каның әкімшіл-әміршіл қа­ғи­даттарынан түбегейлі бас тартты. Қазіргі таңда төл тең­геміз өзінің берік те тұрақты валюталардың бірі екендігін мойындатты. Сонымен қатар ол ішкі экономикамыздың дамуын қамтамасыз етуші маңызды құрал ретінде толықтай ор­нықты. Өндірістік нысандарды же­ке­ше­лендіру арқылы мұнай, газ саласына шет елдік ин­вес­тиция тартылды. Жер ту­ралы заңның қа­был­дануы нәтижесінде эконо­микасы дамыған елдердегі­дей жерге жеке меншік заңдас­тырылды. Жекелендіру толып жатқан іркілістерімен жүзеге асты. Өйткені, мемлекеттік мен­шікті сатып ала қоятындай қа­зақстандық азаматтардың қо­мақты қаржысы болмады. Сол себепті мемлекетіміз эконо­ми­каны жандандыру үшін бір­неше жолдарды қарастырды. Осындай шешімдердің бірі ре­тінде ауыл шаруашылық жер­ле­рін инвестициялық купон­дар арқылы жекешелендіру қолға алынды. Сонымен қатар достастық елдерінде алғашқы болып жинақтаушы зейнетақы қорларын құру жүзеге асы­рылды, қаржы нарығында сақ­тандыру қорлары, ипоте­ка­лық несие беру жүйесі қалып­тастырылды. Кезең-кезеңмен жүзеге асы­рылған шаралар көп ұзамай-ақ өз нәтижесін берді. Ре­форма тетіктері жасалып, ин­фрақұрылымдар дами келе экономиканың бар­лық салаларын қамтығаннан кейін елдің келешектегі әлеу­меттік-экономикалық өркен­деуі­нің негізгі мақсат-мүдде­сін белгі­леп алу қажет­тігі туын­дады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бас­шы­­лы­­ғымен еліміздің ұзақ мер­зімді даму бағдарламасы-«Қа­зақстан – 2030» стратегиясы жа­салды. Аса маңызды бұл құжат ел өмірінің алдағы да­муын ай­қындап берді. Бү­гінде дамыған елдермен бә­секеге түсетін дә­режеге жет­кен Қазақстан дү­ние­жүзі ел­дерінің ішінде алғаш­қылар сапынан мекен тепті, Ор­талық Азия аймағында көш бастап, дамушы елдер қатары­нан орын алды. Тәуелсіздік жыл­дары Қазақстанның іш­кі жалпы өнімі 12 есе өсті, оның қазіргі деңгейімен ал­ғанда әлем елдерінің бел орта­сындамыз. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан «Жол картасы» бағдарла­ма­сының арқасында жұмыс орын­дары ашылып, халықтың әлеуметтік жағдайы біршама жақсарды. Сонымен бірге «Жұ­мыспен қамтудың жаңа стра­тегиясы» дайындалды. Үкімет жұмысқа тартудың жаңа бағдар­ламасын бекітті, нәтижесінде 2020 жылға дейін 1,5 миллион адамды еңбекпен қамту көзде­ліп отыр. Елбасының нұрлы жолы бізді тарихтың қатал сындарынан сү­рін­дірмей алып өтті. Біз жас бол­сақ та кемелденген мемле­кетке ай­налдық, ғаламдық ша­қыруларға жауап бере ала­тын ел екендігімізді әлемдік мінберлерде дәлелдедік. Ерен еңбек пен қажымас қайрат­тың арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз әрбір қазақ үшін ең басты құндылық саналады. Қазақ елі Ұлы көштің басында тұр, бағындырар белестеріміз, алар асуларымыз әлі алда.

Жетпісбай Бекболатұлы

2328 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы