• Өндіріс
  • 19 Маусым, 2019

ТМК: Өндіріс өзгерістерді еңсеруде

Жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін еліміз қажетті жағдайлар мен ресурстарға ие. Мәселен, отандық экономиканың жетекші саласы – тау-кен өндіру, металлургия және көмір кәсіпорындарының қызметі еліміздің ІЖӨ-нің 7%-інен астамын алады. Маңыздысы – қолдағы әлеуетті бабымен пайдаланып, тиімді жүзеге асыру.

Елордада өткен Astana Mining and Metallurgy-2019 халықаралық тау-кен-металлургия конгресінде бизнестің және мемлекеттің қатысуымен саланы дамытудың негізгі стратегиялық бағыттары белгіленді.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Роман Скляр Үкімет алдында шикізат индустриясын, табиғи ресурстарды басқару тәсілдерін, өндірістерді жаңғыртуды жүргізу, оның ішінде үздік технологиялар трансферті және заңнаманы өзектендіру есебінен сыни қайта ойлау мен ұйымдастыру міндеті тұрғандығын атап өтті. Бүгінде тау-кен кәсіпорындарында пайдалы компоненттері жоғары 50 млрд тонна техногенді минералды жиынтық бар, оны қайта өңдеуде кәсіпорындар технологияны барынша пайдалануы керек. «Қайта өңдеу саласын жігерлендіру мақсатында әлемдік үздік тәжірибелерге сүйене отырып, заңнама жетілдірілді. Өнеркәсіптік экономиканы дамытуда маңызды фактор болып табылатын қоршаған ортаны қорғау үшін елде экономикалық өсім мен жасыл экономиканы ұш­тас­тыра білу керек. Қатты пайдалы қазбаларды болашақ ұрпаққа қалдыру үшін ресурстық және энергияны тиімді пайдалану саясатын жалғастыру, бұл ретте энергияны барынша аз пайдалану арқылы пайдалы қазбаларға толыққанды мониторинг жүргізу бойынша жаңа технологияларды қолдану керек», – деді министрлік басшысы. Ең алдымен, салада негізгі капитал – адам ресурсын дамыту бойынша жұмыс жалғаса береді. Атап айтқанда, ең үздік базалық құзыреттерден басқа, геологтарға, кеншілер мен металлургтерге Soft Skils дағдыларын – жұмыста аса маңызды және күрделі, кешенді міндеттерді шешуге қажетті, сон­дай-ақ саланың инновациялық шешімдерін ілгерілетуге ықпал ете­тін кәсіби дағдыларды сіңіру керек. Бұдан бөлек, трансұлттық компанияларды тау-кен-металлургия саласына, оның ішінде қосылған құны жоғары өнім өндіру үшін тартуды жалғастыру қажет. Бұл ел ішінде металдарды қайта өңдеу дәрежесін тереңдетуге мүмкіндік береді. Тағы бір бағыт – елдегі алдыңғы қатарлы салаларды – тау-кен-металлургия және оған іргелес машина жасау, химия және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, көлік және логистика салаларын дамыту. Бүгінде озық елдер тәжірибесі қорға тәуелді экономиканы толық әртараптандыру үшін негізгі саланың айналасындағы іргелес салаларды жетілдірудің өзектілігін көрсетіп отыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін Үкімет ТМК – World Class Supplier сер­вистік компаниялары мен аралас салаларды дамыту бойынша пилоттық бағдарлама әзірлейді. Ол сәтті жүзеге асырылған жағдайда ел ішінде аралас және сервистік қызметтерді оқшаулау қамтамасыз етілмек. Технологиялық процестерді жаңғырту, төртінші индустрияға көшу жөніндегі жұмыстар – дамудың негізгі аспектілерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда ірі тау-кен металлургиялық кәсіпорындар бизнес-процестерді оңтайландыру бойынша озық шешімдерді ен­гізуде, бұл шешімдер өзінің эко­но­микалық тиімділігін көрсетіп отыр. Келесі кезеңде кәсіпорындар қолданбалы отандық ғылыммен және технологиялық парктермен ынтымақтастықты күшейтуі шарт. Келесі бағыт – шикізат базасын кеңейту үшін геологиялық барлау жөніндегі жұмысты жандандыру. Өнеркәсіптік даму үшін техногендік минералдық түзілімдерден басқа шикізатқа өсіп келе жатқан қажеттілікті қанағаттандыру жыл сайын күрделене түсуде. Минералдық шикізат ресурстары адам үшін қолжетімді ортада азаюда, сондықтан іздеу технологиясын жақсарту және геологиялық барлауға инвестицияларды ұлғайту қажет. Қазіргі уақытта инвесторлар үшін геологиялық ақпаратты жүйелендіруге жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық деректер базасы әзірленуде, ол мәліметтердің толықтығын, дұрыстығы мен ашық­тығын қамтамасыз етеді. Келесі өзекті мәселе – өндірістік нысан­дарда еңбек жағдайларының қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, өндіріс­тік жарақаттарды болдырмау. Бес жыл ішіндегі талдау көрсеткендей, маман­ның жарақаттануының негізгі саны көмір және тау-кен саласымен байланысты болып отыр, яғни республика бойынша бұл 49%-тен астам. Осыған орай, бірлескен күш-жігермен өндірістік нысандардағы қауіпсіздікті жақ­сарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізу қажет. Бұл мақсатта Үкімет өндірістік бақылаудың рөлін арттыру, бақылаудың лауазымды тұлғаларының қызметін регламенттеу және күшейту үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша заң әзірлеуде. Сондай-ақ бүгінде үлкен экономикалық әлеуеті бар ауқымды кіші саланы дамыту қажет. Мысалы, алтын мен күміс өндіретін біздің елімізде зергерлік өнеркәсіпті дамытуға үлкен әлеует, бай мәдени-тарихи тәжірибе бар. Қазірде осындай шағын саланы дамытуды заңнамалық ынталандыру мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ әлемдік тенденцияларды ескере отырып, елдегі көмір-химияны дамытудың белгілі бір әлеуетін де ескеру керек. Атап айтсақ, тас көмірді өңдеу арқылы 300-ден астам түрлі өнімдер алуға болады екен. Олардың құны көмірдің құнынан 20-25 есе жоғары, ал кокс-химия зауыттарында алынатын жанама өнімдер кокстың құнынан асып түседі. «Бүгінде трансұлттық компаниялар бізге сала ішіндегі проблемаларды шешу кезінде оқшауланған көзқарасты болдырмауға мүмкіндік береді, сондай-ақ тау-кен металлургия өнеркәсібін дамытудың заманауи әлемдік үрдістеріне жол көрсетеді», – деді Р.Скляр. Мысалы, елдегі Еуразиялық топ, Казцинк, Арселормиттал Теміртау, Алтынталмас, Қазақмыс, Қазминералс, Өскемен титан-магний комбинаты сынды тау-кен-металлургия кешенінің алыптары өздерінің цифрландыруды дамыту стратегиясын қалыптастырып, ол бойынша 200 млрд теңгеден астам сомаға шамамен 20 ірі жобаны іске асыруда. ERG, титан және магний комбинаты сияқты ірі компаниялар орта мерзімді даму стратегияларын әзірлегені мәлім. Саланы дамытуда біртұтас, ортақ қозғалысқа ықпал ететін бұл қадамға өзге кәсіпорындар да бет бұрарына үміт мол. Министрлік өз кезегінде өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға, экспортты ұлғайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға, негізгі капиталға салынған инвестицияларды ұлғайтуға және энергия қарқындылығын төмендетуге ба­ғытталған Индустриялық-инно­вациялық даму мемлекеттік бағ­дарламасының шеңберінде бір­лескен жұмыстарды жалғастыра бермек. Бұл ретте барлық страте­гиялық бағыттар мемлекет пен бизнестің ортақ күш-жігерімен жү­зеге асары сөзсіз.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1669 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы