• Өндіріс
  • 03 Шілде, 2019

Астананың азық-түлік белдеуі

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ел астанасын ауыл шаруашылығы өнімдерімен, азық-түлікпен жеткілікті қамтамасыз ету аграр­шылардың мәртебелі міндеттерінің бірі. Осы мақсатты көздей отырып жасалған салалық бағдарламаларды орындау барысында мемлекет жәрдемімен шаруа қожалықтары құрылып, олардың жұмысы өз нәтижесін бере бастады. Бұл орайда ауылдық жерлерде жүзеге асырылатын жобаларды қаржыландыратын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» атқарып отырған ісі ауқымды. Қордан несие алған бірқатар шаруашылықтар ел астанасының азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып келеді. Бұл орайда орталық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударған бірнеше фактіге тоқтала кеткеннің артықтығы болмас. Әріптестеріміз ел ырысын еселеп жатқан шаруашы­лықтардың бүгінгі жай-күйін әңгімелеп, келешек жоспарларына көз жібереді. Мәселен, солардың бірі, Ақмола облысы Бурабай ауданының Кенесары ауылындағы «Омаров» сүт-тауарлы фермасының тыныс-тіршілігі көңілге қуаныш ұялатады. Ұжым басшысы, «Ырыс» бағдарламасымен несие алған жеке кәсіпкер өңірдегі сүт өңдейтін зауыттарға шикізат жеткізумен айналысады. Ол жерде өңделген сүт өнімдері Елорданың сауда сөрелеріне жеткізіледі. Қазіргі уақытта шаруашылықта сүтті бағыттағы 350 бас сиыр бар. Сауылған сүт Көкшетау зауытына, «Айна», «Milk Ptojekt» және «Natige» кәсіпорындарына жеткізіледі. Олармен арада келісім-шарттар жасалған. Сүт тапсыру көлемі жыл сайын артып келеді. Мемлекет қолдауына сүйене отырып, мал басын көбейту қолға алынған. Қазіргі уақытта «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» 77 млн 500 мың теңгеге берілген өтінім мақұлданып, бұл қаржыға Еуропадан сүтті бағыттағы гольштин тұқымды сиыр сатып алу жоспарланып отыр. Келесі тілге тиек етілетін осы ауданның Қымызынай ауылындағы «Айдын» шаруа қожалығы биыл ғана «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, Словакиядан 53 бас симменталь тұқымды ірі қара әкелген. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша алынған 40 млн. теңгеге жуық несиеге сондай-ақ мал азығын дайындайтын техника сатып алынған. Осы Бурабай ауданының Қымызынай ауылындағы тағы бір кәсіпкер мал мен құс шаруашылығын дамытуға бағытталған «Игілік» бағдарламасы арқылы несие алып, қазір сонымен қатар қымыз өндірумен де айналысуда. Ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан бөлінген 6 млн. теңге несиеге 18 бас жылқы сатып алған. Өз биелерін қосқанда қазір 36 бие сауып, күніне 120 литр қымыз дайындауда. Қымызға сұраныс үлкен болғандықтан ешқайда тасымай-ақ тұтынушылар өздері алып кетеді екен. Екі денсаулық сақтау мекемесімен келісім-шарт жасаған шаруагер қымызды соларға өткізеді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар несие өнімдерін іске асыруда. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы етті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын қолдауға арналған. Бағдарламаның мақсаты – ірі қара мен ұсақ мал етін өндіру бойынша саладағы отандық экспорттың әлеуетін арттыру. Жылдық сыйақы үстемесі 4 пайыз болатын несие 15 жылға 70 миллион теңгеге дейін беріледі. Жылдық тиімді үстемесі 4,1 пайыздан басталады. Сыйақы мен негізгі қарызды төлеу бойынша 2 жылға дейінгі жеңілдетілген мерзім қарастырылған. Өткен жылы қордың Ақмола облыстық филиалы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1 105 млн. теңге соманың 24 несиесін берді. Ол қаржыға 1 541 бас ірі қара, техника мен мал азығы сатып алынған. Ал, биыл 625 бас ірі қара сатып алу үшін шаруаларға 537 млн. теңге болатын 12 несие берілген. Жыл соңына дейін бұл мақсатқа 1 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттау жоспарлануда. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Ырыс» бағдарламасы бойынша 2015 жылдан бері 50-100 басқа арналған сүтті-тауарлы фермаларды дамытуды жүзеге асырып келеді. Мәселен, осы бағыт бойынша жалпы құны 298 млн. теңге болатын Ақмола облысындағы 11 жоба қаржыландырылды. 803 бас сүтті бағыттағы сиырлар сатып алынды. Бағдарламаның мақсаты – сүтті мал басын көбейту, қайта өңдеу кәсіп­орындарын шикізатпен қамтамасыз ету. Өңірде қор арқылы қаржыландыру жалғасуда. Соның ішінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несиемен қамтамасыз ету үшін өтінімдер қабылдануда. Жалпы, биыл ауыл кәсіпкерлерін қолдауға 1 млрд. 838 млн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Аграрлық несие корпорациясы «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы бола отырып, саладағы еңбек өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін арттыруға бағытталған қаржылық қолдау шараларының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруда. Үстіміздегі жылдың басынан бастап корпорация іске асыратын барлық несие беру бағдарламалары есебінен жалпы сомасы 75,6 млрд. теңгеге 2 281 өтінім қабылданған. Жыл сайын көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 60 млрд. теңге бөлінеді. Корпорация тарапынан өтінімдер қысқа мерзімде мақұлданады, ал қаржыландырудың жеделдігі фермерлерге оңтайлы сатып алу құны бойынша егіс тауарлары мен көрсетілетін қызметтерге қажетті тұқымдар, гербицидтер, қосалқы бөлшектер және өзге де саймандар сатып алуға мүмкіндік береді.

1670 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы