• Өндіріс
  • 18 Шілде, 2019

Жұмыс нәтижесі саннан сапаға ауысса игі

Индустриялық және инфрақұрылымдық саясатты жүзеге асыру қазақстандықтардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсарту және әл-ауқатын арттыру мақсатын көздейді. Осы ретте еліміздің индустриялық және инфрақұрылымдық дамуы Индустрияландыру, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.

Биыл еліміз 2015 жылдан бас­талған индустрияландыру бағ­дар­ламасының екінші кезеңін қорытындылайды. Мемлекет бас­шы­­сының төрағалығымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр биылғы алғашқы жартыжылдықтың қоры­тындысы бойынша өңдеу өнер­кәсібінде өсім 3,4% болғанын атап өтті. Машина жасау саласында автомобиль өндірісі жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр. Есепті кезең қорытындысы бойынша бұл саладағы өсім 47% құрады. Биыл автокөлік құралдарының өндірісін 32 мың бірліктен 60 мың бірлікке дейін арттыру көзделген. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 мың бірлікке дейін жеткізіледі. Өсім нарықта сұранысты қалпына келтіру және жеңілдікпен автонесиелендіру бағдарламасын іске асыру есебінен болды. Биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы құны 449 млрд теңге болатын сомаға 130 жоба іске асырылып, нәтижесінде 12,6 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Осы шілдеде Қарағанды қаласында 32 млрд теңге сомасына ферросилиций шығаратын зауыт пайдалануға беріледі. Оны салу кезінде Индустрия 4.0-ге сай келетін жаңа технологиялық жобалар қолданылды. Сонымен қатар Алматы қаласындағы Индустрия­лық аймақта үлкен диаметрлі болат дәнекер құбырларды өндіру зауыты пайдалануға беріледі. Аталмыш өндірістің іске қосылуымен үш жүз жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Керамогранит пен керамикалық плита өнімдерін шығаратын Орталық Азиядағы алғашқы зауыт – Ақтөбе облысында салынып жатыр. Зауыт құрылысы биыл жылдың соңына дейін аяқталады. Экспортты ілгерілетуге бөлінген 500 миллиард теңге экономикаға жұмыс істей бастады. Қаражат экспорт алды және экспорттық қаржы­ландыруға, экспортшылардың та­сымалдау шығындарын өтеуге, ке­ңінен сервистік қолдау көрсетуге бағытталады. Аталған шаралар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің көлемін 2025 жылға қарай $23 миллиардтан $38 миллиардқа дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Елбасы жүктеген «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту міндеттерін іске асыру аясында өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету, агроөнеркәсіп кешені және өндіріс салаларын қолдауға 600 миллиард теңге бөлінді. Биыл наурыз айынан бағдарламаны іске асырудың белсенді кезеңі басталды. 15 шілдедегі жағдай бойынша банктер 50 млрд теңге сомаға 100-ден астам жобаны мақұлдап, 280 млрд теңгеге жуық сомаға 180 жобаны қарастыруда. Тек осы бастапқы жобалар бойынша жыл сайын 2 мыңнан астам жұмыс орнын құру және салық түсімдерін 6,2 млрд теңгеге ұлғайту көзделіп отыр. Бағдарламаны іске асыру есебінен 2025 жылға қарай импорт көлемі 59%-дан 37%-ға дейін қысқарады. «Қарапайым заттар экономикасы» тауарларын мемлекеттік сатып алулар кезінде отандық өндірушілерді қолдау мақсатында әкімдіктер жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторларды белгіледі. Алайда алғашқы жартыжылдықтағы мемлекеттік сатып алулар талдауы әкімдіктердің жоспарланған сатып алулардың үштен бірін ғана іске асырғанын көрсетеді. Бұл ретте жергілікті қамту үлесі орта есеппен небәрі 9% құрайды, ал белгіленген жоспар бойынша бұл көрсеткіш ең кемінде 30% болуы тиіс. Мысалы, Маңғыстау облысында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сатып алуларда жергілікті қамту үлесі небәрі 2%, құрылыс материалдарын сатып алуда 0% болған. Батыс Қазақстан облысында жиһаз сатып алуда жергілікті қамту 0% болса, Қостанай облысында да құрылыс материалдарын сатып алуда жергілікті қамту жоқ. Отандық тауар өндірушілерден өнімдер сатып алуда оң димнамика Алматы қаласында және Жамбыл облысында байқалып отыр. Мемлекеттік сатып алулар кезінде жергілікті қамту мониторингі жүргізіліп, оның үлесін арттыру шаралары қабылданатындығы атап өтілді. «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында биыл респуб­ликалық маңызы бар 4,4 мың ша­қырым автожол құрылыс және қайта құру жұмыстарымен қамтылды. Бүгінде «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Батыс» дәлізінің және Талдықорған – Өскемен, Үшарал – Достық, Қалбатау – Қапшағай, Жетібай – Жаңаөзен учаскелеріндегі жол бойында кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жалпы биылғы жыл ішінде 641 шақырымда жол қозға­лысын ашу жоспарланған. Ал, 2020 жылы барлық жөнделіп жатқан учаскелерде жол қозғалысы ашылатын болады. Қаржыландыруды 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтудың нәтижесінде жергілікті маңыздағы автожолдар­ды дамыту шеңберінде жөндеу жұмыстарымен 4,5 мың шақырым жол қамтылып отыр. Жалпы 2025 жылға дейін респуб­ликалық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағ­дайдағы үлесін 87%-дан 100%-ға және жергілікті жолдар жағдайын 68%-дан 90%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар салалық ведомство басшысы бағдарлама аясында теміржол желісін, автобус паркін жаңарту, азаматтық авиация саласында тасымал қауіпсіздігі мен қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыра бастағаннан бері 29 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Биыл 6 айдың ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5%-ға жоғары. Мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 7,4 теңге жеке инвестиция тартылды. Биыл жылдың соңына дейін барлығы 118 мың тұрғын үй салу жоспарланған, оның ішінде 49 мың тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйді уақытылы іске қосу үшін құрылыс алаңдарына тиісті инженерлік коммуникацияларды жүргізуге 81,7 млрд теңге қарастырылған. Тұрғын үй жинақ банкі салым­шыларының саны 1,3 млн адамға жетті. Жарты жылдың қорытындысы бойынша 5,7 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңіне 98,1% құрайды. Тұрғын үйді іске қосуда Түркістан, Қызылорда, Алматы, Қостанай облыстары көшбасында келеді. Жалпы жылдық жоспарға басқа өңірлердегі құрылыс қарқынының жоғарылауы есебінен қол жеткізу күтілуде. Елбасының «Nur Otan» партия­сының XVIII съезінде берген тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй салу мен сатып алуды қаржыландыру қарастырылған. 7 жыл ішінде 40 мың отбасы тұрғын үй алатын болады. Биыл мамыр айынан бастап 1610 көпбалалы отбасыға тұрғын үй берілді. Оның ішінде Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдіктері бойынша тек 55 пәтер берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және сатып алуды қаржыландыру көлемі ұлғайтылды. Үш жыл ішінде 3 мың жалдамалы пәтерден берілетін болады. 3 жыл ішінде жыл сайын көпбалалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасыларға 2%-бен 6 мың жеңілдікті қарыз беріле бастайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағдарламасы жылдың соңына дейін жаңа редакцияда қабылданатынын айтты. Оған жылу және сумен жабдықтау, су бұру, коммуналдық секторды жаңғырту және үйлерді жөндеу мәселелері енгізілетін болады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы