• Бизнес & Қоғам
  • 27 Қыркүйек, 2012

Қор нарығы қалай жұмыс істейді

Кез келген ірі компанияның белсенді дамуы үшін инвестициялар қажет. Ол үшін банкке барып, несие алуға болады. Сонымен қатар ақшаны қор нарығынан да алуға болады.

Қор нарығы – бағалы қағаздарды сататын және сатып алатын орын. Мұнда компаниялар мен ақшасын оған салғысы келетіндер кездеседі. 

Бағалы қағаздардың түрі көп, бірақ «Халықтық ІРО» бағдарламасы аясында қазақстандықтарға акциялар ұсынылады. ІРО-ға шығатын компаниялар, атап айтқанда, акция шығаратын компаниялар эмитент деп аталады. Эмитенттер акцияларының бір бөлігін сатып жіберіп, қажетті қаражатқа ие болады. Акцияларды сатып алушылар – инвесторлар. Акция өз иесіне (акционерге) компания табысының белгілі бір бөлігіне иелік ету (дивидендтер) және компанияны басқаруға қатысу құқығын береді.

Инвесторлар екі топқа бөлінеді: бөлшек саудалық және институционалдық. «Халықтық ІРО» бағдарламасында бөлшек саудалық инвесторлар Қазақстан азаматтары болып табылады, ал институционалдық инвесторлар – зейнетақы қорлары.

«Халықтық ІРО» аясында акцияларды сатып алу және сату бойынша мәмілелер Қазақстанның қор биржасында (KASE) жасалатын болады. Азаматтар бағалы қағаздарын сататын немесе сатып алатын биржа туралы түсініктерін кеңейтулері қажет. Қазір сауда операциялары электронды түрде жүргізіледі, ал сатушылар мен сатып алушылар бір-бірін көрмейді және білмейді. Биржадағы барлық мәмілелер арнайы лицензиясы бар брокерлер арқылы  жасалады. Қазіргі уақытта Қазақстанда алпыстан астам брокерлік компаниялар қызмет атқарады. Брокер бағалы қағаздардың сатушысы мен сатып алушысы арасындағы делдал болып табылады, өз клиентінің тапсырмасы бойынша мәміле жүргізеді, ол үшін комиссиялық төлем - мәміле сомасының аздаған пайызын алады. 

Қор нарығының қатысушылары арасында трансфер-агенттерді де атап өту қажет. Олар брокермен тікелей байланыс жасау қиындық туғызған кезде қажет болады. Қазіргі уақытта Қазақстандағы брокерлік компаниялардың көбі Алматы қаласында орналасқан. Бірақ кез келген аймақта «Халықтық ІРО»-ға қатысу үшін азаматтар трансфер-агент лицензиясы бар жақын орналасқан «Қазпочта» АҚ бөлімшесіне немесе «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ облыстық филиалына бара алады. Бұл компаниялардың мамандары брокермен қашықтықтан шарт жасасуға көмектеседі, акцияларды сату немесе сатып алу туралы бұйрығыңызды брокерге береді, сонымен қатар мәмілені орындағаны туралы брокердің есебін сізге жеткізетін болады. 

Биржада бағалы қағаздарды сату-сатып алу бойынша мәмілелерді ресімдеу жүзеге асырылады да, тиісті есептер (акцияға иелік ету құқығын беру, ақша аудару) Орталық депозитарийде тіркеледі. Депозитарийді шартты түрде биржалық ақша мен акциялар сақталатын банк деп атауға болады. Брокер инвесторға Орталық депозитарийден шот ашады. Қазіргі кездегі бағалы қағаздар құжатсыз нысанда болғандықтан Орталық депозитарийде акционерлердің құқықтары мен қаражаты туралы жазулар электронды түрде сақталады. Инвесторлар кез келген кезде өзіне тиесілі бағалы қағаздар тіркелген Орталық депозитарийдегі шотының жағдайы туралы көшірмені ала алады.

Қор нарығының жұмысын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды бақылау және қадағалау комитеті бақылап отырады. Қор нарығына қатысушылардың іс-әрекетін реттейтін негізгі құжат Қазақстан Республикасының «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңы болып табылады.

Егер сіз «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысу туралы шешім қабылдасаңыз, ең алдымен брокермен шарт жасасуыңыз керек. Ол үшін жеке куәлігіңіз бен СТН қажет. Брокерлік компанияны таңдаған кезде оның лицензиясы болуына, комиссия шамасына, нарықтағы белсенділігіне, клиенттердің тапсырмасын орындау жылдамдығына, басқа да көрсетілуі мүмкін қызметтеріне назар аударуыңыз керек.

«Халықтық ІРО»-ға алғашқы болып шығатын «ҚазТрансОйл» АҚ компаниясының акцияларын сату 2012 жылғы күзде басталады. Егер сіз осы компанияның акцияларын сатып алғыңыз келсе, брокермен шартты ертерек жасасқаныңыз жөн. Акциялар сатыла бастағанда асығыс әрекеттенгенбей, кезекті көп күтпей, ертерек шарт жасасқан дұрыс.

Егер сіздің Бағдарлама жөнінде сұрақтарыңыз туындаса, 8 800 080 50 70 «жедел желі» телефоны бойынша тегін қоңырау шалып, хабарласа аласыз (Алматы қаласы үшін – 8 (727) 250 70 00).

www.halyk-ipo.kz ресми веб-сайтындағы ақпаратпен танысыңыз.

 

730 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы