• Бизнес & Қоғам
  • 27 Қыркүйек, 2012

ТҰҢҒЫШ ТӘЖІРИБЕГЕ КЕҢ КӨЛЕМДІ ТАЛДАУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Республикамызда «Халықтық ІРО» жобасын жүзеге асыру арқылы кең жұртшылыққа ірі ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкіндігі ұсынылып отыр. Бағдарламаның нәтижелілігі азаматтардың оған қатысудан пайда алуларына ықпал етпек. Сонымен бірге, компаниялар қызметіне қоғамдық бақылау да күшейеді делінуде. Жоба жүзеге асырыла бастағандықтан қазіргі уақытта оған қызығушылық танытатын азаматтардың қатары ұлғайып, оларды түрлі сауалдар толғандырары белгілі. Соған орай біз Қазақстанның қаржы нарығындағы ірі жоба төңірегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитетінің төрағасы Дархан Қадырбайұлы НҰРПЕЙІСОВПЕН әңгімелескен едік.

–        Дархан Қадырбайұлы, «Халықтық ІРО» бағдарламасының тәртібі мен талаптары туралы көп айтылуда. Әйтсе де алғашқы кезеңде көпшілікті қызықтыратын сауалдың бастапқысы әрі бастысы белгілі: «Шынымен де осы бағдарламамен акциялары сатылымға шығарылатын ірі компаниялардан үлес алу мүмкін бе?»

–        Елімізде «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүргізу қажеттілігі туралы алғаш рет Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының 2011 жылғы ақпанда өткен 13-ші съезінде сөйлеген сөзінде мәлімдеген болатын.

Сол жылдың қыркүйегінде ҚР Парламенті кезекті сессиясының ашылуында еліміздің Президенті үкімет пен парламентті «Халықтық ІРО»-ны іске қосу жөніндегі жұмысты жандандыруға шақырды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстанның қатардағы азаматына отандық ірі компаниялардың акцияларын иелену, болашақта олардың пайдасынан өз үлесін алу мүмкіндігін беруді негізгі мақсат етіп айқындады.

Осы маңызды бастамаға байланысты Үкімет 2011 жылғы 8 қыркүйекте  «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының еншілес және тәуелді ұйымдары акцияларының пакеттерін бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын бекіту туралы» Қаулы қабылдады.

Сөйтіп, қазақстандықтарға республикамыздағы неғұрлым ірі, тұрақты және болашағы зор мемлекеттік компаниялардың акциялары ұсынылатын болды. Олардың акционері бола отырып, яғни меншік иелерінің қатарына кіре отырып, азаматтар олардың пайдасының бір бөлігін ала алады.

 

–        IPO-ның әлемнің көптеген елдерінде жүзеге асырылғанын білеміз. Сондай-ақ бағдарламаның әр елде әр қалай нәтиже бергенінен де жұртшылық хабардар. Ендеше Қазақстанның қазіргі нарықтық жағдайында ойдағыдай нәтижеге қол жеткізуде есепке алынуы тиіс негізгі факторларға тоқталып өтсеңіз.

 

– «Халықтық ІРО»-ның әлемдік тәжірибесі біржақты емес, олардың сәттілері де, сәтсіздері де бар. Бүгінде «Халықтық ІРО-ны» жүргізу практикасы көрсетіп отырғандай, оның сәттілігі көптеген факторларға, оның ішінде халықтық ІРО-ны жүргізу уақытына; эмитент-компанияны таңдауға; компанияның құнын және акцияларының бағасын әділ бағалауға; халықтың қаржылық сауаттылығына және ақпараттандырылуына; қор нарығы инфрақұрылымының дайын болу деңгейіне және т.б. байланысты. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақаласында берілген тапсырмаларының біріне сәйкес ҚР Үкіметіне «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-мен бірлесіп акционерлендірілген ұлттық компанияларға тұрақты түрде экономикалық және заңгерлік аудит жүргізу және оның нәтижелері туралы әлеуетті миноритарийлерге жеткізу арқылы «Халықтық ІРО-ның» тұңғыш тәжірибесіне кең көлемді талдау жүргізу тапсырылды.

–           Демек, осы уақытта қор биржасы акциялар сатуға толығымен дайын болар. Ал халық, әсіресе ауыл-аймақтарда тұратын қалың жұртшылық ақпаратты жеткілікті түрде алды деп айтуға бола ма?

– Әрине, бағдарлама табыстылығының айқын факторларының бірі –халықтың қаржылық сауаттылығы және «Халықтық IPO» туралы ақпарат алуының деңгейі болып табылатындықтан, бұл аспектіге көп көңіл бөлінді. Халықты бағдарламаның мақсаттары, компанияның қаржылық жағдайына байланысты және тәуелсіз акцияларды сатып алу кезінде әрдайым қосарлана жүретін мүмкіндіктер мен тәуекелдер туралы ақпараттандыру бойынша іс-шаралардың толық кешені әзірленді. 

Мысалы, 9 сәуірден бастап ақпараттық компания өз жұмысына кірісті. Бағдарламаның сall-орталығы ашылып, халыққа арналған «жедел телефон желісі» (8-800-080-50-70) тәулік бойы жұмыс істеуде.

Бағдарлама туралы өзекті жаңалықтармен, сұхбаттармен, отандық және шетелдік сарапшылардың түсініктемелерімен, IPO жөніндегі талдамалық зерттеулермен, қатысушы компаниялардың қызметімен танысуға болатын бағдарламаның www.halyk-ipo.kz веб-сайты жұмыс істейді. Сонымен қатар, белсенді жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарында жүргізілуде.  

Бұлармен қоса, оқу-әдістемелік және таныстыру материалдарын қамтитын білім беру бағдарламалары әзірленген. Осы ақпаратты тарату мақсатында «спикерлер» мен «промоутерлер» деп аталатын 660 адамнан тұратын пул қалыптастырылды. Олар барлық өңірлердегі, оның ішінде ауылдық жерлердегі еңбек ұжымдарына оқыту дәрістері мен көшпелі таныстырылымдар жүргізеді. 

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық банкі ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігімен, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-мен бірлесе отырып, облыс орталықтарында, сол сияқты облыстық мәні бар қалаларда өңірлік активтермен көшпелі кеңестер өткізіп жүр.  

 

–           Мемлекеттік компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алуға шешім қабылдаған адамдардың саны белгілі болды ма? Жалпы, жұртшылықтың бағдарламаға қатысуға ынта-ықыласы қалай? 

 

 – Осы уақытта ауқымды ақпараттық-түсіндіру компаниясы жүргізіліп жатыр. Бастапқы бағалау бойынша бағдарлама шеңберінде шамамен 160 мың бөлшек инвестор ат салысуы мүмкін. 

Халықтың бағдарламаға қатысуға деген ынтасына келсек, бұл жерде қандайда бір нақты пікір айту қиын. Десек те өңірлерде жүргізіліп жатқан іс-шараларға, клиент – жеке тұлғалардың өсіп жатқан брокерлік шоттарының санына, тікелей желіге соғылған қоңыраулар мен веб-сайтқа кірулерге қарағанда, халықтың қор нарығына деген қызығушылығы айтарлықтай өсіп отыр. 

Мәселен, «Халықтық IPO» бағдарламасының ақпараттық-түсіндіру компаниясының бес ай ішіндегі (сәуір-тамыз) жүргізген жұмысы шеңберінде «Қазпочта» АҚ-дағы шоттардың саны 2300-ден 3400-ге дейін, ҚР Орталық депозитарийдегі жеке тұлғалардың брокерлік шоттарының саны 10000-нан  13000-ға дейін өсті. Сондай-ақ, бағдарламаның сall-орталығына шамамен 6 мың қоңырау шалынып,  www.halyk-ipo.kz веб-сайтына кіру саны 66 мың кірушіні құрады.

 

–          Жәй акцияларды бірінші кезекте сатуға шығарудың қандай да бір себебі бар ма? Неге артықшылықты акциялар сатуға  шығарылмайды?

– Бағдарламаның басты мақсаттарының бірі – Қазақстан азаматтарына ұлттық ірі компанияларда толыққанды үлесінің болуына мүмкіндік беру. Жай акциялар иеленушілеріне акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру құқығын және сонымен қатар компанияны басқаруға қатысу үшін мүмкіндік береді. Ал қолында артықшылықты акциялары бар акционердің тек дивидендтер алуға ғана құқығы бар.   

 

–           Қазақстанда жеке тұлғалардың зейнетақы қорлары арқылы бағалы қағаздарға иелік етуін дамытуда   IPO-ның рөлі мен мүмкіндігі қаншалықты? Сонымен қатар, акцияларды орналастыруда зейнетақы қорлары мен жеке тұлғалар арасында кезекке тұру проблемасы туындауы мүмкін бе?

–   Бағдарламада акцияларды бастапқы орналастырудың жәй акциялардың 15 пайызынан аспайтын пакеттермен жүргізілуі тиіс екендігі белгіленген. Осы шектеу мемлекеттің стратегиялық объектілерді бақылауын сақтау мақсатында енгізілді. Бұл ретте тек елдің азаматтары және отандық зейнетақы қорлары ғана Бағдарламаға қатыса алады.

Зейнетақы қорлары халық арасында іске асырылмаған акциялардың артылуы болған жағдайда сауда-саттыққа жіберіледі. Бұл акциялар бағаларының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, себебі зейнетақы қорлары – бұл әдетте ұзақ мерзімді инвесторлар.

Қазіргі кезде 8 млн. қазақстандық азамат зейнетақы қорларының салымшылары, олар сондай-ақ зейнетақы қорлары арқылы «Халықтық IPO» бағдарламасының іске асырылуынан пайда алады. 

 

–           Мәмілелер жасаушы брокерлердің біліктілігі мен белсенділігіне қаншалықты сенім артуға болады? Сондай-ақ, оларға қарапайым клиенттерден гөрі ірі инвесторлармен жұмыс істеу тиімді шығар. Бұл ретте клиент пен оның кеңесшісі арасындағы мақсатты қарым-қатынас тетіктері қарастырылған ба?

 

– Әдетте, «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде бағалы қағаздар сатып алу үшін брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асыруға арнайы мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс брокерлік компаниямен шарт жасау қажет. Лицензияланған брокерлік компаниялардың тізімін www.afn.kz веб-сайтынан көруге болады.

Брокерлік компанияны таңдау кезінде нарықтағы жұмыс тәжірибесіне, комиссияның мөлшеріне және клиенттер үшін қосымша қызмет көрсету мүмкіндігіне назар аудару керек.

Брокерлік компаниялардың көпшілігі өз клиенттері үшін қандай да болмасын акциялардың ықтимал өзгерістері бойынша болжамдар жасайды және ұсынымдар береді. Бірақ нәтижесінде бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату туралы шешімді инвестордың өзі жасайды, ал брокер болжамдарының тек ұсынымдық сипаты бар. 

Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» АҚ мен тоғыз брокерлік компания Меморандум жасасты. Онда «Халықтық IPO» бағдарламасына кіретін компаниялардың акцияларын бастапқы орналастыру, сондай-ақ оларды кейіннен бағалы қағаздар нарығында сату сәтінде жеке тұлғаларға акцияларды сатып алу бойынша брокерлік қызмет көрсету кезінде комиссияларды төмендету көзделеді. Осы компаниялардың тізімін www.halyk-ipo.kz веб-сайтынан көруге болады. 

Сонымен бірге, инвесторлар брокерлерге жіберетін ақша, сондай-ақ сатып алынатын акциялар электрондық нысанда ҚР Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде сақталатынын атап өткен жөн. Бұл бағалы қағаздардың иелеріне кез келген сәтте брокерлік компанияны ауыстыруға мүмкіндік береді.

 

–        Дархан Қадырбайұлы, нақты әрі маңызды жауаптарыңызға көп рахмет. Жақсы жаңалықтармен бөлісе берейік. 

Сұхбатты жүргізген – Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

658 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы