• Өндіріс
  • 15 Тамыз, 2019

Адам әлеуетіне басымдық

ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы өндіріс тиімділігін шығынсыз арттырудың оңтайлы шешімдерін енгізуге зор мән беріп келеді. Бұл тәсілдердің қатарында бірнеше жыл бұрын компанияға қарасты мұнай өңдеу зауыттарында енгізілген Lean 6 Sigma бағдарламасын ерекше атауға болады. Осының нәтижесінде Павлодар мұнай-химия зауытының өзінде ғана 43,6 млн теңгеден астам қаражат үнемделген.

Атап өтерлігі, іске асырылған барлық жобаларды осы бағдарлама бойынша арнайы оқытудан өткен зауыт қызметкерлері ұсынған. Сондай-ақ жобалар елеулі инвестицияларды қажет етпейді, ал олардың қорытындысы нақты экономикалық нәтижелерімен алты айдан – бір жылға дейінгі мерзімді құрайды. Негізінде трансформациялық жобаның мұнай өңдеу кәсіпорындарында ойдағыдай іске асырылуына көз жеткізген бас компания Lean 6 Sigmaны басқа сегменттердегі кәсіпорындарына таратуды ұйғарыпты. Сөйтіп, ҚМГ-ның жаңа цифрлық трансформация бағдарламасы мұнай және газ өндіру бизнес-бағытындағы еншілес ұйымдарға Lean 6 Sigma-ны енгізу жобасымен толықтырылды. ҚМГ тиімділігін арттырудың негізгі әлеуеті дәл осы сектормен тығыз байланысты болғандықтан бұл шешім кездейсоқ емес. Компания ұсынған мәлімет бойынша, Lean 6 Sigma тұжырымдамасы сапаны басқарудың екі әдісін біріктіру нәтижесінде пайда болды. Біріншісі – шығындарды азайту мен процестерді үдету қағидаларын қамтитын жапондық Lean manufacturing, яғни үнемді өндіріс әдісі. Ал екіншісі – өнім сапасын арттыру мен клиент сұранысын өтеуге бағытталған американдық Six Sigma – алты сигма тәсілі. Бағдарлама компанияның шығындарын азайту үшін жобалық тәсілді жүйелі түрде қалыптастыратын ең ұтымды әдістеме болып табылады. Lean 6 Sigma тұжырымдамасы кәсіпорын тиімділігін арттыру мен қызметін оңтайландыру мақсатында жобаларға бастамашылық ететін қарапайым қызметкерлерді ынтыландыруға негізделген. Ол үшін қызметкерлер арнайы DMAIC әдістемесі бойынша оқытылады. Оқу бес кезеңнен тұрады. Алғашқы екеуі – анықтау (define) және өлшеу (measure). Бұл кезеңде жобаның бизнес-кейсі дайындалады. Яғни, нақты мақсат қойылып, оған жетудің уақыт шегі белгіленеді, кәсіпорынның ақаулары мен түйткілді мәселелері анықталады. Одан кейінгі үш кезең – сараптама (analyze), жетілдіру (improve) және бақылау (control). Бұл кезде ақаудың пайда болуының негізгі себептері анықталып, сарапқа салынады. Оларды азайту арқылы өндіріс мейілінше жетілдіріліп, оның бұдан арғы барысы бақылауға алынады. Оқудан өткен және жобаларды іске асырған қызметкерлерге шығыс жекпе-жегі жүйесіне ұқсас «белбеулер» берілетіні де қызықты. Мысалы, жасыл белбеу – бұл күрделілігі бойынша оңай және орташа жоба жетекшілерінің деңгейі. Олар ауқымды мәліметтерді талдап, жүйелей білуге тиісті, ақпаратты дұрыс реттеп, түсінікті қылып ұсынулары қажет. Қара белбеу – кез келген күрделі жобалардың үйлестірушілері, жасыл белбеу иелерінің ұстаздары. Қара белбеу шеберлері – бұл жоғары техникалық және ұйымдастырушылық қабілеттері бар және бағдарламаның техникалық басқаруын қамтамасыз ететін қызметкерлер. Батыс елдерінде Lean 6 Sigma әдістемесін пайдалану тәжірибесі қысқа мерзім ішінде өз күшімен жоғары нәтижеге жетуге болатынын растады. Айталық, дайын өнім мен көрсетілетін қызмет сапасы 20-40%-ке жақсарып, өзіндік құны 30-60%-ке төмендеді. Орындалған жұмыс көлемін қосымша шығынсыз 20%-ке, орындау жылдамдығын 70%-ке дейін, ал жалпы кәсіпорын жұмысының тиімділігін 10-30%-ке арттыруға мүмкіндік туған. Мұндай жобаларды іске асыру өзгерістерді басқару ісімен де (change-management) тығыз байланысты. Өйткені бұл қызметкердің ойлау жүйесін өзгертуге септігін тигізеді. Бұл дегеніміз, адамдардың бизнес-үдерістерді, тіпті технологияларды өзгертуі. Мысалы, Павлодар мұнай-химия зауытында 2016-2018 жылдар аралығында бағдарлама бойынша 27 адам оқытылды. Кейіннен бұл қызметкерлер өндіріске енгізіліп, кәсіпорын қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берген 20 жобаны ұсынған. Жуырда ұлттық компанияның негізгі өндіріс активтері шоғырланған Маңғыстау өңірінің орталығы Ақтау қаласында Lean 6 Sigma негіздері және жүйенің енгізілуі мен жұмыс істеуі барысында бірінші басшылардың рөлі тақырыбында тренинг өткізілді. ҚМГ және оның мұнай-газ өндіретін еншілес ұйымдарының басшылары қатысқан шараны ҚМГ трансформация және цифрландыру блогы ұйымдастырды. Қатысушылар арасында бағдарлама қызу талқыға түсті. ҚМГ басқа бизнес-бағыттары, атап айтқанда, мұнай сервисі мекемелерінің басшылары Lean 6 Sigma жобасын таяу арада енгізуге ынта білдірді. ҚМГ трансформация және цифрландыру тобы адами капиталға ерекше ден қойған. Өйткені, өзгерістердің негізгі қозғаушы күші болып қашанда қызметкер қала береді. Бұл ретте Lean 6 Sigma бағдарламасы бизнес-үдерістерді өзгертуге және цифрлық технологияларды енгізуге қызметкердің дайындығы мен қызығушылығын арттыруға сеп болады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1101 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы