• Атамекен
  • 15 Тамыз, 2019

ҚазАгро көлемді реформаларға бет алды

Жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚазАгро жұмысын өткір сынға алып, құрылымға қатысты түбегейлі шаралар қабылдауды, оны жедел реформалау жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Президент квазимемлекеттік сектордағы ірі субъектілер қызметінің тиімділігін мұқият бағалайтын кез жеткендігін, әрбір ұлттық холдинг немесе ұлттық компания Қазақстан мен оның азаматтарына шығын емес, пайда әкелуі тиістігін баса айтты. «Даму институттары дәл осы мақсатта құрылғанын ұмытпайық.

Олар экономиканы, индустрияны, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, халыққа қызмет етуі тиіс. Құрылымды барынша кеңейту, табысты көбейту мемлекеттік холдингтердің өз қамы болмауы керек», – деп талап қойды Қасым-Жомарт Тоқаев. Мәселен, осындай икемсіз басқарудың нәтижесінде ҚазАгро холдингі орасан шығынға батқан, қаржыландырылған 672 жобаның 270-і немесе 40%-і тоқтап қалған. Мұндағы ең үлкен үлес монополистерге тиесілі, яғни, олардың табысы – бизнес пен азаматтардың шығыны. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Үкіметке Есеп комитетімен бірлесіп, квазимемлекеттік сектор қызметінің әлеуметтік-экономикалық ықпалын бағалау әдістемесін жасауды тапсырды. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған стратегиялық жобалардың операторы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ 2006 жылы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына серпін беру бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында құрылған болатын. Холдингтің қаржылық жағдайының айтарлықтай нашарлауына 2013-2017 жылдары Қазақстанның қаржы нарығындағы турбуленттіліктің салдары, теңгенің девальвациясы және елдің агроөнеркәсіптік кешенін несиелейтін бірқатар банктердің дефолты себеп болды. Шетел нарықтарына доллармен және еуромен қомақты қарыз алған бас холдинг қолайсыз өзгерістерге дайын болмай, соның салдарынан айтарлықтай шығын шеккен. Жақында KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы холдингтің жаңадан тағайындалған басқармасымен бірлесіп дайындалған «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның қаржылық жағдайы мен қызметіне кешенді тәуелсіз бағалауды аяқтады. Холдингтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Эрнст энд Янг аудиторлық компаниясы растаған холдингтің жинақталған шығыны 2019 жылдың басында 399,1 млрд теңгені құрады. Бұл шығындардың жартысы девальвациядан болса, жартысы – екінші деңгейдегі дефолтты банктердегі шығындар. Барлық шығындар бас холдингте қалыптастырылған жағдайда, оның еншілес ұйымдары, атап айтқанда ҚазАгроның үш ірі еншілес ұйымдары: Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және ҚазАгроҚаржы табысты компаниялар болып қалып отыр және олар жылдан жылға ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін арттыруда. Ендігі жерде келеңсіз жағдайды түзету – күрделі мәселе және Үкімет пен холдинг менеджментінің үйлестірілген шешімдерін талап етеді. «ҚазАгро тағдыры туралы айтатын болсақ, холдингтің еншілес компанияларында қазіргі уақытта 77 мыңнан астам қарыз алушы – ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, шаруа және фермерлік шаруашылықтар бар, олар ҚазАгроның қолжетімді несиелерін пайдалануда. Алдағы уақытта қабылданатын кез келген шешімдер, ең алдымен, олардың жағдайын нашарлатпауы тиіс», – дейді «ҚазАгро» ҰБХ басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев.

Қазіргі сәтте холдингтің жаңа топ-менеджменті реформалау шеңберінде шығындылық және төмен тиімділік проблемасын шешу үшін күш-жігерді шоғырландырудың негізгі бағыттарын белгілеп отыр. Мәлім етулерінше, ең алдымен холдингтің қаржылық жағдайын тұрақтандыру бойынша жедел шаралар әзірлеп, қабылдау қажет. Бұл жұмыстардың аясында холдинг ағымдағы жылдың мамырында өзінің барлық валюталық берешегін түпкілікті өтеген, енді теңге бағамының ауытқуы шығынға әкелмейді, делінуде. Сонымен қатар алдағы 15 жылға арналған дамудың қаржылық моделінің жобасы әзірленді, ол холдингті қалыптасқан жағдайдан біртіндеп шығаруды қарастырады. Екіншіден, холдингтің еншілес компанияларының санын қысқартып, бірін бірі қайталайтын функциялардың ара-жігін ажырату арқылы ықшам ұжым қалыптастыру көзделуде. Оңтайландырудың нәтижесінде холдинг штаты 20%-ке, кейін тағы 25%-ке кезең-кезеңмен азайтылмақ. Келесі кезекте ауыл шаруашылығын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік қаражаттың тиімді әрі мақсатты пайдаланылуы қамтамасыз етіліп, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін тиімді несие өнімдерін әзірлеу, несие беру процесін барынша автоматтандыру және несие өтінімдерін қарау уақытын қысқарту міндеттері қойылып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі сәтте «ҚазАгро» холдингі» ҰБХ» АҚ қызметін реформалау және оның тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені қаралып, мақұлданды. Сондай-ақ оның басшылығына тиісті тапсырмалар берілді. Бұл бағытта холдингтің басқару органдарына шетелдік сарапшыларды тартып, штатты оңтайландыру және холдингтің операциялық шығыстарын қысқарту жөніндегі жұмыстар жалғаса бермек. ҚазАгро басшылығы Үкіметке баяндағандай, еңбек өнімділігін және АӨК өнімін экспорттауды арттыруға, жеке инвестициялар мен инновациялық технологияларды тартуға, сондай-ақ ауылда жаңа бизнес бастамаларды дамытуға бағытталған 10 жылдық кезеңге арналған холдинг стратегиясының жобасын әзірлейді. «Несие қоржынының сапасын жақсарту және тоқтап тұрған жобаларды сауықтыру бойынша шаралар пакеті қабылданды. Осы реформалардың нәтижесінде холдинг қысқа мерзімде ықшам және тиімді қаржы институтына айналады. ҚазАгро өз қызметінің нәтижелілігін арттырып, 2020 жылдың қорытындысы бойынша таза пайда алуды жоспарлап отыр», делінген хабарламада.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1119 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы