• Өндіріс
  • 28 Тамыз, 2019

Экономикалық еркіндікке негіз болған Ата заң

Жұбан ақын жазғандай, «Мың өліп, мың тірілген қазақтың» соқтықпалы-соқпақсыз тағдырында елдің елдігі мен ердің ерлігі сынға түскен жол айырықты сәттер аз болмаған. Егемендіктің елең-алаңындағы аласапыран солардың ең соқталыларының бірі еді. Себебі, саяси-әлеуметтік тарихта тоталитарлық идеологиядан жалпыадамзаттық құндылықтарға ауысудың дайын қисыны, жоспарлы шаруашылықтан нарыққа көшудің айқын жөн-жосығы бұрын-соңды болмаған. Міне, осындай күрделі кезеңде ең алдымен заман шындығын ақиқат тұрғыда бейнелейтін, сонымен бірге болашақ даму бағдарын айқындайтын, жаңа қоғам орнатудың негізгі қағидаттарын баянды етуге тиісті Ата заң – Конституция қабылдау талап етілгені түсінікті. «Өткен күнде белгі жоқ» дейді. Неге болмасын? Көбіміз келмеске кеткен кеңес басшылығының сонау 1985-1991 жылдардағы терең ойластырылмаған экономикалық саясатының «зұлымдық империясын» тас-талқан қылған саяси дағдарысқа бастағанына куәміз. КСРО-да ол кезде әуелi кәсiпорындар, одан кейiн тұтас бір аймақтар, республикалар қалыптасқан шаруашылық байланыстарды үзе бастағанын, делдалдық қарым-қатынастарға көшіп, мемлекеттiк тапсырыс бойынша өнiм өткiзудi тоқтатқанын, барлық таза пайданы тұтыну қорларына айналдырғанын білеміз. Мемлекеттiк бюджеттiң тапшылығы мен инфляция өсе бастады, ақша жүйесi құнсызданды. Сырттан келетiн инвестиция пышақ кескендей тиылды. Сөйтіп, 1990 жылы өндiрiс абсолюттi түрде құлдилап, ел экономикалық дағдарысқа кiрдi. Одақ ыдыраған 1991 жылдың соңында өнеркәсiп өндiрiсiнiң құлдырауы 8 пайызға жеттi. Қазақстан тәуелсіздігін алғанда экономикада жаппай аласапыран басталып кеткен еді. 1992-1994 жылдары елiмiзде инфляция деңгейi 2000 пайыздан асып, гиперинфляция «сайран салды». Ішкі жалпы өнім көлемi 1991-1995 жылдары 1990 жылмен салыстырғанда 38,6 пайызға төмендедi. Елді тығырықтан алып шығудың түрлі жолдары ұсынылды, солардың ішіндегі ең нәтижелісі 1992 жылы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының докторы Ерік Асанбаевтың қаламынан туған «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты тұжырымдамалық еңбегі болатын. Онда ұсынылып, жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саяси бағыт 1993 жылғы қабылданған Негізгі заңда жүзеге асырылды. Асанбаев стратегиясы негізгі екі экономикалық қағидатқа сүйенді. Оған сәйкес, біріншіден, бәсекелестікке негізделген әлеуметтік нарықтық экономика құру, ал екіншіден жеке тұлғаның экономикалық тұрғыдан өзін-өзі пайымдауы принципін жүзеге асыру үшін құқықтық және басқа жағдайлар жасау қажет болады. Мемлекет болашақта мемлекеттік меншік үлесін 30-40 пайызға дейін қысқартуға тиіс. Алға қойылған экономикалық мақсаттарға жету үшін тиісті бюджеттік, салықтық, қаржы-несиелік және әлеуметтік саясатты жүзеге асыру кезінде экономиканы реттеудің жанама тәсілдері қолданылады. Стратегия Қазақстанның жоспарлы экономикадан нарыққа, тоталитарлықтан либералдық саясатқа, ырықтандыруға көшетінін белгіледі. Онда сондай-ақ ұлттық валютаны енгізу туралы жария етілді. Ал, осы тарихи құжаттан кейін іле-шала қабылданған тұңғыш Конституция тарихта өзіндік рөлін ойнады, тәуелсіз мемлекет құрылысының алғашқы кезеңінде саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда жаңа қатынастарды қалыптастырып, дамыту үшін негіз қалауға мүмкіндік берді. Кейіннен, 1995 жылы республикалық референдумда қабылданған, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің конституциялық құрылыс тәжірибесіне негізделген, қоғамдық ынтымақтастық пен үйлесімділік қағидаттарын, адам мен азаматтың құқықтары мен еркіндігін басшылыққа алған, мықты мемлекет құруды көздейтін еліміздің екінші Конституциясы мемлекетіміздің ойдағыдай дамуының құқықтық іргетасы болып табылды. Тілге тиек етіліп отырған кезеңде елімізде менеджмент пен маркетинг тәсілдерін білетін, нарық заңдары мен әдістерін меңгерген мамандар болмады, шетелдік инвестицияларды тарту бірлескен кәсіпорындар ауқымынан аспады. Нарықтық қатынастардың қалыптасуы мен дамуына қажетті заңдар әлі дайын емес-ті, ал қабылданғандарының көбісі жұмыс істемеді. Атап айтқанда, ырықтандыру еліміздің өндірістік және экономикалық әлеуетін кемітуге ықпал еткен көптеген түйткілді тұстарды анықтап берді. Бұлардың басым бөлігі техникалық жағынан артта қалумен, тауарлардың және қызмет көрсету түрлерінің бәсекеге қабілетсіздігімен, мемлекеттік және нарықтық институттардың, заңдық базалардың, қаржы және кадр ресурстарының болмауымен байланысты еді. Ақша-несие және банк жүйелерін түбегейлі реформалау кезек күттірмеді. Мемлекет қалыптасқан дағдарыс жағдайынан шығудың жалғыз жолы ретінде қаржыны тұрақтандыруға жетуді негізгі міндет етіп қойды, үкіметтен бюджеттік кірістер мен шығыстарды қатаң бақылау талап етілді. Экономиканың жекелеген салалары мен тармақтарының пайдасын көздеп немесе оларға қысым жасап ықпал етушілік атаулының жолы кесілді. 1993 жылы ұлттық валютамыз енгізілді, нақты ақша-несиелiк және валюталық реттеу қолға алынды. Осының нәтижесiнде экономикада 1995 жылдан бастап инфляция деңгейi төмендей бастады, ал ол өз кезегiнде экономикалық өсуге жол ашты. Осы 1995 жылы экономикалық салада елдегі реформаның қарқынын арттырған және даму бағытымызды нақтылауға көмек берген нарықтық сипаттағы 140 заң топтамасы шаруашылықты ырықтандырып, мемлекеттің монополиясынан шығаруға, экономикалық еркіндікке және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды.

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

1378 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы