• Цифрлы Қазақстан
  • 04 Қыркүйек, 2019

Президент либерализацияға ден қойып отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді

Нұрлан Дулатбеков, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Парламенттің алдында ауқымды міндеттер тұр

Менің ойымша, Жолдауда елдегі ең өзекті мәселелердің бәрі қам­тыл­ды. Яғни, Президент жағдайды бақылап, біліп отыр. Біз жуырда ғана батыс өңірде болып, сайлаушыларымызбен кездестік. Сонда айтылған проблемалардың барлығы Жолдауда көтеріліп жатқанына қатты қуанып отырмын. Мәселен, туристік кластерді көтеруде қандай мәселелерді қаузау керек, қандай сұрақтардың төңірегінде жұмыс істеу керектігіне Мемлекет басшысы жан-жақты тоқталды. Мен Президент Жолдауындағы көп мәселелердің ішінен халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін ерекше атап өтер едім. Оның ішінде көлік қатынасына қатысты мәселелер көтерілді. Жаңаөзен қаласында сайлаушылар Маңғыстау өңіріне жету, темір жолмен қатынау қиындығын, әуе қатынасының бағасы шектен тыс қымбат екенін айтқан болатын. Президентіміз осы мәселелерді көтерді. Қ.Тоқаев келесі жылы Ұлы Абайдың 175 жылдығын той ретінде атап өтіп қана қоймай, ақын шығармаларын басқа қырынан ұғынуға шақырып отыр. Бұл мәселелер төңірегінде Парламенттің алдында үлкен міндеттер тұр. Президент сайлауалды бағдарламасын толығымен жүзеге асыруға бекініп отыр. Парламент осы ретте көптеген заңдарға өзгерістер енгізуі тиіс.

Зәуреш Аманжолова, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Қауіпті кеселмен бірлесе күресу керек

Мемлекет басшысының Жолдауы біршама әлеуметтік мәселелерді қамтыды. Зейнеткерлік, медицина, білім, мәдениет саласының өзекті проблемалары қаузалды. Президент медицина жайлы айта келе салауатты өмір салтын сақтауға барынша маңыз беріп отыр. Барша халықты бұқаралық спортпен айналысуға шақырды. 2020 жылдан бастап еліміз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сіне көшкелі отыр. Оған қажетті қаражат бөлінген. Ендігі міндет – осы қаражатты тиімді пайдаланып, медицина сапасын арттыру. Осы арқылы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырған абзал. Жоғары технологиялы медицинаны халыққа жеткізу де өте өзекті. Сонымен бірге Президент жасөспірімдер арасындағы суицидке тоқталды. Мемлекет басшысы сол үшін жекелеген мемлекеттік бағдарлама жасалуы керектігін айтты. Себебі, суицидке тек медицина ғана жауапты емес. Сондықтан оған жан-жақты салалар бір кісідей атсалысуы керек. Оның ішінде педагогика, мәдениет, ішкі істер саласы, ата-аналар, отбасылар осы кеселге қарсы жұмылуы тиіс. Яғни, отбасының мәртебесін, институтын қолдау арқылы бұл қоғамның қауіпті кеселімен күресуге болады.

Бектай Орманов , Түркістан облысы Талдау және болжау орталығының төрағасы:

Кәсіпкерлерді салықтан босату экономиканың дамуына ықпал етеді

Президенттің елдегі мем­ле­кеттік компаниялардың санын қысқарту жөніндегі тапсырмасы өте орынды. Мемлекеттік компаниялар санының көп болуы нарықтағы бәсекелестікті тежейді. Мемлекеттің экономикаға араласуын тоқтату жолында Президент бірқатар өзгерістер енгізді. Яғни, бұл бизнеспен айналысушы кез келген компанияға немесе кәсіпкерге нарықтық бәсекелестікте жол ашады. Бұрынғыдай мемлекеттің ақшасына алақан жайып отыратын компаниялар азайып, таза бәсекелестік пайда болады. Бұл өз кезегінде экономиканың кең қанат жаюына ықпал етеді. Сондай-ақ кәсіпкерлерді уақытша салықтан босату туралы ұсыныс дер кезінде қолға алынған. Президентіміз шағын бизнеспен айналысушыларды 3 жылға дейін салықтан босатуды тапсырды. Бұл да өз кезегінде елге үлкен көмек болатын шешім. Бұл шешім енді аяққа тұрып келе жатқан бизнесмендер үшін оңтайлы болмақ. 3 жылға дейін салықтан босатылған олар кәсібін жолға қойып, ел экономикасының дамуына ықпал етеді.

Ерлан Қарин,

Президенттің кеңесшісі:

Жолдау кәсіпкерлікті дамытуда те керемет жігер береді

Президент өз Жолдауы арқылы саяси бәсекенің өсуін, көппар­тиялықты дамытуды, диалогты күшейтуді көздеп отыр. Мемлекет басшысы елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді міндет санайтынын жеткізді. Бұл саяси жүйе тұрақтылығының ұзақ болуы үшін маңызды. Менің ойымша, Мемлекет басшысы либерализация бағдарына ден қойып отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Реформа үшін реформа жүргізудің қажеті жоқ екенін ашық білдірді. Реформаларды іске асыруда ойлы да өлшенген қадамдар болуы керектігін айтты. Президенттің саяси кеңесшісі ретінде қоғамдық диалогты дамыту, азаматтық диалогты күшейту туралы бастамаларын ерекше атап өтер едім. Әлбетте, Президент тарапының шағын және орта бизнесті дамыту бастамасының да маңызы зор. Мемлекет басшысы микро және шағын бизнесті салықтан үш жылға босату туралы Үкіметке заңнамалық негіз әзірлеуді тапсырды. Менің ойымша, бұл кәсіпкерлікті дамытуда өте керемет жігер береді. Жалпы, Жолдау өте үйлесімді болды.

2240 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы