• Өндіріс
  • 12 Қыркүйек, 2019

KMGI позициясын нығайтты

Биыл қазақ даласындағы мұнай өндірісіне 120 жыл толды. Сонау 1899 жылы Атырау облысындағы Қарашүңгіл кен орнында алғашқы мұнай бұрқағы атқылаған болатын. Отандық мұнай-газ саласының тарихы сол сәттен бастау алады. Атырау қаласында осы мерейлі датаға орай өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан дайын мұнай өнімдерін сату ісіндегі көшбасшылардың бірі болуы тиістігіне назар аударып, 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға жеткізуде мұнай-газ секторы үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

Экономика өсімін тұрақты түрде арттыру жөніндегі зор міндет аясында 2025 жылы Қазақстанда жыл сайынғы мұнай өндіру көлемі 105 млн тоннаға жетпек.

Бүгінде елімізде мұнай-газ саласында бірқатар ірі ауқымды және ұзақмерзімді инженерлік-техникалық жобалар жүзеге асырылып жатқандығы мәлім. Мұнай өндірісінде инвестицияның негізгі өсімі ортамерзімді кезеңге тиесілі және үш жобаны жүзеге асыру үшін 44,5 млрд АҚШ доллары көлемінде құйылып отыр. Атап айтқанда, Теңізді болашақта кеңейту жобасы (36,8 млрд АҚШ доллары), Қашағанның 1-ші кезеңін кеңейту жобасы (2 млрд АҚШ доллары), Қарашығанақтағы өндіріс деңгейін ұзарту жобасы (4,5 млрд АҚШ доллары). Энергетика министрлігінің дерегі бойынша, Теңізде кенішті игеруге 46 мыңнан астам қазақстандық жұмысшы тартылған. Болашақта кеңейту жобасын жүзеге асыру арқылы Теңіз­дегі мұнай өндірісін айтарлықтай арттыруға, яғни, жыл сайынғы дең­гейді 2023 жылдан бастап бірден 12 млн тоннаға көтеруге мүмкіндік бар. Қашағанда бүгінде мұнай өндіру көлемі тәулігіне 380 мың баррельге жетіп отыр. Жүзеге асырылатын жоба мұнай өндірісін 2022 жылы тәулігіне 420 мың баррельге және 2027 жылы 500 мың баррельге жеткізуге ықпал етеді. Қарашығанақтағы жоба мұнай өндіру деңгейін ұзақмерзімді кезеңге сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мерейтойлық жылда еліміздің ұлттық мұнай-газ операторының стратегиялық активі де ерекше датаны атап өтуде. Осыдан 40 жыл бұрын Қара теңіздегі қазақстандық мұнай өңдеу зауыты өндірістік пайдалануға берілді. ҚазМұнайГаздың шетелдік активі мерейтойды зор жетістіктермен қарсы алды. Мұның бірден бір мысалы – Solomon халықаралық бенчмаркингі Petromidia МӨЗ-ді Еуропадағы ең үздік кәсіпорындардың бірі деп танып отыр. Жыл сайын америкалық Solomon Associates консалтингтік компаниясы жүздеген мұнай өңдеу зауыттарын аймақтық және бүкіл әлем бойынша салыстыратын әйгілі бенчмаркингін құрастырады. KMGI тобына кіретін Румыниядағы Petromidia ТМД, Шығыс және Батыс Еуропа кәсіпорындарымен салыстырғанда ең үздік зауыттардың бірі болды. Әр түрлі аймақтарда орналасқан мұнай өңдеу зауыттарының дамуына және олардың технологиялық жетілу деңгейіне сапалы салыстырмалы талдау жүргізу айтарлықтай күрделі процесс. МӨЗ-ді талдау және оларды салыстыру үшін дәстүрлі бухгалтерлік есеп әдісімен бірге Solomon Associated-тің әдістемесі қолданылады. Мамандар «мұнай өңдеудің тереңдігі», «персоналдың тиімділігі», «пайдалылық», «таза ақша маржасы» сынды көрсеткіштерге талдау жасайды. Өнімділік көрсеткіштеріне, мысалы, энергия сыйымдылығы индексі және энергиясыз шығындардың тиімділік индексі, тағы басқалары кіреді. Solomon индексі жоғары МӨЗ-дер сапалы мұнай мен газ өнімдерін көбірек шығара алады. Бұлар өндірістік әлеуеті жоғары, нарық қажеттіліктерін тез қанағаттандыра алатын кәсіпорындар. Осы ретте Petromidia тек өткен жылы мұнайды қайта өңдеу көлемін 1 миллион тоннаға арттырғанын мысалға келтіру жеткілікті. МӨЗ-дің жобалық қуаттылығы 5,4 млн тонна болса, 5,9 млн тонна мұнай өңделген. Ал биыл Petromidia 6,1 млн.-ды өңдеп үлгерді. Компания жеңіл мұнай өнімдерінің жоғары шығымдылығына, пайдалану шығындарының төмен деңгейіне және жақсы энергия сыйымдылығына ие. Зауыт еуропалық нарықтарға мұнай өнімдерінің жаңа брендтерін жеткізеді, бизнес-процестерді автоматтандыру үшін жасанды интеллект қолданады және бүкіләлемдік деңгейде танылған өнімділік индексінің жоғары бағасын алды. Компания инвестицияланған капиталдың қайтарымы бойынша әлемдегі ең озық мұнай өңдеу зауыттарының қатарына кіреді, бұл МӨЗ бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Менеджмент жаңа материалдарды шығаруды перспективалы бағыт деп есептейді. Мысалы, соңғы 2 жыл ішінде полипропиленнің үш жаңа арнайы сорттары жасалып, іске қосылды, тағы бір марка дамуда. Ағымдағы жылдың 8 айында ғана полипропиленнің жаңа сорттарын шығару компанияға $555 мың табыс әкелді. 2012 жылдан бастап KMGI-да барлық өңдеу көрсеткіштерінің деңгейі едәуір жақсарды. Осылайша, қазір компания Қара теңіздегі анағұрлым технологиялық зауытқа иелік етіп отыр. 2009-2012 жылдары зауытта өндірістік қуатты жылына 3,8-ден 5,4 млн тонна шикізатқа дейін арттыруға және Еуро-5 отынын шығаруға мүмкіндік берген жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Алғашқы қадам өндірістік процесс шығынын тоннасына 15 долларға дейін төмендетуге мүмкіндік туғызды. Ал 2012 жылы бұл көрсеткіш $28 тең болды. Екінші кезең – өндірісті цифрландыру әлі де жалғасын табуда. Мәселен, мұнай өңдеудегі басты шығындардың бірі – энергия болса, жаңа энергосыйымдылықты жабдықтар мен процестерді компьютерлік модельдеудің арқасында компания айтарлықтай қаражат үнемдеуге мүмкіндік алды. Жалпы, соңғы онжылдықта компания аймақтық мұнай өнімдерін жеткізуші ретіндегі позициясын елеулі түрде нығайтты. Компания операциялық пайда мен кірістіліктің ең жоғары деңгейіне қол жеткізді, бұл Rompetrol компаниясы KMGI тобына кірген сәттен бастап қана емес, компания құрылғаннан бергі 40 жыл ішінде де ең жақсы көрсеткіш болып табылады. KMG International басқарма төрағасы Жанат Түсіпбековтің атап өтуінше, Petromidia табыстары зауытты басқаратын қазақстандық мамандардың жоғары біліктілігінің көрсеткіші болып табылады, бұл қазақстандық мұнайдың жоғары бәсекелі еуропалық нарықта өз орнын табуына көмектеседі. Бұл ретте KMGI тобы мен оның негізгі активі Petromidia компаниясы қазіргі басшылықтың бастамасымен жүзеге асқан «Жақсы жаққа өзгеру» трансформациялық бағдарламасы іске қосылғаннан кейін тиімділік пен өнімділіктің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізді. Өзгеру бастамалары топта одан әрі өрістеп, жалғасуда. Қазірде KMGI қаржылық және өндірістік көрсеткіштері цифрландыру және даму жобаларын IT компоненттерімен біріктіру арқылы тұрақты түрде өсіп келеді. Компания өндірістік, бөлшек, корпоративтік бизнес-процестерді оңтайландырды. Осының нәтижесінде, ҚМГ ҰК-ның басқаруымен Petromidia зауыты Еуропа мен аймақтағы көшбасшыға айналды. Румыниядағы KMGI активтері, оның ішінде Petromidia зауыты – Қазақстанның энергетикалық ресурстары үшін Еуропалық одақ пен Балқан аймағы нарығына ашылған қақпа болып табылады. Бастапқыда сатудың тиімді арнасын құруға және жоғары технологиялық мұнай өнімдерін шығару бағдарға алынды. Ал соңғы инвестициялар құрамында қоспалары көп қазақстандық мұнайды өңдеудің максималды тиімділігіне бағытталды. ҚМГ-ның румыниялық активінің тиімділік өсімін ағымдағы жылдың шілдесіндегі мұнай өңдеу туралы мәліметтер берген тағы бір Wood Mackenzie консалтингтік компаниясы атап өтті: кәсіпорын аймақта таза мұнай өнімдерін өндірудің ең жоғары көрсеткіштеріне ие (86%). Осылайша, компания Еуропа мен Африкадағы 250 мұнай өңдеу зауыттарының ішінде алғашқы ондыққа кіреді. Мәліметте KMGI кәсіпорындары сәтті дамып келе жатқандығы, ал бірқатар бәсекелес кәсіпорындардың нарықтан кеткені айтылады. Атап айтқанда, 2011 жылы аймақта шамамен 20 МӨЗ, соның ішінде Arpechim жабылған. Румынияның мұнайды қайта өңдеу нарығын үш ірі кәсіпорын – шетелдік инвесторлар сатып алған Petrobrazi, Petromidia және Petrotel (OMV, KMGI және Lukoil) құрауда. Petromidia салыстырмалы түрде аз өндіріс қуаттылығымен және Еуропадағы ең жоғары күрделілік деңгейінің бірімен бағаланады. Зауытты Еуро-5 стандарттарына сәйкестендіру үшін ҚазМұнайГаз салған инвестициялар МӨЗ-дің жоғары өнімділігі мен тиімділігі есебінен қайтарым табуда, деп атап өтеді сарапшылар. «Petromidia – бұл еуропалық қоршаған ортаны қорғау нормаларына және жанармай сапасының еуропалық стандарттарына табысты түрде сәйкестендірілген румындық алғашқы мұнай өңдеу зауыты. KMGI зауыттарды модернизациялауға және қондырғыларды цифрландыруға инвестиция салуда. Өндіріс бірікті­рілген басқару жүйесін және техно­ло­гиялық ағындарды автоматтан­дыруды жетілдіру арқылы оңтайландырылған», делінген зерттеуде. Өндіріс көрсеткіштері бойынша шетелдегі қазақстандық активтер Орталық және Шығыс Еуропа деңгейіне сәйкес келеді. Келесі міндет – бәсекелестерді басып озу және энергия сыйымдылығы мен персонал көрсеткіштері бойынша аймақтың деңгейіне мүмкіндігінше жақын болу. Компания бұған Индустрия 4.0 стандарттарына сәйкес өндірістік процестерді автоматтандыру арқылы қол жеткізуді жоспарлауда. Осылайша, KMGI стратегиялық бизнес-мақсаттармен Қара және Жерорта теңізі аймақтарында, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропада нарық үлесін арттыруға бағыт алып отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1912 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы