• Өндіріс
  • 12 Қыркүйек, 2019

Жаңғырудың жаңа кезеңі жүктеген міндеттер

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы – еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары, атқарылатын шаралар нақтыланып, дәйекті стратегиялық даму бағыттары айқындалатын маңызды құжат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VI шақырылған Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жариялаған өзінің алғашқы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қоғам өмірінің бар саласын жаңғыртуда үкімет күш-жігер жұмылдыруы тиіс мақсат-міндеттерді бес негізгі бағыт бойынша айқындап берді.

Мемлекеттің кемел дамуы, ел берекесінің артуы қоғамдағы тұрақтылық, бірлік пен келісім жағдайында ғана мүмкін болма­ғы аксиома. Яғни мемлекетте эко­номикалық, әлеуметтік-саяси реформаларды жүзеге асыру платформасы болуы қажет. Жолдауда саяси реформалар жан-жақты ойластырылып, кезең-кезеңімен, табанды түрде жүзеге асырылатындығы атап көрсетілді. Өйткені, еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біз ұстанатын басты қағидат. Жолдауда әлеуметтік-эконо­микалық саладағы өзекті мәселелер ауқымды қарастырылған. Мемлекет басшысы осы ретте шикізатқа телінген менталитеттен арылып, экономиканы одан әрі әртараптандыру, агроөнеркәсіп кешенін, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттің экономикаға орынсыз араласуын азайту, әділетті салық жүйесі және қаржылық реттеу, Ұлттық қорды тиімді пайдалану, еңбекақы төлеу деңгейін арттыру сияқты сегіз өзекті мәселені атап көрсетті. Экономикалық дамудың тұрақ­тылығы шағын және орта бизнестің дамуымен тікелей байланысты. Еліміз қатарына қосылғысы келетін дамыған елдерде жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 50-60 пайызды құрайды. Мемлекет басшысы кәсіпкер­ліктің дамуына кең тыныс беру мақсатында үкіметке микро- және шағын бизнес саласындағы компанияларды табыс салығынан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар микро- және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізу­ге үш жылға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім 2020 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді. Мемлекет басшысының ұс­танымы бойынша, бизнестің, әсі­ресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс. Аталған шаралардың өз деңгейінде орындалуы шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін бермек. Шағын бизнестің кең көлемді дамуы, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, ел ішіндегі жұмыссыздықты азайта­ды. Яғни салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жо­баларға басымдық бере отырып, қайта құру үшін үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» аясында алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 млрд теңге бөлу тапсырылды. Президент Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесін 2023 жылға дейін шегеруді тапсырды. Бұл да өз кезегінде жаппай кәсіпкерліктің дамуын ынта­ландыруға тиіс. Сонымен қатар «қа­рапайым заттар экономикасын» дамыту үкімет жұмысының басым бағытының бірі болып қала береді.

Тағы бір атап өтерлік мәселе – квазимемлекеттік сектор­дың қайтарымын арттыру міндетінің қойылуы. Президент мемлекеттің экономикаға орынсыз араласуын азайту мақсатында квазимемлекеттік компаниялар құруға мораторий жариялап, үкіметке Есеп комитетімен бірлесіп, үш айдың ішінде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін анықтау үшін талдау жүргізуді тапсырды. Оның нәтижесінде тиімсіз компаниялар қысқаратын болады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту – басым міндет болып қалады. Елімізде ішкі нарықта ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдері экспортында шикізат басымдығынан бас тарту, өңдеу өнеркәсібі дамуына серпін беру және дайын өнім өндіру көлемін ұлғайту мақсатында шетелден инвесторлар тарту ісінде нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігіне назар аударылды. Осы ретте жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтыны, оған жол берілмейтіні атап айтылды. Бірақ жерді тиімді пайдалану – басты міндет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес. Отандық өнім сапасы мен экспортын арттырудағы бір бағыт – ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету. Осы орайда өз өнімін экспортқа шығаратын компанияларға, оның ішінде ең алдымен орта бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету тиімділігін барынша арттыру қажет. Осы мақсатта мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске кешенді қолдау көрсетіледі. Атқарушы билік басымдық беруі тиіс міндеттің бірі – шетелден тікелей инвестиция тартуды барынша жандандыру. Сондай-ақ үкіметке заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қолдау көрсетуді жалғастыру тапсырылды. Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінде білім беру сапасын жақсарту, кәсіби бағыт-бағдар беру саясаты, отбасы және бала институтын қолдау, инклюзив­ті қоғам құру, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік көмек көрсету және зейнетақы жүйесін дамыту бағы­тындағы өзекті міндет­тер қамтылды. Мүмкіндігі шек­теу­лі адамдардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау – инклюзивті қоғам құрудың басты міндеті. Осы мақсатқа алдағы үш жыл ішінде 58 млрд теңге бөлінетін болды. Сонымен қатар Жолдауда алдағы үш жылдың ішінде 250 млрд теңге – тұрғындарды таза ауыз сумен және су жеткізумен қамтамсыз етуге, 240 млрд теңге – кезекте тұрған тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға баспана беру мәселесін шешуге, 173 млрд теңге – ІІМ реформалауға, оның ішінде 40 млрд теңге азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақысын өсіруге, 90 млрд теңге – «Ауыл – Ел бесігі» бағ­дар­ламасын жүзеге асыруға бөлі­нетіндігі атап көрсетілді. Осы іс-шаралардың өз дең­гейінде орындалуы халықтың әл-ауқатының жақсара түсуіне септігін тигізері анық.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

2047 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы