• Өндіріс
  • 19 Қыркүйек, 2019

Жергілікті құрам жанға жақын

Соңғы жылдары еліміздің машина жасау саласы жаңа экономикалық жағдайларға бейімделіп, тұрақты даму жолына түсе бастады. Бұл тұрғыда саланы қолдаудың шынайы тетігі – ұлттық компаниялардың отандық өндірушілермен ұзақмерзімді әріптестігі болса керек.

Елордада өткен Машина жасаушылар форумында қозғалған маңызды тақырыптардың бірі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ сатып алулары шеңберінде машина жасау саласының өндірушілерін ілгері жылжытудың тың тәсілдері болды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазынаның» сатып алу жөніндегі саясатына сәйкес, қор категориялық стратегиялар әзірледі.

Негізінен, бұл – белгілі бір тауарлар категориясын сатып алуды реттейтін құжат. Қор басшысы Ахметжан Есімовтің тапсырмасымен ережеге тауарды міндетті түрде қазақстандық өндірушілерден сатып алу жөніндегі талаптар қойылған. Бұл ретте барлық стратегиялар тікелей қазақстандық машина жасаушылардан сатып алуды қарастыруы тиіс екендігі айқын белгіленген. Отандық өндірушіге басымдық беруді ескерумен машина жасау өнімдері бойынша стратегияларды өзектендіру жөніндегі тапсырмаға орай, ағымдағы жылы қоржындық компаниялар кем дегенде 10 жаңа өндірістер құрып, олар бойынша офф-тейк-шарттар бекітуі қажет. Қазірде бұл бастаманы жүзеге асыруға алғашқылардың бірі боп Қазақстан темір жолы кірісті. Форумда темір жол саласының өкілдері темір жол өнімдерін экспорттау бойынша ұсынылып отырған қазақстандық кәсіпорындарды қолдау шаралары, экспорттық әлеуетті жүзеге асыру жөніндегі міндеттер, көліктік машина жасау кластерін дамытуға бағытталған басымдықтар туралы айтты. Қазірде ҚТЖ отандық темір жол машина жасау кәсіпорындарын олармен импорт алмастыру бағдарламасы шеңберінде ұзақмерзімді келісім-шарттар жасап, қолдауды белсенді қамтамасыз етіп келеді. Мысалы, биылғы 8 айда ҚТЖ сатып алуындағы жергілікті үлес жоспардағыдан асып, 75%-ті құрады. – Самұрық-Қазына импортты алмастырумен айналысатын кәсіпорындармен тікелей шарттар жасасуға жағдай туғызды. ҚТЖ өз кезегінде қазақстандық темір жол машина жасау кәсіпорында­рына қолдау көрсетіп, олармен ұзақмерзімді келісім-шарттар жасауға дайын. ҚТЖ-да импортты алмастыру бағдарламасы аясында барлық әлеуетті жеткізушілер өз өнімдерін ұсына алатын жобалық офис құрылды. Осы алаңда біз апта сайын ұсыныстарды талқылаймыз және қормен келісе отырып, оларды жаңа өндіріс орындарының жобасына енгіземіз. Осы шешімнің негізінде біз өндірушілермен келісімшарттар жасаймыз, – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Айдын Оразханов. Қазіргі уақытта компания отандық тауар өндірушілермен 1 миллиард теңгеден астам сомаға шарттар жасасудың ішкі корпоративтік рәсімдерін аяқтады. Олардың ішінде 25000 кВ қуатты тартқыш трансформаторларын жеткізу бойынша Азиядағы ең ірі трансформатор жабдықтарын өндіруші «Asia Trafo» ЖШС-мен, сондай-ақ ӘЖВБ (әмбебап жаңғыртылған вагон баяулатқышы) рельс баяулатқыштарын сатып алу бойынша «КазТЭЦ» ЖШС-мен келісімшарттар бар. Сонымен қатар ҚТЖ Самұрық-Қазына орталық жобалық кеңсесімен бірге қолданыстағы өндірістерді модернизациялау және жаңа өндірістер құруға жәрдемдесу бағдарламасы аясында «Механизация 1520» ЖШС-нің жол жүру жұмыстарына арналған шағын механизация жабдықтарын; ВЛ-80 электровоздары мен «ZHERSU POWER» ЖШС-нің ЧМЭ сериялы тепловоздары үшін аккумуляторлық батареялар және «Трансполимер» ЖШС-нің жоғары берік оқшаулағыш төсемдерін сатып алу бойынша жобаларды қарастыруда. Импортты алмастыру бағдарламасы аясында ҚТЖ жылжымалы құрамы үшін «Тыныс» АҚ және «Семей машина жасау зауыты» АҚ кәсіпорындары үйкеліс пен вагон серіппелерінің өндірісін игеруге әзір. «КазТЭЦ» ЖШС магистральді желісі инфрақұрылымының қажеттіліктері үшін арнайы өндіріс жабдықтарын, ал «МОЛ және К» ЖШС – темірбетон плиталарын шығаруды игерді. Бұдан бөлек, Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізі бойынша транзиттің көбеюіне байланысты қауіпсіздік талаптары күшейіп, қазақстандық кәсіпорындар бұған көмектесуде. Сонымен, «Киров атындағы зауыт» АҚ контейнерлік пойыздардың жүктерінің тұтастығын қамтамасыз ету үшін «КОНВОЙ» күзет дабылы жүйесін әзірлеп, сынақтан өткізуде. Тұтастай алғанда, қазіргі уақытта ҚТЖ ұлттық компаниясының отандық өндірушілермен жасалған ұзақмерзімді келісімшарттарының сомасы 1 трлн 520 млрд теңгені құрап отыр. Отандық өндірушілермен әріптестікті ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы да басым бағыт ретінде ұстап отыр. Компанияда жаңа өндірістерді дамыту және қолдау мақсатында импорт алмастыру жөнінде жергілікті кеңсе құрылып, жұмыс істеуде. Биылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ҚазМұнайГаз компаниялар тобында сатып алудағы жергілікті үлес 78% болды. Машина құрастырушылар форумында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ сатып алу және жабдықтау жөніндегі басқарушы директоры Есен Қайыржан атап өткендей, бұл еліміздің мұнай-газ саласындағы орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Сатып алуда жергілікті үлесті арттыруға ҚМГ компаниялар тобындағы бизнес-үрдістерді жетілдіру бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын сатып алу қызметін санаттық басқару жүйесін енгізу септігін тигізді. – Сатып алу стратегияларының аясында тауар мен қызмет көрсетуге деген ҚМГ тобындағы бірнеше ұйымның қажеттілігін біріктіретін санаттық менеджмент өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бүгінде осындай стратегиялар дайындалатын тауар, жұмыс және қызметтің 67 түрінен тұратын тізім айқындалды. Қазіргі уақытта оның 16 сәтті жүзеге асырылуда, ал тағы 17 сатып алу стратегиясы дайындалу үстінде, – деді ол. Жиында «Өндіру мен бұрғы­лауға арналған құбырлар» атты санаттық сатып алу стратегиясы мысал ретінде келтірілді. Оның аясында ҚМГ отандық «KSP Steel» ЖШС және «Каскор-Машзавод» ЖШС компанияларымен сорапты-компрессорлық құбырларды жеткізіп беру туралы жалпы сомасы 40 млрд теңгеден асатын ұзақмерзімді келісімшарттарға отырды. Мұнайды өндіруге қажетті сорапты-компрессорлық құбырлар, тереңдік сораптарға арналған бағаналар және трансформаторларды ҚМГ өткен жылы да толығымен отандық мұнай-газ жабдықтарын өндірушілерден сатып алған болатын.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1664 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы