• Атамекен
  • 26 Қыркүйек, 2019

Қазақстандық туризмнің тың көкжиегі

18-20 қыркүйек аралығында Қазақстан астанасы 63 елдегі туризм саласы тоғысқан алаңға айналды. «Көрме» орталығында ТМД аумағында тұңғыш рет Азия-Тынық мұхиты қауымдастығының PATA Travel Mart 2019 көрмесі өтті. Көрме, нетворкинг-платформа және туристік саланы дамытуға арналған іскерлік кездесулерге 63 елден 1200 делегат қатысты.

PTM 2019 ҚР мәдениет жә­не спорт министрлігі «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ» Азия-Тынық мұхиты туристік қауымдас­тығымен (Pacific Asian Travel Association – PATA) бірлесе ұйым­дастырды. Шара қатысушылары аталған көрменің жаңа байланыстар мен қызметтік географияны кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жаһан халқы үшін Қазақстан мен Орталық Азияның беймәлім сыры әлі көп. Тұмса табиғаты таң қалдыратын, жылдың төрт маусымымен еліктіретін әрі тарихи мұраға ие біздің елімізде шетелдік туристерді тартатындай әлеует зор. Шараға қатысушылар осыны ерекше атап өтті. Мыса­лы, фи­­липпиндік туроператор Арджун П.Шрофф, (Shroff Travel ком­паниясы) Қазақстанға біраз уақыт­қа арнайы сапарлатты. Ол көрме басталғанға дейін бес күн бұрын оңтүстік астананың туристік әлеуетін бағамдау үшін Алматыға келген. Кейін РТМ 2019 көрмесі аясында іскерлік кездесулерге қатысып, туризм саласындағы әріптестікті нығай­ту мақсатында ат басын Нұр-Сұлтанға бұрды. Шараның тағы бір қаты­сушысы БАӘ келген Авинаш Аднани берілген мүмкіндікке алғыс білдіріп, осы көрмеге қатысудан алған құнды әсерімен бөлісті. «Әлбетте, В2В кездесулер селлер үшін де, байер үшін де пайдалы. Мен екі күн ішінде 30-дан аса екі жақты кездесу өткіздім. Нұр-Сұлтанда ұсынылған алаң керемет екен. Мен осы үш күн ішінде өнімді келіссөздер жүргізуге жет­кілікті уақыт берілгеніне қуа­ныштымын. Сіздердің астана­лар­ыңыз ұнады. БАӘ өкілі ретін­де мен отандастарымның Қазақстанға қуана келетінін айтқым келеді. Қазақстан визалық жүйені жеңілдетсе, араб елдерінен келетін туристер көбейеді», – деді ол. Қазақстандық компания өкілдері шетелдік байерлер­дің елімізге, мәдениетіміз, таби­ға­тымыз бен тарихи құн­дылық­тарымызға деген ықыласын атап өтті. Әрбір қазақстандық селлер осы үш күнде қызметін сатып алушылармен 80-ге жуық кездесу өткізді. Олардың арасында Ұлыбритания мен басқа да еуропалық елдер, АҚШ, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай және Үндістан мемлекеті үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Араб елдерінен де қызығушылық бар. GATS компаниясының бас директоры Ер-Әли Тілеуов: «Шет­елдік селлерлер әсіресе этно­гра­фиялық турлар мен табиғи қорық ескерткіштеріне қызығуда. Біз шетелдік әріптестерімізбен бірге жүзеге асыратын жаңа жоспарларымызды түздік» , – деді. «ACT Kazakhstan» компания­сының өкілі Диана Пак еліміздің шетелдік туристер үшін жаңа бағыт екенін атап өтті. Сондықтан оларға: табиғат, әдемі мекендер, мәдениет, тарих, тамақ, бәрі де қызық. «Түрлі жас ерекшеліктегі туристер тобының жиі сұрайтын бағыттарын көрсете кетсем. Мысалы, жастарға белсенді демалыс керек: трекингтер, шаңғы тебу, рафтинг және басқалары. Ал 50-ден асқандар үшін тарих, мәдениет, гастрономиялық турлар қызық. Сондықтан біз түрлі мақсатты топтар үшін тартымды қызметтер пакетін әзірлеуге тырысамыз» , – деді. Оған қоса, PTM 2019 аясында Мәдениет және спорт министрлігі мен РАТА қауымдастығы арасында елдегі туристік индустрияны дамытуға бағытталған құжат – Қазақстанның қауымдастыққа мүшелігі жөнінде келісімге қол қойылды. Азия-Тынық мұхи­ты қауымдастығымен келісім елімізге туристік әлеуетті арттыруда жаңа тетіктер түзуге, отан­дық туроператорларды сыртқы нарықта беделді етуге, көрші елдермен бірге трансшекаралық бағыттарды құрап, өңірге турис­тер ағынын арттыру үшін маркетинг бойынша күш біріктіруге көмектеседі. PTM 2019 аясында бұл үш күнде «Travolution» Азия форумы: технология күші», «Контент-маркетинг форумы: табыс тарихы мен контент құрудың эволюциясы», Азия-Тынық мұхиты қауымдастығының «Басынан аяғына дейін: бізді тарих қалай байланыстырады?» тақырыбында жастар симпозиумы, т.б. ұйымдастырылды. Сондай-ақ Қазақстанда Tax free жүйесінің енгізілуіне орай медиа-брифинг өтті. Көрме барысында «Кazakh Tourism» ҰК» АҚ түрлі ұйымдар­мен келісімдер мен меморандумдар жасасты. Олар еліміз­дегі туризмнің әр саласын да­мытуға ықпал етеді. Осындай құжаттардың бірі – «Эйр Астана» әуекомпаниясымен ортақ серіктестік жөнінде жасалған келісім. «Capital Partners» компаниясымен Tax free жүйесін дамытуда ортақ күш салуға уағдаласты. Сонымен қатар бүкіләлемдік тревел-блогерлер қауымдастығы және А Luxury Travel Blog интернет басылымымен келісім жасалды. Свердлов облысының туризмін дамыту орталығымен саланы дамытуға бірге жұмыс істеу бойынша меморандумға қол қойылды. Әлбетте, Қазақстан үшін туризм бағытындағы осындай ауқымдағы салалық көрме өткізу үлкен мәнге ие. Бұл әлем кеңістігіндегі еліміздің мәдени-экономикалық интеграцияға қадам саналады. МСМ жауапты хатшысы Бақытжан Темірболат атап өткендей, «біз өзімізді ашық мемлекет ретінде танытамыз». Шараны ұйымдастырушылар РАТА 2019 арқылы, сондай-ақ Мәдениет және спорт минис­трлігі, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, халықаралық ұйымдар, туризм саласындағы отандық және шетелдік компаниялар, бас­қа да атсалысқан адамдардың арқасында Қазақстанға келуді қалайтындар саны жыл сайын арта түсеріне сенімді.

Толғанай Құдагелдиева

2010 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы