- Өндіріс
- 02 Қазан, 2019
Ұлттық электр торабын жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда
Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz
Қазіргі заманғы өркениет пен ғылыми-техникалық ілгерілеудің бастауында тұрған электрлендіру науқанын көнекөз қауым қазірде ұмыт бола бастаған коммунизм классигінің ұтымды саяси ұранымен ұштастырады. Бұл – дамуы кенже Кеңестер одағының иығын Еуропа мемлекеттерімен теңестіріп кеткен ұлы үрдіс-тін. Кең байтақ қазақ жерінің асқақ Алатаудан айдынды Атырауға дейінгі сайын даласын бүгіндері шырмауықтай торлап жатқан энергетикалық көген-желілердің алғашқы сымдары бесжылдықтың балғасы дүрсілдете соғылған индустрияландыру жылдарындағы ертегідегідей еңбек майданында тартылғанын айта кетуіміз керек. Кәнігі энергетиктер арасында «электр – өнеркәсіптің наны» деген мәтел кең тараған. Ал, шынтуайтында электр қуатынсыз экономиканың ғана емес, әлеуметтік саланың да, тұрғын халықтың да күні қараң десек, асыра айтқандық болмас. Энергетика – күндіз-түні, тоқтаусыз жұмыс істейтін сала. Оның кідіріссіз қызметін қамтамасыз ету үшін тозығы жетіп, тез істен шығатын бөлшектерді ауыстырып тұрумен қатар бүкіл жүйені кезең-кезеңмен заманға сай жөндеп, жаңалап отыру қажет болады. Еліміздің электр желілерін басқару жөніндегі бірегей кәсіпорын – KEGOK компаниясы жуырда ғана Қазақстан ұлттық энергетика торабын жаңғыртудың екінші кезеңінің орындалуы жөніндегі есебін жариялады. Бұдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған жобаның мақсаты ел экономикасын ұзақ мерзімді келешекті көздей отырып, жеделдете дамыту, электр энергиясы нарығының оңтайлы қызметін қамтамасыз ету, электр жабдығының нарық жағдайында күнделікті пайдалану барысындағы тұрақты да тиімді жұмысын жолға қою, тұтынушыларды электрмен қамтамасыз етудің сенімділігі мен сапасын жоғарылату, жоғары вольтты жабдықтың техникалық және экологиялық қауіпсіздігін арттыру, жабдыққа қызмет көрсету мен жөндеу бойынша пайдалану шығыстарын азайту, энергетикалық торап жұмысының техникалық деңгейін көтеру және жұмыс істеу сенімділігін қамтамасыз ету болып табылады. 2010-2019 жылдар аралығында атқару көзделген жобаны KEGOC акционерлік қоғамы өз қаражаты және Еуразиялық Даму банкінің 38647 233 млн еуро сомасындағы несие қаржысы есебінен жүзеге асырып жатыр. Жобаның құны қосылған құн салығын есепке алғанда 49,1 млрд теңгені құрайды. Бірінші кезекте 55 қосалқы станцияда жоғары вольттық жабдықтар ауыстырылып, 220 кВ-тық бір шунттаушы реактор орнатылды, автотрансформаторлар алмастырылды. Сондай-ақ 500 кВ-тық және 220 кВ-тық релелік қорғау құралдары жаңартылып, ауыстырылды. Ал, екінші кезектегі жобада ұзындығы 61,3 км 220 кВ-тық «Түлкібас – Бурное» желісі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталды. Барлық қосалқы станциялар мемлекеттік қабылдау комиссиясының актілерімен пайдалануға берілді. Бүгінде негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, атап айтқанда 262 бекетте іргетастардың барлығы орналастырылды, тіреулер толық орнатылып, сымдар тартылып бітті. Жобаны іске асыру басталған сәттен бері қосылған құн салығын есепке алғанда 49 091,950 млн теңге сомасына күрделі қаржы салымдары игерілді. Ал, 2500 кВ-тық «Шүлбі су электр стансасы – Ақтоғай – Талдықорған – Алма» желісін салу еліміздің Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы электр торабының транзиттік әлеуетін арттыруға, темір жолдың электрлендірілетін учаскелеріндегі, тау-кен өндірісінің энергиялық ауқымды нысандарындағы электр энергиясына деген қажеттілікті қамтамасыз етуге, шекара маңындағы аймақтарды дамытуға және жаңартылатын энергияның әлеуетін ауқымды игеру үшін жағдай жасауға, сонымен қатар Шығыс аймақтың Қазақстанның біртұтас электр жүйесімен байланысын күшейтуге мүмкіндік береді. Жоба KEGOC-тың меншікті қаражаты және компанияның купондық облигацияларын сату арқылы зейнетақы қорларынан алынған қаражат есебінен қаржыландырылуда. Бүгінде купондық облигациялар толықтай орналастырылды. Қосылған құн салығын есепке алғанда 83,8 млрд теңге сомасындағы ақшалай қаражат тартылды. Көптеген жұмыс орындары ашылды, атап айтқанда құрылыс кезінде 1114 маман, пайдалану кезінде 31 маман еңбек етті. Келесі жоба – Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ұзындығы 393,54 км 500 кВ-тық «Семей – Ақтоғай», ұзындығы 287,41 км 500 кВ-тық «Ақтоғай – Талдықорған», ұзындығы 203,78 км 500 кВ-тық «Талдықорған – Алма», ұзындығы 183,9 км 500 кВ-тық «Талдықорған» желілерін, 500 кВ-тық «Ақтоғай», 500 кВ-тық Талдықорған қосалқы стансаларын салу, 500 кВ-тық «Алма» қосалқы стансасын кеңейту және қайта құру, 500 кВ-тық «Семей» қосалқы стансасын қайта құру. Бұл жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Нысан өткен жылғы желтоқсанда мемлекет басшысының қатысуымен өткен Индустрияландыру күніне арналған жалпыұлттық телекөпір шеңберінде іске қосылды. Жобаны іске асыру аясында жалпы ұзындығы 884,7 км 500 кВ-тық «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алма» электр жеткізу желісі және жалпы ұзындығы 183,9 км 500 кВ-тық «Талдықорған» қосалқы стансасында 220 кВ-тық кіріс-шығыс салынды. Жаңа 500 кВ-тық «Ақтоғай» және «Талдықорған» қосалқы стансалары тұрғызылды, 500 кВ-тық «Алма» және «Семей» қосалқы стансалары кеңейтіліп, қайта құрылды. Қазіргі уақытта нысандар пайдалануға қабылдау рәсімінен өтуде. Жобаны іске асыру басталған сәттен қосылған құн салығын есепке алғанда 96 246,026 млн теңге сомасына күрделі қаржы салымдары игерілді.
1601 рет
көрсетілді0
пікір