• Атамекен
  • 10 Қазан, 2019

Шын мәнінде қолжетімді баспана керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру басымдығын белгіледі. Осы ретте мемлекеттің өзекті міндеттерінің бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру.

Күннен-күнге халық санының өсуі, жаңа отбасылардың қатарының көбеюі – заңдылық. Сондықтан қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспесі анық. Парламент Мәжілісінде «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуына арналған Үкімет сағатында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халықтың баспанамен қамтамасыз етілу деңгейі туралы айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, 1991-2018 жылдары республикада 1,3 млн азамат өз тұрғын үй жағдайын жақсартты. Әлеуметтік тұрғын үймен 160 мың отбасы қамтамасыз етілді, 63 мыңнан астам үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді. Азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асырылып жатыр. Барлығы 2017-2018 жылдары қаржыландырудың барлық көздерінен 23,7 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды. 214 мыңнан астам азамат өз тұрғын үй жағдайын жақсартты. 2018 жылы рекордтық 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, осы орайда бір тұрғынға шаққанда 0,68 шаршы метрді құра­ды. Бұл ТМД елдерінің ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімділік көрсеткіші – бұл 1 теңге мемлекеттік инвестицияға жыл сайын 7 теңге жеке инвестиция тартылып отырғандығы. Өткен жылы халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі 1 тұрғынға шаққанда 21,8 шаршы метр болды. Алайда тұрғын үй қорының көлемі артқанына қарамастан, қа­зақ­стандықтар үшін тұрғын үйдің колжетімділігі әлі де болса өзекті болып отыр. Ең алдымен бұл халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін өзекті болып қалуда. Осы ретте ағымдағы жылы 13,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй немесе 118 мың тұрғынжай салынады. Мемлекеттік инвестиция есебінен 1,7 млн шаршы метр пайдалануға беріледі, бұл 30 мыңнан астам мұқтаж азаматты өз тұрғын үйімен қамтамасыз ететін болады. Жыл басынан бері қаржыландырудың барлық көздері есебінен 7,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылы көпбалалы отбасыларға 8 мыңнан аса пәтер беріледі. Жыл соңына дейін бекітілетін жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру, халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтермен қамтамасыз ету, коммуналдық секторды жаңғырту және дамыту, тұрғын үй қорын күрделі жөндеу және жаңарту, құрылыс саласын дамыту секілді басым міндеттерді қамтиды. Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру аясында қабылданғалы отыр­ған жаңартылған құжат тетіктері арқылы барлық қазақстандықтар табыс деңгейіне сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Президент тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін алдағы 3 жылда жыл сайын қаржыландыруды ұлғайту және онымен 10 мың отбасын қамту жоспарланған. «Бақытты отбасы» (2-10-25) жеңілдікпен кредит беру бағдарламасына қаты­сушылардың саны 10 мыңға дейін артпақ. «Бағдарлама жобасы Қазақстанда бұған дейін қолданыста болған тұр­ғын үй бағдарламаларының барлық аспектілері мен артықшылықта­рын қамтиды. Жаңа тұрғын үй сая­сатының идеологиясы – бұл әрбір жұмыс істейтін қазақстандық өз үйіне ие болады. Осы мақсатта тұрғын үйдің қолжетімділігі біртіндеп артады және тұрғын үйге мұқтаж әрбір отбасына тұрғын үй жағдайын жақсарту тетігі ұсынылады», – деді министр. Одан бөлек, қазіргі уақытта Пре­зидент тапсырмасына сәйкес «Бәйтерек девелопмент» АҚ, ҚИК және Тұрғын үй қорына кепілдік беру қоры сияқты жұмыс істеп жатқан операторларды Бірыңғай операторға біріктіру жолымен Холдингтің тұрғын үй блогын оңтайландыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бірыңғай оператор жобаның барлық кезеңдерінде стратегиялық жоспарлаудан бастап жобаларды толық сүйемелдеуге дейін тікелей қолдауды кешенді түрде көрсететін болады. Мұнда инжиниринг, цифрлық мониторинг және кейін пайдалануға беру бірге жүргізіледі. Бұл ретте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесін дамытатын елдегі жалғыз оператор ретінде халыққа жеңілдікпен тұрғын үй қа­рыздарын беру жөніндегі жұмысты жалғастырады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1765 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы