• Цифрлы Қазақстан
  • 10 Қазан, 2019

Қазпошта жұмысындағы қиындықтар ұжымды «қорқыта» алмайды

Әлем елдері пошта күнін сонау 1969 жылдан бастап 9 қазанда атап өтеді. Атаулы күн қарсаңында өңірдегі поштаның жайкүйімен танысу үшін «Қазпошта» АҚ-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Динара Хасанғалиеваға жолығып, сұхбат құрғанбыз.

– Дүниежүзінде пошта күнін 9 қазанда атап өтеді. «Қазпошта» филиалы ұжымы төл мерекесін қандай табыстармен қар­сы алғалы отыр? Поштаның заман ағымына сай даму жолында қандай қиындықтар кездеседі және клиент­терді қандай жаңалықтармен қуантасыздар? – Бүгінде «Қазпоштаның» қызметі әдеттегідей тек хат-хабар алмасу, сауқат-сәлемдеме тасымалдау секілді қызметтермен шектелмейді, ол тұрғындарға да, бизнеске де заманауи пошталық және қаржылық қызмет­тер сервисін көрсетеді. Дәстүрлі пош­­талық қызмет бағыттарына тоқ­талсақ, соңғы жылдың ішінде елі­міз бойынша тасымалданатын хат-хабар, жөнелтілімдердің 81%-ын үш күннің ішінде алушыға (адресатқа) табыстауға қол жеткіздік. Мысалға, 2017 жылы Қазақстан бойынша пошта үш күн ішінде жөнелтілімдер­дің 3%-ын алушы мекенжайына жеткізді. Биылғы 9 айда біздің филиал ұжымы тұрғындарға 770 мың сәлем-сауқат, сәлемдеме табыстады. Жөнелтілімдерді жеткізудің қолайлы форматтарын үнемі дамытудамыз. Облыс бойынша 10 жөнелтілім супермаркеті (төртеуі Оралда, алтауы аудан орталықтарында) және ірі сауда орындарында орналасқан 9 поштомат жұмыс істейді. Жаңа айтып өткенімдей, бүгінде «Қазпошта» бірқатар қаржылық қызметті көрсетеді. Олар – төлемдерді, салық төлемдерін қабылдау, зейнет­ақы және әлеуметтік төлемдер төлеу, несие және депозиттер рәсімдеу қызметтері. Биыл бөлімшелер желі­сін кеңейтіп, Оралдағы көші-қон бө­лімі мен мамандандырылған ХҚО ғимараттарында екі төлем қабылдау пунктін аштық. Облыста поштаның 28 банкоматы бар. Қазіргі уақытта қолма-қол ақшасыз төлем саны өсу үстінде, мұндай әлемдік трендтің өсуі бізді тек қуантады. Күн санап онлайн төлем саны да арта түсуде, бұған онлайн портал post.kz. бөлімшеміздің көп септігі тиіп отыр. Одан басқа биыл e-commerce төлем картасын шығарып, қолда­нысқа енгіздік. Бұл интернет-дүкен­­дерден сауда жасайтындарға өте қолайлы, сондықтан статис­тика көрсетіп отырғандай, оны қолдану­шылар қатары өсуде. Екінші деңгейдегі банктермен әріптестік негізде бірге жұмыстанудамыз. Бі­ріншіден, аудан-ауылдың барлы­ғында бірдей банктердің филиалдары жұмыс істемейді, ал біздің пошта бөлімшелеріміз барлық жерде бар. Соған орай пошта тұрғындарға қолайлы болу үшін барлық банктің несие төлемдерін қабылдай бастадық. Екіншіден, биылғы шілде айынан бастап клиенттеріміз поштаның барлық бөлімшесінде «Хоум Кредит Банктің» депозитін рәсімдей алады. Сонымен қатар кез келген уақытта аудандық бөлімшелерде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» депозитін ашып, толықтырып отыруға болады. – Пошта жұмысында қандай қи­ындықтар кездеседі және серіктестік желісін құру жұмыстары қалай жүруде? – «Қазпошта» – еліміз бойынша филиалдық желісі ең үлкен ұлттық компания. Компанияда мамандықтары сан түрлі 23 мың қызметкер еңбек етеді. Пошта 250-ден астам қызмет түрін көрсетеді. Күн сайын әлемді түрғындарға «жақындата түсуге» еңбек етудеміз десек, артық айтқандық емес. Егер де он жыл бұрын Ақ Жайық өңірін­дегі шалғайдағы ауыл тұрғынының әлем­­­нің кез келген еліндегі әлдебір дүкеннен өзіне тауар сатып алатынын көзге елестету қиын болса, қазір сол тұрғын интернет арқылы Америка, Еуропа, Қытай елдерінен қажетті тауарын сатып алады. Ал пошта оның тауарын жеткізіп береді. Әрине, пошта жұмысында қиындық­тар кездеседі, бірақ қиындықтар ұжымды «қорқыта» алмайды. Сол үшін де ұжымға мың алғыс дегім келеді. «Қазпошта» үнемі жаңарып-жаңғыруда, қызметі цифрлануда, сондықтан қызметкерлер де өздерінің білім-білігін жетілдіруге жіті мән береді. Қандай ма өзгеріс болмасын, біздің ұранымыз «жылдамдық, сыпайылық, сапа» болып қала береді. «Қазпошта» серіктестік желісін құруды белсенді жүргізуде. Бұл – өзі клиентті поштаға «жақындата түсетін» ерекше жоба. Біз клиентке қолжетімділік бағытын таңда­дық. Пошта қызметін көрсететін нүктелердің көбірек болғанын қалаймыз. Серік­тестерді жұмысқа тартып, оларға өз­дерінің сауда нүктелерінде біздің брендпен қызмет көрсетуді ұсынамыз. Облыста мұндай 32 серіктестік нүктесі жұмыс істейді. Оның 13-і Оралда. Осындай жұмыстардың арқасында сәлем-сауқат жіберуді, коммуналдық, салық төлемдерін төлеуді, авиа және теміржол билеттерін сатып алуды тек пошта бөлімшелерінде емес, серіктестеріміздің нүктелерінде де жасай аласыз. Осындай серікестік желіні дамыту арқылы жұмысы тиімсіз төрт бөлімшені жаптық. Қазір сол төрт бөлімшенің қызметін сенімді 32 серіктес көрсетуде. – «Қазпошта» Қазақстанның алыс аудандарына газет-журналдарды, пошталық жөнелтілімдерді дрондармен жеткізуде. Сондай жоба өңірімізге қашан келеді? – Хат-хабарларды, жөнелтілім­дерді шалғайдағы елді мекендерге жеткізу жұмыстары бұдан үш жыл бұрын басталды. Поштаны дронмен жеткізу Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында жолға қойылған. Барлық өңірде 2-4 келі салмақтағы жүкті көтеретін 20 дрон іске қосылған. Жоба басталғалы бері 22,5 тонна пошталық жөнелтілім жеткізілген. Дрон-пошташылар 5 мың 460 сағат ұшып, 179,2 мың шақырымды «жүріп өткен». Бұл жоба алдағы уақытта өзге өңірлерге, соның ішінде БҚО-ға да келеді. – Динара Рысқалиқызы, соңғы жыл ішінде облыстағы пошта қызметіне енгізілген инновациялық бағыттағы жаңалық-жақсылықтар жайында айта кетсеңіз. – Биылғы жылды біз өз арамыз­да экспорттық процедураларды оң­тайландыру жылы деп атаймыз. Мұны бірінші кезекте интернетте жұмыс істейтін және шетелге тауар сататын кәсіпкерлер жақсы сезінді. Сәуір айында Мемлекет басшысы халықаралық кедендік құжаттарды рәсімдеуді жеңілдететін заңға қол қойған болатын. Бұрын интернет-дүкендер заңды тұлғалар атынан өз тауарларын өзге мемлекеттердегі сатып алушыларға жөнелте алмайтын. Сондықтан кәсіпкерлер әр жөнелтілім үшін кедендік декларация толтырып, кедендік құрылымдарға кедендік төлем төлеуге жүгіретін. Қағаз толтырудан зәрезап болған іскер жандар халықаралық сауда-саттықтан бас тартатын, ал пысық­таулары тауарларын жеке тұлға атынан жөнелтетін. Оның да өз қиындығы бар: барлық клиент жеке тұлғадан тауар сатып алуға дайын емес-тұғын. Енді кедендік құжаттардың орнына пошталық құжаттарды пайдалану­ға болады. «Қазпошта» кедендік құрылымдармен ақпарат алмасу үшін жеңілдетілген экспорт сервисін қолданысқа енгізді. Экспортқа шығарылатын тауарды рәсімдеу пошта бөлімшесінде бірнеше минутта жасалады. – Қалалардағы пошталардың жа­ңарып, дами түскенін көріп жүрміз. Ал ауылдардағы поштаның жайы нешік? – Күллі еліміз бойынша пошта желісі серіктестік бөлімшелерін қоса алғанда шамамен түрлі форматтағы 3700 нысан болады. Олардың арасында озық цифрландыру стандарты «түсіне» де кірмейтіндері барын жасырмаймыз. Желіміздің 70%-ы ауылдық жерде, олардың көпшілігі рентабельді емес. Ауыл тұрғындары алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, біз оларды жауып тастай алмаймыз. Өйткені ауылдардағы пошта – тұрғындарды өзге әлеммен байланыстыратын жалғыз нүкте. Сондықтан оларда барлық пошталық қызметті көрсетуге ұмтыламыз. Облыстағы ауылдық пошта бөлімшелерінің жұмыстарын жаңғырту бағытында жұмыстанудамыз. Биыл Бөрлі ауданындағы Аксай-2 бөлімше­сінің ғимаратына жөндеу жасап, жөнелтілім супермаркетін аштық. Ең бастысы, ауыл-аудандарда серік­тестерді тарту жұмыстарын бел­сенді жүргізуге мән-маңыз беру­деміз. Осылайша ауылдардағы бөлім­шелер жабылмай, керісінше, олардың қатары толыға түссін дейміз. Сөзімді қорыта келе, айтай­ын дегенім, облыстың пошта филиа­лының өзге өңірдегі пошта филиалдарынан өзіндік ерекшелігі басымдау. Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының бес губерниясымен шектеседі, сондықтан өңіріміз Ресеймен белсенді сауда-саттық жасайды. Бұл өз кезегінде пошта жұ­мысынан көрініс табады. Бізде халықаралық ақша аударымдарын ұлғайту мүмкіндіктері мол. Тұрғындар валюта айырбастау қызметтеріне көбірек жүгінеді, теміржол және авиа биллеттері өзге облыстарға қарағанда көбірек сатып алынады. Биыл 1 млн. 127 мың 670 клиентке пошталық қызмет көрсетілді. Әрине, қолжеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, барлық бағыттағы қызметтеріміздің әлеуетін арттырып, тұрғындарға жедел қызмет көрсетуге тер төгеміз. – Мереке құтты болсын! Маз­мұн­ды әңгімеңізге рақмет.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, Батыс Қазақстан облысы

2140 рет

көрсетілді

47

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы