• Өндіріс
  • 14 Қараша, 2019

Атом өндірісінің алыбы

Қазақстанның металлургия саласындағы стратегиялық нысандарының бірі – Үлбі металлургиялық зауытының құрылғанына 70 жыл толды. ҮМЗ тарихы сонау 1949-дың қазанында алғашқы өнім – торий оксалаты шығарылған күннен бастау алады. Кәсіпорын қызметкерлерін атаулы күнмен Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімов құттықтады.

Бір кездері КСРО Атом жобасы аясында құрылған ҮМЗ – әлемдегі ядролық индустрияның алғашқы қарлығаштарының бірі болды. Ізінше бірінен соң бірі бериллий, тантал және уран өнімдерін шығаратын өндіріс орындары ашылды. Қазіргі күні Үлбі металлургиялық зауытының өнімдері әлемнің көптеген елде­ріне танымал. Әйгілі зауыттың өнім­дерін бүгінде Қытай, АҚШ, Ұлы­британия, Франция, Германия, Болгария, Польша, Словакия, Чехия сынды елдер тұтынуда. Заманауи технологиялардың арқасында жыл сайын мұнда жаңа өнім түрле­рі өндіріліп, оларға сұраныс артып келеді. Өнеркәсіптік индустрия алыбының өнімдері ядролық, авиа­циялық, зымырандық және ғарыштық технологиялар, электроника, медицина, приборлар жасау, ғылым және басқа да көптеген салаларда қолданылады. Зауыт уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін өндіруде әлемдік көшбасшы болып табылады. Соңғы жылдары көшбасшы кәсіпорында өндірісті жаңғырту бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Уран өндірісі техникалық қайта жарақтанудан өтуде. AFA 3G сияқты жанармай қон­дырғыларына арналған таблеткалар шығару үшін технологиялық процесті кезекті сертификаттау сәтті тапсырылды. Бериллий өндірісінде жаңа өнім түрлерін шығару игерілді. Қытайға жоғары сапалы техникалық бериллий жеткізу жөнінде ұзақ мерзімді келісімге қол қойылды. Тантал өндірісінде жаңа өнім түрлері де өндіріске енгізілді. ҮМЗ қарқынды дами отырып, бәсекелестік қабілеті бар өндіріс құруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру үстінде. Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде тың өзгерістер орын алып, еліміз үшін жаңа нарықтарға жол ашылады. ҮМЗ бүгінде төрт мыңға жуық жоғары білімді маман жұмыс істейтін әлемдік маңызы бар үлкен заманауи өндіріс. Қолданыстағы технологиялардың арқасында уран өндірісін жылына 3600 тоннадан 6000 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. 2020 жылы зауытта таблеткалық өндірісті жаңғырту жөніндегі жоба аяқталады. Осының арқасында, елімізде отын таблеткаларын өндіру көлемі жылына 400 тоннаға дейін артады. Атап өтерлігі, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша және Энергетика министрлігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қолдауымен «ҮМЗ» АҚ негізінде Қазақстанда АЭХА ТБУ банкін құру жобасы да сәтті жүзеге асырылды. Бұл жоба еліміздің ядролық қарусыздануға, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға және атом энергетикасын дамытуға қосқан елеулі үлесін көрсетеді. Зауыт ТМД аумағында жеке және әлемде тантал қосылған шикізатты қайта өңдеуден дайын өнім алуға дейін толық өндірістік циклы бар ірі кәсіпорындардың қатарына жатады. Кәсіпорын қызметкерлерін құттықтаған Д.Ахметов өндірістің осы артықшылығын ерекше атады. ҮМЗ жоғары технологиялық уран, тантал және бериллий өнімдерімен халықаралық нарықта Қазақстан атын танытып келеді. Құттықтау сөзінде А.Есімов бұл істің барлығы көп білім мен тәжірибені, терең біліктілікті талап ететінін, бұл қасиеттердің бәрі үлбіліктерде бар екенін атап өтті. «Үлбі металлургия зауыты» «Самұрық-Қазына» қорының ірі қор­­­­жындық компанияларының бірі – «Қаз­атомөнеркәсіп» АҚ-ның ен­ші­лес кәсіпорны. Әлемдік уран қоры­ның 25 пайызына ие Қазақ­станның зор әлеуетіне сүйеніп, компания кәсіпорын алдына атом саласын сапалы жаңа деңгейге жеткізу міндетін жүктеп отыр. А.Есімов қордың үлкен портфельдік компаниялары IPO-ға шығатынын, сонымен қатар «Самұрық-Қазынаның» жекешелендіру бағдарламасының болашағы туралы айтты. Үкімет Қордың 2016-2020 жылдарға ар­нал­ған жекешелендіру туралы бағ­дар­ламасын бекіткен болатын. «Қаз­атомөнеркәсіп» әлемнің қаржы нарықтарына табысты шықты, бұл компания халықаралық деңгейде танымал екендігін көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық қаржы нарығы компанияның табысты дамуына, корпоративтік ашықтығына жағдай жасайды. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы өткен жылдың қарашасында Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында халықаралық қор нарығына шыққан болатын. IPO басталғаннан бері «Қазатомөнеркәсіп» акция­ларының бағасы айтарлықтай өсіп, компанияның құны қазіргі уақытта 3 млрд доллардан 3,5 млрд долларға жетті. Әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші компания шамамен 21 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. – «Қазатомөнеркәсіп» біздің алғашқы жариялаған компаниямыз. Осы тәжірибені ескере отырып, «Са­мұрық-Қазына» қоры басқа да ком­па­­­нияларды халықаралық қаржы нарық­тарына шығарады. Бұл тек осы ком­паниялардың жағдайына ғана емес, жалпы ел экономикасына оң әсер етеді, – деді «Самұрық-Қазына» басшысы. Мерейтойға арналған салтанатты жиында кәсіпорын өндірісіне елеулі үлес қосқан бір топ қызметкер «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы мен облыс басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1984 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы